
Бактериялы күйік – жеміс дақылдары, сәндік және жабайы өсімдіктердің қауіпті ауруларының бірі.
Таралуы. Дүние жүзінде бактериялы күйікке қарсы қарқынды түрде күрес жүргізіліп жатқанымен, ауру көп мөлшерде өнімнің кемуіне және ағаштардың тіршілігін жоюына әлі де әсер етуде.
Инфекцияның таралу жолдары. Жеміс күйігі көшеттік материалдар және телінуші, шырпу жұмыстарын жүргізетін құрал-жабдықтар арқылы, тозаңдатқыш жәндіктер: ара, сона, шыбын, сорғыш жәндік – бітелер арқылы да таралады. Мұнан басқа жаңбыр, жел, су, құстар арқылы да таралуы мүмкін. Ауру көзі – жеміс те болуы ықтимал.
Аурудың даму циклі. Ауру көзі – ылғалды ауа райында залалданған ұлпадан бөлінетін ақ-сұр түсті тамшы түріндегі экссудат болып табылады. Экссудат жіңішке жіпшеге жеңіл енеді де, жаңбыр, жел, құстар және жәндіктер арқылы жүздеген километрге дейін таралады. Залалдағыш экссудат бөлшектері жеміс ағаштарының гүлдеріне енеді. Бактерия қолайлы жағдайда ( ылғалдылық 70%, ауа температурасы 180 жоғары) гүл ішінде тез көбейеді де, гүл сағағы арқылы жеміс түйініне, бұтаққа өтеді. Ағаш бұтақтары жаңбырлы уақытта немесе бақ жұмысы (шырпу, суару т.б.) кезінде зақымданады. Инфекция жара түрінде бұтақтың сыртқы қаңқасында және ағаш діңгегінде сақталады және зақымдалған орында қыстап шығады. Көктем шыққанда бактериялар белсенді түрге енеді, жарадан экссудат бөлініп шығады және залалдау циклі қайталанады.
Жазда ауа температурасы өте жоғары болғанда аурудың дамуы тоқтайды да, қабық құрғайды, одан кейін сау ұлпадан айырмашылығы білініп тұратын күйіктің орны пайда болады.
Жеміс күйігінің зақымдау белгілері. Ағаштың барлық жер үсті бөлігі: бүршік, гүл, жапырақ, өркен, бұтақ және діңгек зақымданады. Аурумен зақымдалу гүлдеу кезеңінде басталады, содан өркен және бұтақтарға ауысады. Бүршіктер қараяды және құрғап кетеді, бірақ түспейді. Көктемде гүлдер бірден қарайып, ағашта қалып қояды. Жас бұтақшалар және жапырақтар қараяды, инфекция төмен қарай тез тарала бастайды. Жапырақтар да қараяды, бүкіл вегетация бойында ағашта қалады. Ауру көбінесе піспеген жемістерді де зақымдайды, жапырақ секілді қараяды да, ағашта қалып қояды.
Алдын алу және күресу жолы. Бактериялы күйіктің алдын алу, таралуын шектеу әр түрлі әдіс-тәсілдердің жиынтығын құрайды. Аталған аурудан қорғаудың негізгі профилактикасы — баққа зерттеу жүргізу. Дер кезінде анықтау – үлкен шығынға ұшыраудың және аурудың таралуын алдын алады.
Зерттеу жұмыстарын 3 мезгіл: көктемде (гүлдеу кезеңінде), жазда (шілденің бірінші онкүндігі) және қыркүйек айында жүргізген дұрыс. Ауру анықталған жағдайда:
- Өсімдік қатты зақымдалса тамырымен қоса алып тастаған жөн. Аса байқалмайтындай зақымдалса (бұтақ, өркен) зақымдалған орыннан 30-50 см жоғары бөлігінен қырқып алып тастау керек.
- Зақымдалған бөлікті алып тастауға пайдаланылған құралдар және қырқылған орынды 70% спирт немесе 10% формалин ерітіндісімен міндетті түрде дезинфекция жасалады. Шырпу жұмысынан кейінгі орынға бақ нұмы (садовая замазка) немесе 1% мыс купоросы қосылған су эмульсиясы бояуын жағып қою керек.
- Ауру ошағы анықталған жерден бастап 100 метрге дейінгі арақашықтықта раушангүлділер тұқымдасының жабайы өсімдектерін жою қажет.
- Дер кезінде профилактикалық жұмыстарды жүргізу: зақымдалған бұтақтарды, ағаштарды жою, т.б.
- Аналық бақтарды және көшеттіктерді вегетация бойында ауру таратқыш жәндіктерден (біте, бүргешіркей, цикада, т.б. сорғыш жәндіктер) қорғайтын препараттармен өңдеу жүргізу керек.
- Алдын ала тексеруден өтпеген, сараптама жасалмаған көшеттік материалдарды алып келуге рұқсат етілмейді. Сонымен қатар, шығу тегі белгісіз, құжаты жоқ, карантиндік, фитосанитариялық жағдайы анықталмаған көшеттіктерді сатып алуға болмайтынын да есте ұстаған жөн.
Осы мәселеге байланысты өсімдіктер ауруының таралу ошақтарын анықтау, оқшаулау және жою мақсатында жеке тұрғын үй аулаларында, алма бақ, жеміс ағаштарын өсіруші шаруа қожалықтары, өндірістік кооперативтер мен ЖШС-не айтарымыз: жоғарыда аталған «Жеміс ағаштарының бактериялы күйігі» ауруының белгілері байқалған жағдайда Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясына 8 7252 (55-11-74) хабарласуға болады.
ҚР АШМ АӨК МИК Шымкент қаласы бойынша
аумақтық инспекциясының бас маман –
өсімдіктер карантині жөніндегі
мемлекеттік инспекторы
К.Кожымбетова
