Бактериялы күйік – жеміс дақылдары, сәндік және жабайы өсімдіктердің қауіпті ауруларының бірі. Бактериялы күйікке қарсы күрес жүргізіліп жатса да, тіршілік болған соң, ауру жыл сайын тарап, өнімнің азаюына әкелетін жағдайлар аз емес.
Жеміс күйігі көшеттік материалдар және телінуші, шырпу жұмыстарын жүргізетін құрал-жабдықтар арқылы, тозаңдатқыш жәндіктер: ара, сона, шыбын, сорғыш жәндік – бітелер арқылы да таралады. Ауру көзі – ылғалды ауа райында залалданған ұлпадан бөлінетін ақ-сұр түсті тамшы түріндегі экссудат. Экссудат жіңішке жіпшеге жеңіл енеді де, жаңбыр, жел, құстар және жәндіктер арқылы жүздеген километрге дейін таралады. Залалдағыш экссудат бөлшектері жеміс ағаштарының гүлдеріне енеді. Бактерия қолайлы жағдайда ( ылғалдылық 70%, ауа температурасы 180 жоғары) гүл ішінде тез көбейеді де, гүл сағағы арқылы жеміс түйініне, бұтаққа өтеді. Ағаш бұтақтары жаңбырлы уақытта немесе бақ жұмысы (шырпу, суару т.б.) кезінде зақымданады. Инфекция жара түрінде бұтақтың сыртқы қаңқасында және ағаш діңгегінде сақталады және зақымдалған орында қыстап шығады. Көктем шыққанда бактериялар белсенді түрге енеді, жарадан экссудат бөлініп шығады және залалдау циклі қайталанады.
Жазда ауа температурасы өте жоғары болғанда аурудың дамуы тоқтайды да, қабық құрғайды, одан кейін сау ұлпадан айырмашылығы білініп тұратын күйіктің орны пайда болады.
Ағаштың барлық жер үсті бөлігі: бүршік, гүл, жапырақ, өркен, бұтақ және діңгек зақымданады. Аурумен зақымдалу гүлдеу кезеңінде басталады, содан өркен және бұтақтарға ауысады. Бүршіктер қараяды және құрғап кетеді, бірақ түспейді. Көктемде гүлдер бірден қарайып, ағашта қалып қояды. Жас бұтақшалар және жапырақтар қараяды, инфекция төмен қарай тез тарала бастайды. Жапырақтар да қараяды, бүкіл вегетация бойында ағашта қалады. Ауру көбінесе піспеген жемістерді де зақымдайды, жапырақ секілді қараяды да, ағашта қалып қояды.
Бактериялы күйіктің алдын алу, таралуын шектеу әр түрлі әдіс-тәсілдердің жиынтығын құрайды. Аталған аурудан қорғаудың негізгі профилактикасы – баққа зерттеу жүргізу. Дер кезінде анықтау – үлкен шығынға ұшыраудың және аурудың таралуын алдын алады.
Зерттеу жұмыстарын 3 мезгіл: көктемде (гүлдеу кезеңінде), жазда (шілденің бірінші онкүндігі) және қыркүйек айында жүргізген дұрыс.
Өсімдіктер ауруының таралу ошақтарын анықтау, оқшаулау және жою мақсатында жеке тұрғын үй аулаларында, алма бақ, жеміс ағаштарын өсіруші шаруа қожалықтары, өндірістік кооперативтер мен ЖШС-не айтарымыз: жоғарыда аталған «Жеміс ағаштарының бактериялы күйігі» ауруының белгілері байқалған жағдайда Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясына 8 7252 (55-11-74) хабарласуға болады.
М.ӘУЕЗ,
ҚР АШМ АӨК МИК Шымкент қаласы
бойынша аумақтық инспекциясының бас
маман – өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер
карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы