Редакция таңдауы

Жеңісті дәстүр жалғасты

Жеңісті дәстүріміз үзілмек емес. Шымкент халықаралық әуежайынан Универсиада ойындарынан жүлдемен оралған спортшыларды жерлестер зор қошеметпен күтіп алды.

Германияның Рейн-Рур аймағында ХХХІІ Дүниежүзілік жазғы Универсиада ойындары мәресіне жетті.16-27 шілде аралығына жоспарланған бәсекеде ел спортшылары да бақ сынап, жалпы 1 алтын, 10 қола жүлдемен оралды. Жалпыкомандалық есепте отандастарымыз 37 орынға жайғасты. Аталған жауапты сында ел намысын 12 спорт түрінен 76 спортшы қорғады.

Жазғы Универсиада Дуйсбург, Бохум, Эссен, Хаген, Мюльхайм қалалары мен Германия астанасы Берлинде өтті. Бұл – Халықаралық университеттік спорт федерациясының (FISU) бастамасымен ұйымдастырылатын ірі халықаралық жарыс. Студенттер арасындағы ең беделді спорт сайысына 150-ден астам елден 10 000-ға жуық спортшы қатысты. 18 спорт түрінен өтетін жарыстардан бөлек, FISU Дүниежүзілік Универсиада ойындарының бағдарламасында көптеген мәдени және академиялық іс-шаралар да жоспарланған.

Сонымен, кезекті дүниежүзілік жазғы Универсиада ойындары тарих қойнауына кетті. Ел спортшылары садақ ату, спорттық гимнастика, жеңіл атлетика, бадминтон, семсерлесу, дзюдо, таэквондо, көркем гимнастика, жүзу, теннис, үстел теннисінен бақ сынады. Оның ішінде, таеквондо, дзюдо, көркем гимнастикадан жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Көркем гимнастикадан Айбота Ертайқызы ел қоржынына алғашқы жүлдені салды. Көркем гимнасшы таспа жаттығуында үздік үштіктің қатарына енді. Дзюдодан Нұрқанат Серікбаев (66 келі) пен Аман Бақытжан (60 келі) қола жүлде иегері атанды.

Кезекті ірі спорттық жарыста еліміздің таеквондошылары 8 жүлде жеңіп алды. Атап айтқанда, аралас командалық сында (Самирхон Абабакиров, Бейбарыс Қаблан, Назым Махмұтова, Айдана Сүндетбай) және Қазақстан әйелдер құрамасы (Мария Севостьянова, Айша Әділбекқызы, Нұрай Хусвинова) қола жүлдені еншіледі. Жекелей сындарда Темірлан Тілеулес (58 келі), Дамир Шүленов (63 келі), Батырхан Төлеуғали (80 келі), Бейбарыс Қаблан (+87 келі), Нодира Ахмедова (49 келі) қола жүлдегер атанды. Ал 63 келіде Самирхон Абабакиров жалғыз алтын жүлдемен қуантты. Самирхон шешуші сәтте Түркия елінің өкілі Омер Фарук Дайоглуды 2:0 есебімен жеңді.

Жеңімпаз спортшы іріктеу кезеңдерінде Израиль өкілі Ори Торгеманды, Сауд Арабиясы өкілі Абдулла Алькумизиді, Канада өкілі Йохан Чангты, жартылай финалда Тунис өкілі Мохамед Халил Джендубиден басым түсті. Осылайша таеквондошылар жазғы Универсиаданы 1 алтын және 7 қола медальмен аяқтады.

Айта кетсек, кезекті Универсиада ойындарында жалпыкомандалық есепте Жапония құрамасы (34 алтын, 21 күміс, 24 қола жүлде) топ жарды. Қытай командасы (30 алтын, 27 күміс, 17 қола жүлде) екінші, АҚШ спортшылары (28 алтын, 27 күміс, 29 қола жүлде) үшінші орынды қорытындылады.

Осы орайда тарихқа көз жүгірткенді жөн көріп отырмыз. 2015 жылғы Кореяның Кванджу қаласында өткен дүниежүзілік Универсиадада жерлесіміз Нұрсұлтан Мамаев чемпион атанған болатын. 58 келіде. Жасөспірімдер Олимпиадасының жүлдегері, Лондон Олимпиадасына қатысушы Н.Мамаевтың жұлдызы жанып, елге алтын жүлдемен оралды. Ол финалда Бакуде өткен І Еуропа ойындарының жеңімпазы, португалиялық  Ребело Браганканы 2:0 есебімен қапы қалдырған еді. Бәрі де жанкүйерлер есінде.

2023 жылы Нұрсұлтан Мамаев таеквондодан ҚР ұлттық құрамасының аға бапкері болып тағайындалды. Жас маманға еліміздің таеквондошыларын Азия ойындарына дайындау міндеті жүктелді. Өзі Жазғы Азия ойындарында (Инчхон, 2014) күміс жүлдеге қол жеткізген дарынды спортшылардың бірі. Көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы.

2019 жылы спорттық мансабын аяқтағаннан кейін шәкірт тәрбиелеуге ойысты. Уақыт сәтімен сатылап өсіп келеді. Алдымен бапкерлік жұмысын Шымкент қаласының жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттықтырушылық қызметтен бастады. Шымкент қаласы жастар құрамасының аға бапкері қызметін атқарды. Ересектер құрамасына көмекші болды. 2020 жылы Қазақстан жастар құрамасына аға бапкерлік қызметке шақырылды. 2023 жылы ересектер құрамасында аға бапкер тізгінін ұстады. Осылайша жас болса да талапшылдығы, біліктілігімен көзге түскен маманға сенім артылды. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деп білекті түре іске кіріскен бауырымыз бапкерлік мансапта да біліктілігімен көзге түсіп үлгерді. Рейн-Рур жазғы Универсиадасының чемпионы Самирхон Абабакировтың жеке бапкері Мамаев екенін айта кетейік.

Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек. Кезінде талай дүбірлі додаларда көк Туды желбіреткен дарынды спортшының жеке шәкірті де өзінің жеңісін қайталады. Иә, арада 10 жыл өткенде жеңісті дәстүр жалғасып отыр.

Жеңісті дәстүріміз үзілмек емес. Шымкент халықаралық әуежайынан Универсиада ойындарынан жүлдемен оралған спортшыларды жерлестері зор қошеметпен күтіп алды. Іс-шараға Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Бауыржан Алдабергенов, академик Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университетінің проректоры Берік Садықов арнайы қатысып, жүлдегерлерді құттықтады.

Самирхон Абабакиров пен Нодира Ахмедова Дүниежүзілік жазғы Универсиадада ел қоржынын медальмен толықтырды. 63 келі салмақта өнер көрсеткен Самирхон алтын жүлде, 49 келі салмақта бақ сынаған Нодира қола медаль еншіледі.

Әуежайдан шыққан сәтте спортшыларды ата-анасы, бауырлары, жаттықтырушылары, спорт саласының өкілдері мен БАҚ қызметкерлері зор қошеметпен қарсы алды. Чемпиондар жарыстан алған әсерлерімен бөлісіп, болашақтағы жоспарларын айтты.

– Бұл жарыс мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Жеңіс – тынымсыз еңбектің, маңдай тердің жемісі. Енді ересектер арасында әлем чемпионаттары мен Олимпиада шыңын бағындыру үшін бар күшімді саламын. Табандылық пен тұрақты дайындық арқылы мақсатыма жетуге әрекет етемін, – деді С.Абабакиров.

Самирхон Абабакиров 2024 жылы Париж қаласында өткен Жазғы Олимпиада ойындарының қатысушысы. Енді дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы атанып қайтты. Алда жауапты бәсекелер тұр.

Соңғы жаңалықтар