Редакция таңдауы

Жерлестер жеткен жетістік көп

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар орталығында Дене шынықтыру және спорт басқармасының былтырғы есебі мен алдағы жұмыс жоспары тыңдалды. Басқарма басшысы Маратбек Мықтыбековтың айтуынша, шаһар тұрғындарының салауатты өмір салтына көшіп, балалар мен жастарды спортқа баулу үшін атқарылған іс көп.

Қазір қалада 35 спорттық ұйым жұмыс істесе, осы мекемелерде спорттың 73 түрі дамытылады. Сондай-ақ, мұнда 19 176 спортшымен штаттағы 1130 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізеді. Бұл үшін қалада дене шынықтыру және спортпен айналысуға арналған 855 спорттық құрылым бар. Соның ішінде дене шынықтыру спорттық мәндегі нысан саны – 568, спорт мектеп – 34. Ал шаһардағы спорттық нысандардың жалпы саны 855 спорт инфрақұрылымды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 83 кешенге дейін артқан. Спорттық залдарға тапшылықты жою жұмысы әлі де жүзеге асса, биыл да спорттық инфрақұрылымды дамытудың жаңа жоспары әзірленіпті.

Маратбек Сәменбекұлының айтуынша, былтыр қолданысқа берілген нысандардың ішінде жеке кәсіпкер тарапынан Еңбекші ауданы Еламан тұрғын алабында «ЕЛАМАН» спорт кешені ашылды. Сондай-ақ SPORT LIFE кіші футбол орталығының құрылысы аяқталып, «Орталық» саябақта орналасқан «Шахматшылар үйі» пайдалануға берілген. Бюджет есебінен қалалық №12 спорт мектебі мен №15 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спорт нысаны құрылысы толығымен аяқталып, жұмыс істеп тұр. Ал, «Орталық су-спорт кешені» МКҚК мүліктік кешені мемлекет меншігіне қайтарылып, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының қарамағына өткен. Сонымен бірге былтыр Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттының шешіміне сәйкес «Спорт Сарайы» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы үлесінің 67,09%-ы мемлекет меншігіне берілген.

Сонымен қатар, басқарма өкілі шаһардың спорттағы жетістіктерін де жария етті. Оның айтуынша, қазір қала спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарға тұрақты қатысып, жүлделі орындардан көрінген. Мәселен, ел чемпионаттарында шымкенттік спортшылар 754 алтын, 633 күміс, 746 қола иеленген. Азия чемпионаттарында 69 алтын, 62 күміс, 47 қола, әлем чемпионаттарында 68 алтын, 41 күміс, 38 қола медалға иелік етіпті. Яғни, бұл нәтижелер арғы жылмен салыстырғанда медаль саны 9,6 пайызға артқанын көрсетіп береді. Былтыр шілде–тамыз айларында Париж қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарына Шымкент қаласынан 7 спорт түрінен 12 спортшы қатысқан. Қыркүйекте Астана қаласында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Шымкент қаласынан 10 спорт түрінен 18 спортшы қатысып, 16 жүлделі орындарды жеңіп алды. Соның ішінде 7 алтын, 5 күміс, 4 қола медаль жерлестердің қанжығасына байланды. Сондай-ақ, былтыр бірнеше спортшы Әлем чемпионатына қатысып жүлделі орындардан көрінген. Тұңғыш рет қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде Ерсұлтан Мұзаппаров күміс жүлдеге ие болды.

Басқарма басшысының айтуынша, былтыр қала тұрғындары арасында да салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтырумен шұғылдануға тарту мақсатында қала аумағында 371 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 54 721 жуық адам қатысқан. Басқарма басшысы биыл да бірнеше спорт нысанның құрылысын жүргізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Мысалы, FIFA талаптарына сәйкес келетін сыйымдылығы 35 мың адамды құрайтын жаңа футбол стадионының құрылысы қолдау тапқан. «Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт кешені» құрылысы алдағы екі жылда бітуге тиіс. Сондай-ақ, Еңбекші ауданы, Қарабастау, Бадам елдімекеніндегі 2 жеңіл құрастырмалы модульді спорттық нысанның құрылысы биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Тұран шағын ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бой көтерсе, Орталық су спорт кешені, Мұз сарайы, Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің спорттық ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұған қосымша Қажымұқан атындағы орталық стадионның футбол алаңы мен жеңіл атлетикалық жолағына да жөндеу жұмыстары жасалатын болады. Қазір қала орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерді спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жер телімдерін қарастырып, заңдастыру жұмыстары да жүргізілген. «Биылдың өзінде аймақ спортшыларының жеткен жетістігі көңіл қуантады» дейді Маратбек Мықтыбеков.

Биыл алғашқы екі айдың өзінде қала спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып 206 жүлделі орындардан көрінген. Соның ішінде ел чемпионаттарында 52 алтын, 60 күміс, 88 қола алса, Азия чемпионаттарында 1 күміс, 1 қолаға иелік етіпті. Ал, әлем чемпионаттарында жерлестер 4 алтын медаль тағынған. Жыл басында Алматы қаласында Шымбұлақ тау-шаңғы курортында өткен фристайл акробатикадан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Дінмұхаммед Райымқұл тұңғыш рет Әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ, Италияның Турин қаласында XXXII қысқы Универсиадада Айбек Темірхан шорт-тректен ерлер құрамасында 5000 метрлік эстафетаға қатысып, қола жүлдеге ие болды. Қытайдың Харбин қаласында IХ-қысқы Азия ойындарында фристайл акрабатикадан Шымкент қаласынан 6 спортшы қатысып, 1 алтын, үш күміс және үш қола жеңіп алды. Биыл ақпанда Үндістанның Нью-Дели қаласында қазақ күресінен әлем чемпионаты өтті. Қазақстан Ұлттық құрама сапында өңірдің 3 спортшысы өнер көрсетіп, 3 спортшы да Әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.

Басқарма өкілінің айтуынша, биыл VI жастар спорт ойындары спорттың 30 түрінен өтпек. Осы жарыстың шымылдығы 26 ақпан мен 2 наурыз аралығында Шымкент қаласында өтті. «Бұл ойындардың ең басты мақсаты – Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасын жинақтап, халықаралық жарыстарға, соның ішінде 2025 жылы Манама қаласында жастар арасындағы Азия ойындарына қатысуға дайындау үшін жазғы спорт түрлерінен үздік спортшыларды анықтау», дейді Маратбек Мықтыбеков.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар