Ардагерлер көшбасшыларының бірі, ұлағатты ұстаз Аманбек Ахметбаев туралы бірер сөз
«Адам бұл өмірге – қонақ!» деп отырушы еді бұрынғылар. Не деген данышпандық десеңізші! Жас кезімізде бұл сөздің мәніне терең бойлай бермейміз. Ата-бабамыз бір ауыз сөзімен-ақ уақыттың бір орында тұрмайтынын, желдей жүйткіп бара жатқанын, сол қонақта жүргендей қысқа мерзімде адамның сынға түсетінін аңғартқан екен. Ойланған жанға бұл сынның жүгі жеңіл емес. Мына кең дүниедегі орның қандай, салмағың бар ма, не тындырдың, не ұқтың, ойға алған арман-мақсатыңа қол жеткіздің бе, адам деген ардақты атыңды жоғары ұстап жүре алдың ба? Айта берсең, көңілді мазалаған сауалдар таусылмайды. Дәл бір Жаратқан иеміздің көкірегінде саңылауы бар жандарға «сұрақ-жауапты» ана дүниеге қалдырмай-ақ, осы дүниеде қоятындай.

Жетпіс жастың желкенін керуге бір-ақ қадам қалған Әбекеңді де кейде осындай ойлар мазалайды. Бұл – кім-кімге де Ар алдындағы тазару іспетті. Ол елмен бірге қиындықты да көрді, жоқшылықты да, таршылықты да бастан өткерді, байлық пен биліктің де дәмін татты. Бірақ ешқашан барға тасып, жоққа сасқан емес. Бірқалыпты имани болмысынан, кішіпейіл де ақжарқын, адал мінезінен жаңылған жоқ. Соның нәтижесінде қайда жүрсе де құрметке бөленіп, өзіне тілектес талай дос жинады.
Құдайға шүкір, Аманбектің бірге туған бауырлардан да кемдігі болған жоқ. Қан майданның бел ортасынан аман-есен оралып, «Ворошилов атқышы» атанған соғыс ардагері Молдабек ата мен Тұйғын ананың отбасында дүниеге келген он үш перзенттің бірі. Оқыды, тоқыды. Бала күнінен сурет салуға құмар еді. Сол құмарлық оны орта мектепті бітіре сала Шымкент педагогикалық институтының көркемсурет және графика факультетіне жетелеп әкелді.
Аманбектің жастайынан бойына біткен тағы бір қасиеті – еңбекқорлық. Институтта оқып жүрген кезінде отбасына салмақ салмау үшін қосымша жұмыс істеп, табыс тапты. Қаладағы Қарсыбай Сыпатаев атындағы мектеп-лицейінде, №42 Хамза жалпы орта мектебінде және музыкалық училищеде көркемдеу жұмыстарымен айналысты. 1979 жылы институтты тәмамдаған соң №58 мектепте мұғалімдік қызметпен қатар клуб меңгерушісі, зообақта суретші болып та еңбек етті.
Қай кезде де, қайда жүрсе де Аманбектің ойынан ұлы Абайдың өсиеті шыққан емес:
«Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой – бес асыл іс, көнсеңіз».
Бұл – Әбекеңнің өмірлік ұстанымына айналған қағида. Соның арқасында №58 мектептегі алғашқы еңбек жолы абыроймен өрбіді. 1989 жылы Крупская атындағы Шымкент педагогика институтына шақырылып, көркемсурет және графика факультетіне оқытушы болып қабылданды.
Осы жылдары қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, 1990–1992 жылдары Шымкент қаласындағы Қатынкөпір селолық кеңесінің депутаты болып, жұртшылықтың талап-тілегінің орындалуына атсалысты. Бұдан соң екі жыл бойы институт ректорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Кейін әкімшілік қызметке шақырылып, 1994–2004 жылдары Бозарық ауыл округі әкімінің орынбасары, одан соң Бозарық ауылының әкімі, 2005–2007 жылдары Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары болды. Осы кезеңде Алматы экономикалық университетінде сырттай оқып, «Қаржы және несие» мамандығын меңгерді. Жергілікті биліктің халықтан биік тұрмай, қайта оған қызмет етуі тиіс екенін ісімен дәлелдеді.
ҚР Білім беру ісінің үздігі, жазушы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бегәлі Әбдуәліұлы былай дейді:
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елде жекешелендіру үдерісі қызу жүріп, мемлекеттік нысандар жаппай сатылып, ауылдың сәні кете бастаған шақ еді. Барлық аймақта жұмыссыздық белең алып, жұрт қалаға ағылды. Осындай алмағайып кезеңде біздің де көшуімізе тура келді. Қаладан жайлы қоныс іздеп жүріп, Бозарық ауыл округінің кеңсесіне бас сұқтым. Мені әкімнің орынбасары Ахметбаев Аманбек деген жас жігіт қабылдады. Шынымды айтсам, әкімнің өзі жоқта орынбасары мәселемді шешіп береді деп ойламап едім. Қателесіппін. Жылы қарсы алып, көп әурелемей-ақ «Қайтпас-1» шағын ауданынан жер телімін алып берді. Жігерлі жастың қайырымды ісі ұмытылмайды ғой. Содан бері аға-іні болып араласып кеттік.
Аманбектің көпшілікпен жұмыс жүргізудегі іскерлік қабілеті жылдан-жылға арта түсті. Істің көзін тауып, орайын келтіре қоятын көшбасшылық қасиеті, бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын табандылығы педагогика саласындағы қызметінен де айқын байқалды. Ол ұлағатты ұстаз ғана емес, нағыз «ұстаздардың ұстазы» бола білді.
2007–2013 жылдары Төлеби ауданы Ленгір қаласындағы құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатқа директор болып тағайындалды. Өз міндетіне әрдайым жауапкершілікпен қарайтын Әбекең бұл саладағы білімін тереңдету үшін ОҚМУ-дің «Дефектология» факультетінде үш жыл сырттай оқып, арнайы мамандық алды.
Жаңа басшы ең алдымен мектеп-интернат ғимаратын күрделі жөндеуден өткізді. Қосымша үш сынып бөлмесі салынды. Сыныптарға жаңа жиһаздар алынып, мектептің іші-сырты заман талабына сай безендірілді. Аула қоршалып, сәндік ағаштар отырғызылды. Аллея бойына қоқыс жәшіктері қойылып, тазалыққа ерекше мән берілді. Бұрын қараусыз қалған бассейн орнына киіз үйлер тігіліп, ата-аналардың балаларымен еркін кездесуіне жағдай жасалды. Балалардың ескі көрпе-жастықтары мен сүлгі-жаймалары түгел жаңартылды.
Осындай қамқорлықтың нәтижесінде оқушылардың білім сапасы да, спорттық жетістіктері де артты. Интернаттағы 125 оқушының 72-сінің үлгерімі «жақсы» деңгейге көтерілді. Еркін күрестен ҚР чемпионатына қатысып, жүлде алған шәкірттер шықты. Облыстық интеллектуалдық сайыстар мен өнер байқауларында топ жарғандар аз болған жоқ.
Осы еңбегі үшін Әбекең 2008 жылы «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», 2009 жылы «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталды.
Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеудің өз ерекшелігі бар. Осы бағытта бірін-бірі үнсіз ұғатын, тілеулес ұжым қалыптастырды. Мектеп бітірушілердің кейін күнкөрісіне жарар мамандық алып шығуына жағдай жасалды. Бұл – сол кезең үшін аса құптарлық бастама еді. Осы тәжірибені насихаттау мақсатында «Алтын сақа» республикалық балалар газеті 2011 жылы мектеп-интернатқа тұтас бір нөмір арнады.
«Осы тұста маған жол көрсеткен жан – ОҚО білім басқармасының аппарат басшысы Әбибулла Қалымбет болды. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім», – дейді Әбекең.
2013–2018 жылдары Шымкент қаласындағы №1 кешкі жалпы орта мектепті басқарды. Бұл кезеңде Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаттары, «Еңбек ардагері» медалі, «ҚР тәуелсіздігіне 20 және 25 жыл» мерекелік медальдерімен марапатталды. Сондай-ақ Д.Қонаев ордені мен облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері атанды.
2018–2020 жылдары №72 жалпы орта білім беретін мектепке директор болды. Ұжымға білікті мамандарды жинақтап, мұғалімдердің кәсіби дамуына жағдай жасады. Эстетикалық бағыттағы үйірмелер ашылып, оқушылар халықаралық байқауларда жеңіске жетті. «Арнау» би тобы «ҮРКЕР» халықаралық байқауында жеңімпаз атанса, «MUSIC FESTIVAL»-де І дәрежелі лауреат болды.
Сол жылы ҰБТ орташа көрсеткіші 95 пайызға жетіп, 86 түлек мемлекеттік грант иегері атанды – бұл бұрын-соңды болмаған нәтиже.
2020 жылдың 1 ақпанында 63 жасқа толып, зейнетке шықты. Дегенмен қоғамдық жұмысты жалғастырып, кәсіподақта, Қаратау аудандық ардагерлер кеңесінде белсенді қызмет атқарды.
Өмір айна секілді. Әбекеңнің жайдары мінезі көпке үлгі. Танымал тұлғалар оның адамгершілігін, елге сіңірген еңбегін жоғары бағалайды.
Бүгінде Аманбек Молдабекұлы жұбайы Анар екеуі ұрпақ өсіріп, немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
«Әп-бәрекелді!» дейміз Әбекеңе. Өмірдегі жетістік деген – осы. Ал оған жетер жол адамның өз бойындағы қазақы тектілікті сақтай білуінде.
Суханберді ОРАЗАЛЫҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
