Елімізде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдай жасалмақ. Жасанды интеллект – ғылыми-технологиялық прогресстің жаңа дәуірі. Бұрын фантастика болған дүние, қазір ғылыми ақиқатқа айналды. Оны елемегендер көштен қалып кетуі мүмкін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа технологияның, соның ішінде жасанды интеллекті дамытудың қажеттілігін тілге тиек етті. «Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары. Қазақстан осы үрдістен тыс қалмауы керек. Бұл – заман талабы. Сондықтан біз қазір озық технологияны дамытуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазіргі міндет – еліміздегі ІТ-мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олардың күш-жігерін тиімді пайдалану»,- деді Президент.
Міне, осы заман талабын негізге ала отырып, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Ақпараттық технологиялар және энергетика» жоғары мектебінің «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Ақпараттық жүйелер және модельдеу» кафедралары базасында 2025 жылдың 20-31 қаңтар аралығында халықаралық қысқы мектеп ұйымдастырылды. Қысқы мектеп «Жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялардың инновациялық келешегі» тақырыбы аясында ұйымдастырылып, онда қатысушылар жасанды интеллект, энергетикалық технологиялар, математикалық модельдеу әдістері бойынша теория мен тәжірибені ұштастыруды мақсат тұтты. Қысқы мектеп спикерлері қатысушыларға жасанды интеллектті дамытудың заманауи тенденцияларымен, интеллектуалды және цифрлық энергетикалық технологиялар саласындағы жаңа ғылыми әзірлемелермен таныстыруды көздеді.
Халықаралық қысқы мектеп:
– Өнеркәсіпте, энергетикада және білім беруде жасанды интеллектіні қолдану бойынша ең озық ғылыми әзірлемелер мен жағдайларды енгізу;
-Математикалық модельдеу, имитациялық және ақпараттық технологиялардың энергетикалық жүйелер мен оқу процесін жетілдірудегі рөлін көрсету;
– Қазақстандық және шетелдік мамандар арасында пікір алмасу және тәжірибе алмасу алаңын ұйымдастыру, іскерлік және ғылыми байланыстар желісін кеңейту.
– Магистранттар мен бакалавриат студенттерін жасанды интеллект және цифрлық трансформацияға қатысты нақты өмірлік жобаларға қатысуға ынталандыру бағыттары бойынша ұйымдастырылды.
Қысқы мектепке студенттер, магистранттар, докторанттар, жас ғалымдар, Қазақстанның, жақын және алыс шетелдердің ЖОО оқытушылары 230-дан астам тыңдаушы тіркелді. Ал, оларға 5 елден 60 спикер, құрамында әртүрлі елдердің жетекші ғылыми орталықтары мен оқу орындарының ақпараттық технологиялар саласындағы үздік профессорлары мен мамандары, Қазақстан, Өзбекстан, Малайзия, Иран, Ресей және т.б университеттер мен ұйымдардан қатысып, өз зерттеулері, жүргізген ғылыми еңбектері мен көзқарастарын ортаға салды.
Қысқы мектептің ашылу салтанатында М.Әуезов атындағы ОҚЗУ ректор міндетін уақытша атқарушы ф.м.ғ.к., қауым.профессор Г.Бесбаев, «Ақпараттық технологиялар және энергетика» жоғары мектебінің деканы К.Ажибеков, кафедра меңгерушісі Ж.Изтаев, «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» кафедрасының меңгерушісі С.Ахметова, кафедра профессоры, т.ғ.д. Б.Исмаилов халықаралық деңгейдегі жиынның табысты өтуіне сәттілік тіледі.
«Жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялардың инновациялық келешегі» тақырыбындағы халықаралық қысқы мектеп өзекті мәселелерді талқылау және жасанды интеллекттің білім беру жүйесіндегі рөлін терең талдау алаңына айналды. Іс-шараға қатысушылар білім беру ортасында жасанды интеллекті қолдану саласындағы жетекші сарапшылар көрсеткен соңғы әзірлемелермен және практикалық жағдайлармен танысты.
Қысқы мектеп – мамандар мен студенттерге білімін жетілдіріп, заманауи курстарды аяқтауға және жасанды интеллект бойынша жаңалықтармен танысуға мол мүмкіндік берді. Қысқы мектеп қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ZOOM платформасында екі апта бойы онлайн режимде өткізілді. Қысқы мектепті бітіргеннен кейін спикерлер мен тыңдаушыларға арнайы сертификат табысталды.
С.АХМЕТОВА,
М. Әуезов атындағы ОҚУ
«Есептеу техникасы және
бағдарламалық қамтамасыз ету»
кафедрасының меңгерушісі
А.ҚЫДЫРБЕКОВА, аға оқытушы