Шымкент қаласы бүгінде Қазақстандағы ең ірі әрі серпінді дамып келе жатқан мегаполистердің бірі ретінде инфрақұрылымдық жаңғырудың жаңа кезеңін бастан өткеріп отыр.

Халық санының тұрақты өсуі, экономикалық белсенділіктің артуы және урбанизация үдерісінің жеделдеуі қала кеңістігін тиімді жоспарлауды, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытуды талап етеді. Осы тұрғыда Шымкентте инфрақұрылым жүйесін, оның ішінде жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру басым бағыттардың біріне айналды. Қаланың тұрақты дамуы, тұрғындардың күнделікті өмір сапасы мен қауіпсіздігі тікелей осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігіне байланысты.
Соңғы жылдары қала көшелеріндегі көлік қозғалысының қарқындылығы айтарлықтай артты. Жеке автокөліктер санының көбеюі, қоғамдық көлік бағыттарының ұлғаюы және жүк тасымалы көлемінің өсуі жол желісіне түсетін жүктемені күшейтті. Мұндай жағдайда кептелістердің алдын алу, көлік қозғалысын оңтайландыру және жол-көлік оқиғаларының санын азайту өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты Шымкент қаласында көлік инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспары жүзеге асырылып, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді мақсаттар айқындалды. Бұл жоспарлар тек жаңа жолдар салумен шектелмей, қолданыстағы көшелерді қайта жаңғырту, жол айрықтары мен көпірлер салу, қозғалысты басқарудың заманауи жүйелерін енгізу сияқты бірқатар маңызды шараларды қамтиды.
Қала әкімдігі мен тиісті сала мамандары көлік жүйесін жетілдіру барысында халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, ғылыми негізделген шешімдерге басымдық беруде. Интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу, бағдаршамдардың жұмысын оңтайландыру, жол белгілері мен жолақтарын жаңарту арқылы көлік ағынын реттеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұның барлығы автокөлік жүргізушілері үшін қозғалысты ыңғайлы етіп қана қоймай, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Қаланың басты көшелері мен магистральдарында жаяу жүргіншілер өткелдері жаңартылып, жарықтандыру жүйелері күшейтіліп, қоғамдық көлік аялдамалары заман талабына сай қайта жабдықталуда.
Осы орайда, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес, мегаполисте магистральды жолдардың өткізу мүмкіндігін арттыруға, көлік кептелісін азайтуға және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Қазіргі таңдағы және болашақтағы көлік ағымы ескеріле отырып, көлік өткелдері мен жолайырықтарын салу және жаңарту бойынша кешенді жобалар жүзеге асырылуда.
Осы жобалардың аясында Н.Назарбаев даңғылынан Бәйдібек би даңғылына оң жақ өткел ашылды. Бұл көлік ағымының бағытын өзгертумен қатар жол жүйесіне түсетін жүктемені азайтып, жүргізушілердің жолдағы уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұл жобаны жүзеге асыру, сонымен қатар, қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстың бір бөлігі саналады және осы учаскедегі жол қозғалысын оңтайландыруға бағытталған.
Шымкентте қоғамдық көлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қоғамдық көлік желісін кеңейту, жаңа автобустарды кезең-кезеңімен енгізу және маршруттарды оңтайландыру арқылы жеке автокөлікке тәуелділікті азайту көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде кептелістердің қысқаруына, экологиялық жағдайдың жақсаруына және қала тұрғындарының уақытын үнемдеуге ықпал етеді. Қоғамдық көліктің қолжетімділігі мен қауіпсіздігі артқан сайын, тұрғындардың күнделікті қозғалысы да әлдеқайда тиімді әрі жайлы бола түседі.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру, жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын аумақтарды қайта жоспарлау және қауіпсіздік талаптарына сай инженерлік шешімдер енгізу қолға алынған. Балалар мен қарт адамдар көп жүретін аймақтарда арнайы белгілер орнатылып, мектептер мен балабақшалар маңында қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Мұндай кешенді жұмыстар қаладағы жол-көлік жүйесін тек функционалды ғана емес, сонымен қатар адамға бағытталған, қауіпсіз ортаға айналдыруды көздейді.
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ
