Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов биыл саладағы жұмыс қорытындыларын жариялап, соңғы екі жылда жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Бүгінде мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы жол және көлік жүйесінің сапасына тікелей байланысты екені белгілі. Осы орайда шаһарда жүзеге асқан жобалар қаланың көлік қаңқасын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған.
Ең алдымен, жол инфрақұрылымын басқаруда жүйелілік пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында цифрлық паспортизациялау және диагностикалау жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде қаладағы көшелер саны 6 882-ге жетіп, жалпы ұзындығы 3 846 шақырымнан асты. Бұл көрсеткіш 4 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда көше санының 64 пайызға, ал жолдардың жалпы ұзындығының 18 пайыздан астамға артқанын айғақтайды. Мұндай нақты деректер алдағы жоспарларды тиімді құруға және қаржыландыруды оңтайлы бөлуге мүмкіндік беріп отыр.
Соңғы екі жылда шаһарда жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында бұрын-соңды болмаған құрылыс жұмыстары атқарылды. Осы кезеңде қалада жалпы ұзындығы
1 328 шақырымнан астам жол салынып, пайдалануға берілді. Соның ішінде былтыр 269 шақырымға жуық жол іске қосылса, биыл 1 000 шақырымнан астам жол пайдалануға тапсырылды. Бұл көрсеткіштер мегаполистегі жол құрылысының қарқыны жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді.
Былтыр көлік инфрақұрылымын дамыту аясында жалпы ұзындығы 20 шақырымнан асатын 4 көше пайдалануға берілді. Бұлардың қатарында А-2 айналма жолын қайта құрудың 4-кезеңі, Өтегенов көшесі жалғасының 1 және 2-кезеңдері, сондай-ақ, Оңтүстік айналма жолы бар. Аталған жобалар қаланың транзиттік әлеуетін арттырып, көлік ағынын оңтайлы бөлуге ықпал етті.
Бұл жұмыстар биыл да жүйелі түрде жалғасын тапқан. Ұзындығы 21 шақырымнан асатын 6 ірі жоба іске асырылыпты. Мемлекет басшысының өңірге жасаған жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес, А-2 айналма жолының негізгі бөліктері қайта құрудан өтіп, 6 және 8-кезеңдері пайдалануға берілген. Нәтижесінде нысанның орындалу деңгейі 90 пайызға жетті. Сонымен қатар, қаланың орталығын Ташкент-Алматы тас жолымен байланыстыратын Қонаев даңғылының жалғасы бойынша құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталып, биыл 2-кезеңі пайдалануға тапсырылған. Жобаны толық аяқтау келер жылға жоспарланған.
Қаланың шығыс бөлігі мен орталығын байланыстыратын Момынов және Тіленшин көшелеріндегі 2 ірі теміржол өткелінің құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы нысандарды келесі жылы пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Бәйдібек би мен Төлеметов көшелерінің қиылысында жаңа жолайырықтың құрылысы басталып, жобалар көлік кептелістерін азайтып, қаланың көлік логистикасын жақсартуға бағытталмақ.
Жол қозғалысының тығыздығын төмендету және балама бағыттар қалыптастыру мақсатында бірқатар көшені өзара байланыстыру, сондай-ақ жаңа теміржол өткелдерін салу жұмыстары іске асырылып жатыр екен. Сонымен бірге, Жандосов көшесінің жалғасы, Асар мен Шымсити шағын аудандарын байланыстыратын жол, Қызылсай шағын ауданына кіреберіс жолдар асфальтталып, пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, ұзындығы 17 шақырымнан асатын бірнеше көшеде және 1 көпірде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Жол сапасын арттыру бағытында орташа жөндеу жұмыстары да кең көлемде атқарылды. Былтыр 247 көше қамтылып, 167 шақырымнан астам жол пайдалануға беріліпті. Ал, биыл 300-ден астам көшеде 200 шақырымнан аса жол жөнделген. Сонымен қатар, шалғай және ішкі орам көшелерінде 800 шақырымнан астам жолға асфальт жабындысы төселіпті.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда тұрғанын айтқан басқарма басшысы «Соңғы екі жылда қала көшелерінің басым бөлігі жарықтандырылып, нәтижесінде Шымкент қаласында жарықтандыру деңгейі жүз пайызға жетті. Бұған қоса, жүздеген жаяу жүргіншілер өткелі жарықтандырылып, мың шақырымға жуық жолға таңбалар сызылды. Қозғалысты тиімді басқару үшін интеллектуалды көлік жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп, бағдаршамдардың басым бөлігі осы жүйеге қосылды. Жалпы алғанда, соңғы екі жылда Шымкент қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мегаполистің заманауи талаптарға сай дамып келе жатқанын айқын көрсетеді»,-деді. Спикердің сөзіне сүйенсек, қабылданған шешімдер қаланың көлік жүйесін ұзақ мерзімге бейімдеп, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Қаланың көлік жүйесіндегі тағы бір маңызды бағыт қоғамдық көлік саласына тиесілі. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 83 тұрақты маршрут жұмыс істейді. Күн сайын осы бағыттарда 988 автобус жолаушыларды тасымалдап отыр. Соның 79 маршруты әлеуметтік маңызы бар бағыттар ретінде белгіленген. Қалалық қоғамдық көлік паркінде жалпы саны 1 150 автобус бар. Бұларға 12 тасымалдаушы компания шарттық негізде қызмет көрсетіп келеді екен.
Ролан Бекмағамбетұлының айтуынша, жолаушылар ағыны жылдан жылға артып келеді. Былтыр қалада 79 миллионнан астам жолаушы тасымалданса, биыл он бір айдағы бұл көрсеткіш 86 миллион адамға жеткен. Яғни, өсім шамамен 7 пайыздан асқан.
Автобус паркінің жаңару мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Қазір 132 автобус 3 жылға дейінгі, 973 автобус 7 жылға дейінгі көліктер санатына жатады. Ал, 7 жылдан асқан автобустар саны 45-ті құрайды. Спикердің айтуынша, шарт талаптарына сәйкес, тасымалдаушылар қоғамдық көліктерді жаңартуды жалғастырып келеді. Мәселен, былтыр 19 жаңа автобус, ал биыл 88 жаңа автобус сатып алынған.
Сонымен қатар, экологиялық талаптарды сақтау және автобустарды үздіксіз газ-метан отынымен қамтамасыз ету мақсатында «Shymkent Bus» серіктестігінің аумағында 3-ші газ құю стансасы іске қосылған. Бұл қадам қоғамдық көліктің тұрақты жұмыс істеуіне және жанармай тапшылығының алдын алуға бағытталып отыр.
Қаланың көлік әлеуетін арттыруда әуе қатынасының орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлік әуежайларды заманауи мультимодальды хабтарға айналдыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Шымкент халықаралық әуежайын дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Спикердің сөзіне сүйенсек, бұл жобалар қаланың транзиттік және логистикалық мүмкіндігін едәуір күшейтетін көрінеді.
Жеке инвестор «SCAT» әуе компаниясының қаражаты есебінен салынған жаңа жолаушылар терминалы екі мың жиырма төрт жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. Бұрынғы терминал сағатына екі жүз жолаушыны ғана қабылдай алса, жаңа ғимараттың өткізу қабілеті сағатына екі мың жолаушыға дейін жетіп отыр. Жылдық әлеуеті он миллионнан астам жолаушыны қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл әуежайдың халықаралық деңгейдегі мүмкіндігін айқын көрсетеді.
Жолаушылар ағынының өсуі де назар аудартып отыр. Былтыр он бір айда әуежай арқылы бір миллионнан астам адам қатынаса, биыл осы кезеңде бір жарым миллионнан асып, айтарлықтай өсім тіркелген. Жүк тасымалы саласында да оң динамика байқалыпты. Қазір әуежай тоғыз логистикалық компаниямен жұмыс істеп, жүк айналымын жылдан жылға арттырып келеді.
Бүгінде Шымкент халықаралық әуежайы еліміздегі үшінші ірі әуежай саналады. Халықаралық бағыттардың саны он сегізге, ал ішкі бағыттар он екіге дейін ұлғайған. Әуежай жеті әуе компаниясымен тұрақты түрде қызмет көрсетіп келеді екен. Осылай деген басқарма басшысы, бұдан бөлек, жаңа ұшу- қону жолағының құрылысы басталғанын тілге тиек етті. Айтуынша, ұзындығы 3300 мерт болатын бұл жолақ халықаралық стандарттарға сай салынып, әуе кемелерін кез келген ауа райында қабылдауға мүмкіндік бермек.
Қорыта айтқанда, Шымкент қаласында жол, қоғамдық көлік және әуе инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаланың болашақ дамуына берік негіз қалыптастырып келеді. Спикердің айтуынша, бұл жобалардың барлығы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және мегаполистің экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған.
Жадыра МҮСІЛІМ
