Елімізде 2025 жыл «Еңбек адамы жылы» болып жарияланды. Бұл бастама еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру, олардың еңбегін бағалау және жас ұрпақты жұмысшы мамандықтарына тарту мақсатында қолға алынды. Еңбек адамы – бұл тек белгілі бір кәсіптің иесі ғана емес, өз ісіне адал, қоғамға пайда әкелетін, елдің өркендеуіне үлес қосатын жан. Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін айтқан-ды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деді.
Президенттің әр жылғы Жолдауларында мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына барынша қолайлы жағдай жасау мәселесі айрықша назарға алынып келеді. Оларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау, қоғамның қолдауы қандай? Осы сауалға жауапты адал еңбекпен адал табыс тауып жүрген адал азамат туралы мақаладан оқи аласыз.
Менің қарсы алдымда есімі тұтас республикаға танымал ақын, кітапханашы, шектеулі мүмкіндіктің шексіз иесі отыр. Ол маған жанарының қараңғылығына қарамай жарық дүниенің сан алуан бейнесін өзінің ішкі көркем бояуында қалай көретіні жайлы сыр тербемек. Ол кім дейсіз ғой? Ербек Бакиев!
Өзге дені сау жандардың алдында өзінің мықтылығын дәлелдеп, айналасындағы адамдарға өмірге деген риясыз құштарлығын танытып жүрген азамат. Көзі зағип болғанымен, көкірегі ояу, өмірге деген махаббатын өзгелерге өнеге етіп жүрген қайсар жан. Оның өмір кітабын ашқанда тағдырының сан сырлы беттерін парақтап шықтым.
Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүние есігін ашқан кейіпкерімнің тумысынан көзінде ақауы болды. Экологиялық аймақ болғаннан кейін көру қабілеті нашар болып, бала жасынан көз мүгедегі ретінде диспансерлік есепке тіркелді. Сондағы дәрігерлердің «Бәлкім, жер ауыстырсаңыздар, баланың көзіне, денсаулығына жақсы әсер ететін шығар» деген кеңесіне құлақ түріп, ата-анасы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданына қоныс аударды. Жетісайда арнайы білім ошағы болмағандықтан, ұлын Шымкенттегі көзі нашар көретін балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатына әкеліп тапсырды. Ербектің жасы ол кезде тоғызда. Ата-анасынан жырақта жүріп, сол мектепте он бір жыл білім алды. Бала Ербектің өзге балалар доп теуіп жүргенде «Неге мен доп теппедім?!» деп өз-өзін қажайтын сәттері де аз болмаған. «Доп теппесем де, әдебиетке деген құштарлық мені ұшпаққа шығарады. Осының түптің түбінде керегі бар шығар» деп жұбанады екен сонда. Айтса айтқанындай, сол оқыған кітаптары талай рет алдынан шықты. «Үміттен» кейін жоғары білімді Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша алды.
Шымкенттегі қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың Тифлология бөлімінің терезесінен Ш.Уәлиханов көшесіндегі қала шуылы құмығып естіледі. Қарсы алдымда осы бөлімнің меңгерушісі Ербек Мейрамбайұлы отыр. Жұмыс үстелі, компьютерінің алдында он шақты кітап жатыр. Иә, ол бала шағынан әдебиетке құмартып, кітапты кеміріп өсті. Сол кітапқа деген қызығушылық оны осы арнайы кітапхананың бөлім меңгерушісі етіп шығарды.
Тифлология бөлімі – зағип жандармен жұмыс істеу, көзі нашар көретін және мүлдем көрмейтін азаматтарға қызмет көрсету, олардың дамуына, ой-санасының өркендеуіне және қоғамға еркін бейімделуіне ықпал етуге барынша көмектесетін бөлім. Өзі секілді тағдырлас, салалас жандарға қызмет көрсетеді. Жанары жарықты көрмесе де, айналасын жүрек жарығымен, көңіл шуағымен оқып жүрген көз мүгедектігі бар жандарға барлық жағдай жасалыпты. Кітапхананың ішіне кіргеннен ерекше жайлы атмосфера сезіледі. 2021 жылы модернизациядан өткеннен кейін мүлде жаңа кейіпке енген. Апта сайын түрлі тақырыптағы іс-шаралар өткізіледі. Мұндай жиындар – зағип жандардың қарым-қабілетін ашып, талантын шыңдауға, өміріне дем беруге таптырмас олжа.
«Кітапханамыздың дыбыс жазу бөлімінде мүлдем көзі көрмейтін, Луи Браиль жүйесін әлі жаттап үйренбеген оқырмандарға дикторлардың дыбыстауымен кітаптар оқылып, өңделіп оқырманға беріледі. Оны флешкаға не дискке салып, өзінің компьютеріне, ноутбугіне қойып, қалта телефонына өткізіп алып, телеграммға сақтап алып тыңдап жүреді. Қандай жағдай болса да сана түзеліп, даму керек. Адам білімді, рухани бай болса, ешуақытта қор болмайды. Сол үшін әрдайым жаңа кітаптар, хабарламалар, ақпараттар, қандай да бір байқаулар болып жатса, оқырмандарды хабардар етіп отырамыз. Біз оқырмандарымыздың жетістігімен мақтанамыз. Кітапханада елуден аса қызметкер бар. Олардың қатарында І, ІІ топтағы мүгедектігі бар оннан аса қызметкер жұмыс істейді. Осы тифлология бөліміндегі Гүлсара Қаттабекова – бірінші топтағы көз мүгедегі. Бірақ оның кітапхана ісінен бөлек, көптеген таланты бар. Мәселен, 2024 жылы Швейцарияның Цюрих қаласында көз мүгедектері арасында өткен үстел теннисі жарысында бағын сынап қайтты. Қазақстанның үстел теннисінен құрама командасында өнер көрсетіп жүр. Әр түрлі бағытта белсенді тағдырластарымыз бар. Ғабит Жақсыбаев есімді азамат кітапханамызда цифрландыру бойынша педагог. Зағип жандарға Луи Брайль жүйесіндегі оқу, жазуды тікелей осы ұялы телефон, ноутбук, компьютерде де үйретеді. Дыбыс жазу бөліміндегі Сейілхан есімді азаматымыз бар. Кітапханамыздың басшысы Ахат Нысанбеков тоғызқұмалақ жарыстарында қолмен сипап сезу арқылы ойнап, жеңімпаз атанып жүр. Ибраш Мансұрбек – зағип жандар арасындағы жүзуден 16 жылдан бері 1-орынды ешкімге бермей келе жатқан азамат. Бірақ, қазір жас ерекшелігіне байланысты спортты қойды. Әлемнің көптеген дамыған алпауыт мемлекеттерінде, астаналарында еліміздің атынан қатысып, жалаулатып, жүлделі орын алып қайтқан. «Көз жанарым көрмейді» деп салы суға кетіп отырған жоқ. 2010 жылы қалаға келгеннен бері жүзуге қабілетін шыңдаумен болды. Әуелі қаланы, сосын облыс, республиканы бағындырып, ақырында әлемдік аренаға шықты. Бірақ оның «Әлемнің қаншама мемлекетіне барғанымды қайтейін, оның ешбірін де көре алмаймын ғой! Иә, айналамдағы адамдардың айтуымен түйсінемін. Бірақ, көзбен көрген бөлек қой!» дегені бар. Ән өнерінен алдына қара салмайтын, халықаралық деңгейде танылған әншіміз Қасымхан Тәңірбергеновтің дауысы керемет. Ол ән айтқанда құлағыңның құрышын қандырады», – дейді Е.Мейрамбайұлы.
Өзгеге ұқсамайтын өмір. Мүмкіндігі шектеулі екендігіне қарамастан ірі істердің басын қайырып жүрген батыл да батыр азаматтарға қарап таңданбасқа, таңдай қақпасқа шараң жоқ. Ербек Бакиевтің қаламынан 2014 жылы жарық көрген «Өмірге ғашық жүректер» атты кітапта тағдырластары туралы жазылды. Айналасындағы 25 зағип жанның жеткен жетістігін қаламына арқау етті. Бұл кітапты оқыған әрбір адам «Неге біз өмірге өкпелей береміз?» деп ойланатыны даусыз.
«Адам өмірге бір-ақ рет келеді. Біз ашуланған кезде не болады? Жүйке тамырларымыз жарылады, көңіл-күйіміз бұзылады, өкпелейміз, ренжиміз. Кім ұтады, кім ұтылады? Екі ортада өзіміз ұтыламыз. Сондықтан адам тағдырына ренжімесін, талпынсын, ұмтылсын. Шабыт маған көңіл-күйіме қарай келеді. Көңілді сәтте қуанышқа толы өлең жазуым мүмкін. Мұңды кезде жазғаным өте сирек. Себебі, мен өмірге мұңая бермеймін. Өйткені, біз бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Артымыздан жақсы із қалса деймін. Менің тақырыбым – өмірге құштарлық», – дейді автор.
Иә, «тағдырыма тәнтімін» деп жүріп үшінші кітабын жарыққа шығарды. Айтыскер ақын Талант Арғынғали айтпақшы, ойы орнықты, қаламы қалыптасқан, айтары анық ақынның өмірінің өрнегіне айналған өлеңдері жанға жайлы, жүрекке қонымды. Жанын кейде күйзелтіп, кейде жадыратқан шақтарды өлеңмен өрнектейді. Тірі пендеге айтылмас жан сырын да өлеңге ақтарады. Жанын қинаған азаптан өлең арқылы емделіп жүргендей көрінеді.
«Тартылып теңіз толқыны тоқтап қалғанда,
Тосқауыл қойып ойдағы сансыз арманға.
Таңбасын салды тағдыр да менің көзіме,
Жарықты шала көрсетіп мына жалғанда», – деп тағдырына наласын білдіргенімен, ойының түйінін:
«…келешек күнге үмітпен басып қадамды,
Ізгілік жолмен жетейік аман ақ таңға», – деп барды бағалау, асылды ардақтау керек деп түйеді.
Өміріне өлеңнен мән тапқан ақын жас таланттарды да қолдаудан танған емес. Биыл мүгедектігі бар азаматтар арасында алтыншы мәрте «Мөлдіреген жыр сезім» республикалық әдеби байқауын ұйымдастырып жатыр.
«Бір жағы жастарды қанаттандырамыз. Екінші жағынан шығармашылықты, әдебиетті насихаттаймыз. Әдебиетті насихаттау арқылы талантты жандарды ел алдына шығарамыз. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, күзде Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қабылбекова апамыздың туғанына 75 жыл толуына орай өткізсек деген жоспар бар», – дейді байқау ұйымдастырушысы Ербек Бакиев.
Қолынан келгенше өзгеге болсын деп тыным таппайтын Ербектің еңбегі елеусіз қалған емес. Ол 2021 жылы «Ерен еңбегі үшін» және Қазақстанның «Құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталған.
Ендігі әңгіме – көз мүгедектерін әлеуметтік қолдау жайында. Е.Бакиев бір кітапхананың жұмысымен шектелетін азамат емес. Жергілікті «Оңтүстік» телеарнасында «Ізгілік мекені», «Отырар» арнасында «Ерекше жандар» бағдарламаларын жүргізді. «Шалқар шабыт» атты газет те шығарды. 2018 жылы Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына «Еліміздегі тұңғыш зағип тележүргізушілер» деген айдармен енді. Телехабарларында елімізге белгілі ақын-жазушыларымен сыр-сұхбат жүргізіп, түрлі сала мамандарын да сөйлетті. Сондағы мақсат біреу ғана. Мүгедектігі бар азаматтардың қоғамда жеткен жетістігін айту арқылы өзге тағдырластарына дем беру. Әлеуметтік қолдау мен құжат тапсыру жолдары, аурухана мәселесі, тағы басқа жағдайларда зағип жандарға тамшыдай болсын көмегі тисе деп тырысты. Нәтижесі де жаман емес, замандастарына үміт пен талпыныс сыйлады.
«Шымкент қалалық арнайы кітапхананың іргетасы сонау 1969 жылы қаланған. Биыл мекемеге 56 жыл толып отыр. Былтыр 55 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Республика көлеміндегі барлық арнайы кітапхана өкілдерінің басын қосып, екі күндік халықаралық конференция ұйымдастырдық. Шараға алыс-жақын көрші мемлекеттерден әріптестеріміз қатысты. Мерейтойға орай спорттық және әдеби жарыстар өтті. Кітапханаға 22 мыңға жуық оқырман тіркелген, 148 мыңға жуық кітап қоры бар. Оның 51 пайыздан астамы Брайль қарпінде жазылған кітаптар мен дыбысталған дискілер. Оның бәрі оқырманға қолжетімді. Кітапхана мәдениеттің ғана ордасы емес, кітаптың сақшысы. Осы кітапхана арқылы қаншама оқырман орта тапты, отбасын құрғандар да бар. Ай сайын тұрақты түрде басқосу ұйымдастыратын «Тағдырластар» және «Ғибрат» клубтары жұмыс істейді. Барлығы да оқырманға қызмет етеді. Оқу залдары толықтай жарықтандырылған. Кез келген уақытта келіп, интернетті, ноутбукті қолдануына жағдай жасалған. Қоғамда оң көзқарас қалыптасып келе жатқаны қуантады», – дейді кейіпкер.
Тағы қандай әлеуметтік көмектер бар дейсіз ғой? Бірінші топтағы көз мүгедегіне жыл сайын мемлекеттен тифло құралдар, әр үш жыл сайын ұялы телефон, әр бес жыл сайын кітап оқитын оқу машинкасы тегін беріледі екен.
«Мүгедектік санатына қарай ноутбук те беріледі. Бірақ, осындай әлеуметтік қолдауларды зағип жандар біле бермейді. Сол үшін де кітапханамызға келген оқырмандарды ұдайы әлеуметтік саладағы қолдаулар мен жаңалықтар туралы хабардар етіп отырамыз. Өйткені, ол өзін қоғамнан шет сезінбеуі керек.
Жыл сайын Қазақстанның кез келген қаласына курорттық шипажайға жолдама беріледі. Әлеуметтік портал арқылы санаторийлерді өзіміз таңдаймыз. Он төрт күн ем аламыз, дем аламыз. Жолдама азаматтардың денсаулық картасына қарай беріледі. 2021 жылы Сарыағаш қаласындағы «Асыл бұлақ» шипажайында, 2022 жылы Көкшетаудағы «Алмаз» санаторийінде, 2023 жылы Текеліде, 2024 жылы Баянауылда, Жасыбай көлінің жағасында демалдым. Биыл қайтадан Бурабайға жолдама алып отырмын. Мемлекеттен әлеуметтік қолдаудың шарапатын көріп жүрмін. Оның ішіндегі ең маңыздысы 2016 жылы баспаналы болдым», – дейді ол.
Кейіпкердің айтуынша, мемлекет мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдайды жасап келеді. Тек көкірек көзін ашып, ізденсе болғаны. Жеке кәсіпті де қолдап, қайтарымсыз қаржыны да беріп жатыр.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, еңбек адамын насихаттауға бетбұрыс жасады. Өйткені, қоғамда маңдай терін төгіп, бала-шағасына адал асын жеткізіп жүрген еңбек адамдары жетерлік.
«Әркім өз мекенін жақсы көрсе, жолындағы тасты, кедергіні алып тастаса, келесі адамның жүруіне қандай көмек болар еді?! Адам теңізге теңелсем дейді. Біз бергі жағалауын ғана көріп, бағамдап жатамыз. Оның ішкі жан дүниесіне үңілмейміз. Сыртқы болмыс бөлек. Адамдық болмысты сатып ала алмаймыз. Дүниетанымымызды кеңейту үшін аптасына бір кітап оқиықшы! Мейлі, бір ай, екі ай оқыңыз. Кітапты түсініп оқып, содан азық алсаңыз, оның өзі үлкен жетістік. Жанымызға азық болар бір кітапты табу үшін мың кітап оқимыз.
Алдыңғы толқын қандай еді? Жасындай жарқылдап өткен Ғани Мұратбаев небәрі 23 жыл ғұмыр кешіп, қысқа да саналы ғұмырында аты Алашқа мәлім болды. Ташкентке барып бала оқытты. Ал, 27 жыл ғана өмір сүрген Сұлтанмахмұт Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға» талпынды. Шоқан Уәлихановтың соңында құнды еңбектері қалды. Ал біз ұлт үшін не істеп жүрміз?! Өзіме осы сұрақты көп қоямын. Бәлкім, таудай тірлік тындырмаған шығармын. Әйтеуір айналама кесірімді тигізбей, жақсы сөзімді айтып, ешкімге қиянат жасамағанымның өзін жаныма медет етемін. Кішіпейілділік ешқашан адамды жамандыққа апармайды». Ербектің түсінігіндегі масылдыққа қарсы ішкі түсінік осындай.
Ербек Бакиевтің отбасы – асқақ армандарға ұмтылған, шүкірлікпен қанағат қылған, жоғына салауат айтқан, өмірдің әр сәтін бағалайтын бақытты отбасы. Оның өмірлік жары Ұлбосын Есқара да І топтағы көз мүгедегі. Екеуі он жылдан бері жұп жарастырып келеді. Алтын асықтай үш ұлды тәрбиелеп отыр.
«Құмарланбай тіршілік алтынына,
Мойынсұнам Жаратқан, жарлығына.
Өміріме өкпем жоқ ол – ақиқат,
Тәңір берген тәнтімін тағдырыма!»
– деп жырлаған ақын Ербек Бакиевпен өткен сыр-сұхбаттан соң, оның келер күнге мол үмітпен ұмтылып, қиындыққа мойымай, келешекке батыл қадам басқан талпынысын таныдым.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ