Редакция таңдауы

Жұмыспен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты

Елімізде жұмыссыздыққа қатысты проблеманың өзекті екенін ешкім жоққа шығармайды. Қай өңірде, қай қалада болса да екі қолына бір күрек таба алмай жүрген азаматтарды кездестіреміз. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, осыдан 15-20 жыл бұрынғымен салыстырғанда, қазір елдегі жұмыссыздықтың сипаты біршама өзгерген. Қазір бір жағынан жұмыссыз азаматтар бар болғанымен, екінші жағынан көптеген жұмыс берушілер өздеріне қажетті, біліктілік талаптарына сай келетін мамандарды таба алмай жатады. Яғни, бізде жұмыссыздықпен қатар, біліксіздік дейтін мәселе де мейлінше өзекті болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауының мәні де, міне, осында жатыр.

Биылғы жыл жұмысшы мамандықтар жылы деп белгіленуіне орай, маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Мемлекет еңбек адамының абырой-беделін арттырып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуды көздеп отыр. Түпкі мақсат – азаматтарды еңбек нарығының талаптарына сай ете отырып, жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешу.

Бүгінде Шымкент қаласында жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар тиімді іске асырылуда. Қалада жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлікті дамыту және халықты тұрақты табыспен қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар жүргізілуде.

2024 жылы қалада 56 962 адамды жұмыспен қамту жоспарланған болса, жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 58 046 адамға жетіп, жоспар 2 пайыз артығымен орындалған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, жұмыспен қамту шараларының аясында «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Әлеуметтік жұмыс орындар» және «Бастау бизнес» сияқты мемлекеттік бағдарламалар белсенді жүзеге асырылған. Сонымен қатар, 2024 жылы 4 500-ден астам адам кәсіптік оқыту курстарына жолданып, олардың басым бөлігі тұрақты жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, қалада жаңа өндіріс орындары мен бизнес жобаларды қолдау арқылы тұрақты жұмыс орындары ашылуда. Нәтижесінде, 2024 жылы Шымкент қаласында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан 4,7 пайызға дейін төмендеген.

Әлеуметтік осал топтар көмексіз қалмайды

Сонымен қатар, әлеуметтік қолдау саласындағы кешенді шаралар жүзеге асырылып, ардагерлер, зейнеткерлер, көп балалы аналар және аз қамтамасыз етілген азаматтарға бағытталған бағдарламалар арқылы әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру жұмыстары да назардан тыс қалмаған.

Ақпан айындағы мәлімет бойынша қалада 95 548 зейнеткер тіркелген екен. Оның ішінде ҰОС ардагерлер саны – 2, тыл еңбеккерлері – 1 639, ал ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер – 2 151 құраған. Сонымен қатар, көп балалы аналар саны 67 741 адамды құрап, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталғандар саны 13 805, ал 4-5 баласы бар көп балалы аналар саны 53 936 деп көрсетілген. Шымкент қаласы мәслихатының шешімі бойынша, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде «Алтын» және «Күміс» алқа иегерлері, «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға 5 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік төлем алды. Сонымен қатар, биылғы жылы Мәслихаттың тағы бір шешімі аясында зейнет жасындағы азаматтарды санаторлық-емдеумен қамтамасыз ету мақсатында 5 000 ардагер мен зейнеткерге жолдама берілген. Ал, басқарамаға қарасты «Ізетті зейнеткер» қоғамдық мекемесіне 2 003 ардагер мен зейнеткер санаторлық-сауықтыру емінен өтеді.

Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 120-бабына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматқа немесе отбасыға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек ретінде көрсетіледі. 2024 жылы Шымкентте 1-6 жас аралығындағы 15 563 балаға ай сайын 5 538 теңге (1,5 АЕК) көлемінде қосымша төлем төленген. Ал, өткен жылы 8 810 отбасындағы 45 955 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Жұмыспен қамту шараларының тиімділігі аясында көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 30,8 пайызға азайыпты. Ал 2025 жылы 1-6 жас аралығындағы 4 376 балаға ай сайын (1,5 АЕК) 5 898 теңге көлемінде қосымша төлем тағайындалып, аз қамтамасыз етілген 2 538 отбасындағы 12 978 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 34,8 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, 2025 жылдың І тоқсанына кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы ретінде белгіленіп, орта есеппен 35 381 теңгені құрайтыны айтылып отыр.

Осы кешенді әлеуметтік қолдау шаралары Шымкент қаласының әлеуметтік әл-ауқатын арттырып, қоғамның осал тобы болып табылатын азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуді мақсат етеді. Әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімді ұйымдастырылуы ардагерлер мен зейнеткерлердің, көп балалы аналардың және аз қамтамасыз етілген отбасылардың тұрмыс жағдайын жақсартуға, еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға және қоғамдағы әлеуметтік теңдікті нығайтуға септігін тигізуде.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету мекемелері лицензия алуға міндеттелді. Бұл өзгеріс мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) бірдей қатысты. Қазіргі уақытта Шымкент қаласында басқармаға қарасты 11 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы лицензия алуға дайын.

Лицензиялауда талап көп

Брифингте арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ҮЕҰ-лар үшін лицензия алу үлкен мәселелері де қаузалды. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 27 маусымдағы №230 бұйрығына сәйкес, мемлекеттен қаржыландырылатын барлық мекемелер лицензия алуы тиіс. Министрліктің бұл шешімі мемлекеттік орталықтарға да қолданылады. Оның басты мақсаты – мүгедектігі бар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Лицензиялау – арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғыртудың бір кезеңі. Ол қызмет сапасын арттыруға, қызмет алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ұйымдар үшін бірыңғай стандарттарды белгілеуге бағытталған. Лицензия алу үшін мекемелер бірқатар талаптарды орындауы қажет. Олардың ішінде санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды, өрт қауіпсіздігі актісі, медициналық қызметке лицензия, жылжымайтын мүлікті тіркеу құжаттары және штаттық құрылымның бекітілуі сияқты талаптар бар,-дейді Жанат Өтебаева.

ҮЕҰ-дардың көпшілігі бұрын ғимараттарды жалға алып, үй жағдайында қызмет көрсеткен. Енді олар министрлік бекіткен талаптарға сай келуі тиіс. Басқарма тарапынан 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Дегенмен, Шымкент қаласында көптеген ҮЕҰ құжаттардың сай келмеуі салдарынан лицензия алу мерзіміне үлгермеген. Бұған дейінде бұл талаптар болған, лицензиялау министрліктен енгізілгеннен кейін қатаңдатылған көрінеді.

– Бүгінгі таңда үш ҮЕҰ мен бір мемлекеттік орталық лицензия алды. Басқармаға қарасты 10 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы құжаттарын реттеді. 19 ақпанда басқарма өкілдері Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен бірге 8 ҮЕҰ-ны аралап, олардың жұмысымен танысты. Біз оларға барлық қажетті кеңестерді бердік, әрі қарай да бағыт-бағдар беруге дайынбыз, – дейді Жанат Өтебаева.

Лицензия ала алмаған ҮЕҰ-лардан қызмет алып келген азаматтарға басқа мекемелер ұсынылды. Басқармаға қарасты орталықтарда олар үшін орындар қарастырылған. Мәселен, №6 «Балалар» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 100 орынға лайықталып, қазір 62 балаға қызмет көрсетіп отыр. ҮЕҰ-лардан келген 38 баланы осы орталыққа жолдауға мүмкіндік бар. «Қамқорлық» №8 орталығында 150 орын қарастырылған, оның 143-і толған. Бұрын ҮЕҰ-дан 4 бала осында орналасқан, тағы 7 ерекше баланы қабылдау жоспарлануда,-дейді ол.

2025 жылдың шілде айына дейін психоневрологиялық аурулары бар, 18 жастан асқан мүгедектігі бар азаматтарға арналған 50 жатын орынды жаңа орталық ашу жоспарланып отыр. Қазір орталықтың құжаттары рәсімделіп, тиісті рұқсаттар алынуда. Бұл бастама ерекше жандардың қауіпсіздігін күшейтіп, олардың сапалы қызмет алуын қамтамасыз етеді. -дейді басқарма басшысы.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар