Редакция таңдауы

ЖҰМЫСШЫ ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢА ЛЕГІ ӨСІП КЕЛЕДІ

Президент Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилікті дәріптеу, нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейтін бастамаға байланысты Шымкент қаласында да маңызды жұмыстар қолға алынып жатыр. Расында да қалада техникалық және кәсіби білім беру саласы мен жұмысшы кадрларды даярлауға басымдық берілген. Шымкент қаласы әкімдігі Үкімет жоспарының жеті бағытын қамтитын арнайы өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірледі. Ал, сарапшылар бұл шешім білім беру жүйесі мен мамандардың біліктілігін арттыруға жаңа серпін береді деген пікірде.

Осы орайда Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына жұмыс бабымен барғаны жайлы айта кетсек. Осы аймақта орналасқан «Janna Eltanova» ЖШС киім және аяқ киім шығаруға маманданған. Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаевтың айтуынша, мұнда өңірдегі бірқатар оқу орындарының студенттері теориялық білімді практикамен ұштастырып, іс-тәжірибеден өтуде. Дуальді жүйемен 24 колледждегі 25 сала мен 75 мамандық бойынша жалпы саны 8 мыңға жуық шәкірт қамтылған. Бұл студенттер қалаған мамандықтары бойынша кәсіпорындарда теориялық қана емес, іс-тәжірибелік біліктіліктерін шыңдайды.

Кәсіпкерлер палатасы мен қаладағы білім беру ұйымдары жалғастырып келе жатқан тұрақты жүйе құру бағытында өз ісіне жетік мамандар даярлау арқылы экономиканың барлық саласын дамытудың негізін қаламақ.

Айталық, киім, аяқ киім және шұлық шығаратын фабрикаға 400 млн. теңге инвестиция тартылған. Жалпы саны 200 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Ал, фабриканы толық қуаттылығы жылына 43 мың дана киім, 35 мың жұп аяқ киім шығара алатын өндіріс көзіне айналдыру көзделген.

«Janna Eltanova» ЖШС құрылтайшысы әрі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде сабақ беретін Жанна Елтанова бұл сөзімізді нақтылай түседі: «Біздің кафедра креативті индустрияда бойынша дуальды оқу жүйесіне қатысады. Дизайнерлерді, тігіншілерді, бағдарламашыларды, фешн-дизайнерлерді оқытамыз. Студенттеріміздің барлығы 1 курстан бастап іс-тәжірибеден өтеді. Яғни, біз жай киім тігіп қана қоймаймыз, бұл іске шығармашылық тұрғыдан қарап, ерекше үлгілерін, эскиздер жасаймыз. Компаниядағы суретші қыздар ізденгіштігінің арқасында әлемнің сән орталықтарының бірі, Франция астанасы – Парижде өткен курсқа қатысып, арнайы сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар, түрлі текстиль, этнотекстиль стиліндегі дизайнерлік жобалар колданылған сөмкелер, шапандар, орамалдар секілді өнімдер қала тұрғындарының ғана емес, осында тамашалай келген шетелдік саяхатшылардың да қызығушылығын тудырып келеді.

Мұхтар Әуезов ОҚУ сән дизайны мамандығын білімгер оқитын Арна Төлеген іс-тәжірибеден өту болашақ мамандар үшін пайдалы екенін айта келіп, оқу барысында алған теориялық білімді іс жүзінде қолданып, тиісті дизайнмен тігіп шығудың қуанышы ерекше! Кейіннен алған диплом бойынша кез келген жұмыс орнына барғанда тәжірибелі екендігіңді көрген кәсіпорын қызметкерлерінің сені сыртқа теппесі анық.

Шымкент қаласында 39 колледжде 49 780 студент, оның ішінде: мемлекеттік колледждерде – 16 957 студент, жекеменшік колледждерде – 32 823 студент білім алады десек, 2024-2025 оқу жылына республикалық бюджеттен 6 000 грант, жергілікті бюджеттен 5 500 грант бөлінген. Барлық грант 28 колледждегі 78 мамандықты толықтай қамтиды.

Осы жылдың басында өткен мемлекеттік жастар саясаты саласындағы өзгерістер мен басқа да өзекті мәселелерге арналған көшпелі баспасөз-брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек: «Қалада техникалық және кәсіби білім беру саласы мен жұмысшы кадрларды даярлауға басымдық беріледі. «Жұмысшы мамандықтар жылы» – жастарды еңбекқорлыққа, кәсібилікке және өз болашағын құруға ынталандыратын маңызды қадам. Біз бұл бағытта қоғамның барлық санатын тартуға күш саламыз», – деген болатын.

Ендеше, үшінші мегаполистің экономикалық әлеуетін арттыратын жастар легі өсіп келеді деуге толық негіз бар.

Атанбек НАУРЫЗ

Соңғы жаңалықтар