Редакция таңдауы

ЖҰРТ БҮГІНШІЛ, БҰЛ РЕФОРМА ЕРТЕҢ ҮШІН

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Жұрт бүгіншіл, меніңкі ертең үшін» деген сөзі көпке мәлім. Бұл сөздің салмағы қазір, жылқы жылының басында бұрынғыдан да айқын сезіледі. Себебі, дәл осындай жолайрыққа жеткен тұста қабылданған шешімдер мемлекеттің алдағы онжылдықтардағы бағытын, ұлттың тағдырлы жолын айқындайды. Жаңа Салық кодексі күшіне енген биылғы жыл сол жолдың тағы бір белесінің бастауы. 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүзеге асырып жатқан реформалардың барлығы – бүгінгі күннің ғана емес, мемлекеттің, халықтың ертеңінің қамы. Егер Мемлекет басшысы тек қазіргі сәтті, қоғамдағы уақытша көңіл-күйді ғана ойласа, бүгін қалың бұқараға ұнайтын, бірақ, салдары келер ұрпаққа ауыр тиетін шешімдер қабылдау оған аса қиын болмас еді. Мәселен, бір ғана Жарлық шығарып, әйелдердің зейнетке шығу жасын қайтадан 58 жасқа түсіріп тастаса, оған қарсы шығатын адам табыла қояр ма еді?! Керісінше, жұртшылық оны жер-көкке сыйғызбай мақтап, «Халықтың қамын ойлайтын саясаткер» деп бағалап, жеке рейтингі күрт шарықтап шығары сөзсіз.

Алайда, мұндай популистік шешімнің салдары арада 15–20 жыл өткенде айқын сезіледі. Сарапшылар елімізде өмір сүру ұзақтығы тұрақты түрде артып келе жатқанын айтады. Бұған қоса демографиялық өсім де бар. Яғни, бүгін дұрыс шешім қабылданбаса, ертең жұмыс істейтін бір адамға шаққанда балалар мен зейнеткерлердің саны көбейіп, отандық зейнетақы жүйесі тығырыққа тірелуі әбден мүмкін. Қазірдің өзінде мемлекеттік бюджеттің шамамен 60 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалып отыр. Ертең қарияларды зейнетақымен, балаларды жәрдемақымен толық қамти алмай қалсақ, дағдарыс пен қоғамдық наразылықтың көкесі сол кезде басталады.

Дәл осындай шешімді аяғына енді тұрып келе жатқан отандық машина жасау өнеркәсібіне қатысты да қабылдауға болады. Көзді тарс жұмып, қазақстандық автоиндустрияны құрбандыққа шала отырып утильалымды алып тастасақ не болады? Иә, алғашқы жылдары шетелден арзан автокөлік тасып делдалдар да, алушы да мәз болатын шығармыз. Бірақ, енді ғана қалыптасып, орнықты даму жолына түскен зауыттарымыз тоқырап жабылады. Қаншама адам жұмыссыз қалады. Технологиялық мешеуліктен әл-әзір құтыла алмайтын хәлге түсеміз. Себебі, біздің елімізде біліктілігі жоғары техникалық кадрлардың үлкен шоғырын бір қалыптастырсак, осы машина жасау саласы қалыптастырады. Бір ауыз сөзбен айтқанда утильалымды алып тастау бүгінгі билікті аз уақытқа жақсы атты қылғанымен, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін құрбандыққа шалар еді.   Сондықтан Мемлекет басшысы жұрттың көңілін табу үшін жасалатын қысқа мерзімді, арзан ұпай жинайтын шешімдерден саналы түрде бас тартып келеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының жеке рейтингтен гөрі мемлекеттің мүддесін, елдің болашағын биік қоятынын айқын көрсететін тағы бір маңызды қадам – осы салық реформасы. Әрине, салық мөлшерлемелерінің өсуі тап бүгін ешкімге ұнай қоймайтыны түсінікті. Бірақ, бұл шешім Қазақстанның бюджет тапшылығын мұнай мен газдан, табиғи ресурстар экспортынан түсетін Ұлттық қордың қаражаты есебінен жауып отыру тәжірибесінен біртіндеп арылуына мүмкіндік береді.

Ұлттық қор бүгінгі шығынға емес, ұлттың, мемлекеттің болашағына қызмет етуі тиіс. Егер елдің ертеңін ойламаса, Президент бүгін салықты көтермей, мұнай мен газдың ақшасын ағымдағы шығындарға жұмсай берер ме еді?! Бірақ табиғи ресурс – түбі бір сарқылатын байлық. Сондықтан біз дәл қазірден бастап мұнайдың ақшасынсыз өмір сүруге үйренуіміз керек.

 

Салық мәдениеті – ұлттың сапасын айқындайтын өлшем

Салық мәселесін тек пайыз бен есеп-қисаптың жиынтығы ретінде қабылдау – үлкен қателік. Негізінде, салық жүйесі мен салық мәдениеті кез келген ұлттың даму деңгейін, азаматтарының жауапкершілік шегін, қоғамдық санасының сапасын көрсететін басты өлшемдердің бірі. Салықты ауыртпалық деп емес, азаматтық борыш деп қабылдайтын қоғам ғана шын мәнінде дамыған қоғам бола алады.

Бізде әлі де «Мемлекет бізге не берді?» деген сұрақ алдыңғы қатарға шығып кетеді де, «Мен мемлекет үшін не істедім?» деген сауал кейінге ысырылып жатады. Ал, осы екінші сұрақтың ең нақты, ең әділ жауабы – салық. Өйткені, мемлекет деген абстрактілі ұғым емес. Ол – жол, мектеп, аурухана, жалақы, зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақы, қауіпсіздік. Мұның барлығы ортақ қазына есебінен жүзеге асады.

Салықты адал төлеу – заң алдындағы міндет қана емес, ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Салық мәдениеті қалыптасқан елде жемқорлыққа да төзім болмайды. Себебі, ортақ қазынаға өз қалтасынан үлес қосқан азамат ол қаржының талан-таражға түскеніне жан-тәнімен қарсы болады. Осы тұрғыдан алғанда, 2026 жылдан бастап қолданысқа енген жаңа Салық кодексі – тек фискальді құжат емес, қоғамдық сананы өзгертуге бағытталған маңызды реформа.

Жаңа Салық кодексі: мақсат пен жалпы сипаттама

2025 жылы қабылданып, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап толық күшіне енген жаңа Салық кодексінің басты мақсаты – салық түсімін арттыру ғана емес. Оның негізгі міндеті – салықтық әкімшілендіруді жеңілдету, көлеңкелі экономиканы формальды секторға көшіру, салық төлеушілер мен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынасты барынша түсінікті әрі ашық ету.

Жаңа кодекс арқылы есептілік оңтайландырылып, салық салу процестері цифрландырылды. Электронды есептілік, e-Salyq жүйесі, камералдық бақылау секілді құралдар салықты жазалау арқылы емес, алдын алу және түсіндіру арқылы реттеуге бағытталған. Нәтижесінде декларациялар саны қысқарып, қағазбастылық азайды, ал, салық түсімдері ұлғая бастады.

Сонымен қатар жаңа Салық кодексі халықаралық тәжірибеге жақындауды көздейді. Прогрессивті салық салу, табысы жоғары азаматтардың жауапкершілігін арттыру, шағын бизнесті бастапқы кезеңде қолдау – мұның барлығы әлемдік тәжірибеде дәлелденген тәсілдер.

 

Жеке тұлғаларға қатысты өзгерістер: әділеттілікке бетбұрыс

Жеке табыс салығында прогрессивті шкаланың енгізілуі – жаңа кодекстегі ең маңызды өзгерістердің бірі. Енді жылдық табысы 8 500 АЕК-ке дейінгі азаматтар бұрынғыдай 10 пайыз мөлшерлемемен салық төлейді, ал, осы шектен асқан табысқа 15 пайыз қолданылады. Бұл – әлеуметтік әділеттілік қағидасына негізделген шешім.

Адвокаттар мен нотариустар секілді жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалардың табысына 9 пайыздық мөлшерлеме белгіленді. Сонымен қатар негізгі салықтық шегерім айына 30 АЕК-ке, яғни, жылына 360 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Бұрынғы медицина, сыйақы бойынша күрделі шегерімдер жойылып, орнына түсінікті әрі бірізді жүйе енгізілді. Жұмыс беруші арқылы ұсталатын зейнетақы және медициналық сақтандыру жарналары бойынша шегерімдер сақталды. Нәтижесінде жұмысшылардың «қолға алатын» жалақысы аз да болса артты.

Жаңа кодекстегі тағы бір маңызды жаңалық – байлық салығының енгізілуі. Бұл салық тек жеке тұлғалардың мүлкі мен активтеріне қатысты қолданылады және кәсіпкерлік табысқа салынбайды. Яғни бұл – әлеуметтік теңсіздікті жұмсартуға бағытталған құрал.

 

«Арық атқа қамшы ауыр» дегеннің кері кеп тұр ма?

Салық, оның ішінде қосылған құн салығының 16 пайызға дейін көбеюі туралы айтқанда қазақтың «Арық атқа қамшы ауыр» деген мақалы еске түсуі мүмкін. Біреулер «Онсыз да «Илалап» күнелтіп отырған бизнесті бұл шешім құрдымға жібереді» деп байбаламға басады. Алайда, бүгінгі отандық бизнес арық ат емес. Ондай мүшкіл хәлден біздің бизнесмендердің көбі әлдеқашан жырақтап кеткен. Сенбесеңіз қараңыз, шағын және орта бизнес Қазақстанның 300 млрд АҚШ долларына жеткен жалпы ішкі өнімінің жартысына жуығын құрап отыр. Тап осы сектор миллиондаған адамды жұмыспен қамтыған. Елде жуан бел орта тапты қалыптастырған да осы сала.

Үкімет отандық бизнестің бұл салықтың салмағын көтере алатынын көріп, біліп, бағамдап отыр. Иә, жекелеген кәсіпкерлер жаңа талапқа бейімделе алмауы мүмкін. Бірақ, басым көпшілігі бұл өзгерістен шыңдалып шығады. Әлсіздер нарықтан кетіп, мықтылар күшейеді. Бұл – елдің болашағы үшін қажет процесс.

Оның үстіне Үкімет те салықты бәріне бірдей, беталды салып жатқан жоқ. Салық төлеу ережелері кәсіпкерлер үшін де түбегейлі өзгерді. Ең алдымен, арнайы салық режимдері қысқарды: бұрын қолданыста болған бірқатар жеңілдетілген салық режимі енді үш негізгі форматқа біріктірілді. Олар:

Біріншісі, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі. Бұл режимде кәсіпкерлер жеке табыс салығын төлемейді, тек айналым қаражатынан 4 пайыз бірыңғай әлеуметтік төлем (біріктірілген аударым) құяды. Яғни, азаматтар тек зейнетақы жарналары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын қамтитын 4 пайыз төлемді төлейді. Бұл режимнің шарттары бойынша айлық табыс 300 АЕК-тен (шамамен 1 297 000 теңге) аспауы керек. Сондай-ақ, қызмет түрлері шектеулі  және жалдамалы жұмысшылар пайдалануға рұқсат етілмейді. Жүйенің тағы бір үлкен жаңалығы – есеп пен салық төлеу жұмыстарын мобильді қосымша арқылы жүргізу мүмкіндігі қарастырылған.

Екіншісі, жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режимі. Бұл режим бұрынғы жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық режимдерін біріктіреді. Бұл арнаулы салық режимінде кәсіпкердің айналым қаражаты жылына 10 000 АЕК-тен (43 250 000 теңге) аспауы тиіс. Егер одан асса, қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелуі шарт.  Ал, осы шектен төмен кіріс жинаған кәсіпкерлер үшін салық мөлшерлемесі база ретінде 4 пайыз болып белгіленеді. Жергілікті әкімдік оны 2 пайыз бен 6 пайыз аралығында реттей алады. Қажет болса, кәсіпкерлер қызметкерлерді шектеусіз жалдай алады.

Әр қала осы режим үшін жеке мөлшерлеме бекіте алады. Мысалы, Алматы мен Астананың шешімімен 3 пайыз, Шымкент пен Қарағандыда 2 пайыз базалық ставка бекітілді.

Үшіншісі, шаруа (фермер) қожалықтары үшін арнаулы салық режимі. Ауыл шаруашылығындағы шағын және орта шаруашылықтарға жеңілдетілген режим енгізіледі. Бұл режимде де кәсіпкерлер тек міндетті 4 пайыз салықты төлейді (ЖТС алынбайды), ҚҚС мен әлеуметтік салықтан босатылады. Екіншіден, ауылшаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын осындай қожалықтарға басқаша жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін.

Осы 3 арнаулы салық режимінен басқа қалған кәсіпкерлік субъектілері «жаппай ортақ режимде» жұмыс істейді. Олар үшін жаңа кодекстегі жалпы қағидалар қолданылады:  қосылған құн салығы – 16 пайыз, корпоративті табыс салығын төлесе, ол – 20 пайыз, ал, жеке табыс салығы прогрессивті шкала бойынша төленеді. Мұндай кәсіпкерлер енді бұрынғы арнайы жеңілдіктерін жоғалтып, толық бухгалтерлік есеп пен салық есебін жүргізуге міндеттеледі.

 

Цифрландыру әкімшілік бақылауды жеңілдетті

Сарапшылардың айтуынша, жаңа кодекстегі тағы бір маңызды бағыт – салық әкімшілігін цифрландыру. e-Salyq жүйесі, онлайн бақылау-кассалар, электронды декларациялар салықты төлеуді жеңілдетіп, адами факторды азайтты. Камералдық бақылау жүйесі қателікті бірден айыппұлмен емес, алдымен түзету мүмкіндігін беру арқылы анықтайды.

Бұл – жазалаушы емес, серіктестікке негізделген модель. Мемлекет кәсіпкерді қарсылас емес, экономиканың негізгі тірегі ретінде қабылдай бастады.

Қорыта айтқанда, халық салықты толық әрі адал төлеген қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет те жоғары болады. Себебі, өз қалтасынан ортақ қазынаға үлес қосқан азамат ол қаржының тағдырына бейжай қарай алмайды. Азаматтардың осы ерік-жігері тұтаса келе үлкен қоғамдық күшке айналады. Сонда жемқорлықпен күрес тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі болады.

Жылқы жылғы салық реформасы – тек қаңтардағы фискальді өзгеріс емес, ұлттың санасы мен сапасына серпіліс әкелетін тарихи бетбұрыс.

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win