Қазақ баспасөзінде мықты редакторлар аз болған жоқ. Көп болды. Әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі, өз қолтаңбасы бар. Біріне-бірі ұқсамайды. Бірақ, соған қарамастан, олардың бәрі бірдей тарихта қала берген жоқ. Қазақ баспасөзінің өзі бір ғасырдан енді ғана асса да, сол кезеңдерде еңбек еткен тұлғалардың ішінде есімі ұмытылмай, шынайы ізі қалғаны санаулы. Менің пікірімше, солардың қатарында «Шымкент келбеті» газетінің бас редакторы болған Жұмамұрат Тұяқбаевтың есімі ерекше аталуы тиіс.

Жұмамұрат Тұяқбаев мықты, реформатор редактор болды. Қазақ журналистикасында жақсы редакторлар көп дедім ғой, бірақ, реформатор редакторлар саусақпен санарлық. «Шымкент келбеті» газеті алғаш ашылғанда оның алғашқы редакторы – Мәлік Абылаев деген жігіт еді. Кейіннен газетті Тұяқбаев қабылдап алды. Сол сәттен бастап басылымның бет-бейнесі түбегейлі өзгерді. Бұл оның алғашқы редакторлық қызметі болатын.
Қазір «Шымкент келбеті» қаланың ғана емес, елдің жүрегінен орын тапқан басылымға айналды. Әрине, одан кейін де редакторлар келді, олардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, бұл газеттің іргетасын мықтап қалаған – Жұмамұрат Тұяқбаев. Оны неге реформатор дейміз? Өйткені, «Шымкент келбеті» қалалық газет болғанымен, Тұяқбаев тар шеңберде қалмады. Ол қаланың ғана емес, күллі қазақтың мәселесін көтерді. Сол кезде интернет те жоқ, газетті республика көлемінде тарату да оңай емес еді. Соған қарамастан, ол бүкіл қазақты елең еткізді. Осылайша, Тұяқбаев өзінің нағыз редактор екенін дәлелдеді. Ол әділдікті бәрінен жоғары қойды.
Редакторлық қызмет оңай емес қой. Газет шыққанша бір өледі, шыққан соң тағы бір өледі. Бірақ, ол сол қиындықтардың бәрінен абыроймен өтті. Ешқашан жалтарған жоқ, жасқанған жоқ. Соңына дейін әділдіктің жолында тұрды.
Өмірде өте қарапайым адам болды. Қазір кейбіреулер журналистиканы кәсіп, табыс көзі деп қарайды. Ал, ол кісілер үшін журналистика адалдықтың жолы еді. Өйткені, олар өздері адал болған соң ғана адалдық туралы жаза алды. Мен өзімді азамат әрі редактор ретінде дәл осындай адамдардың тәлімін, тәрбиесін көргеніме бақыттымын деп есептеймін.
Қадірлі «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің ұжымы! Қаламыздың айнасына айналған, елдің сөзі мен көңілін тоғыстырған басылымның 35 жылдық мерейлі мерекесі құтты болсын! Отыз бес жыл – бір буынның ғұмыры. Осы жылдар ішінде «Шымкент келбеті» қаланың тынысын дәл басып, шындықтың жебесін қолда ұстап, ұлт мүддесі мен адам тағдырының сөзін сөйлеп келеді. Бұл – үлкен еңбектің, қаламның абыройы мен жауапкершіліктің жемісі. Бүгінгі ұжым да осы биік дәстүрді жалғап, елмен етене, халықпен бірге жасап келеді. Қаланың әр жаңалығы мен өзгерісінің ортасында болып, оқырман сенімінен шығу – үлкен мәртебе әрі сын.
«Шымкент келбеті» газеті – шаһар шежіресін жазып келе жатқан шынайы жылнама. Осы істеріңіз ел игілігіне жарай берсін! Қаламдарыңыз қарымды, ойларыңыз орамды, еңбектеріңіз жемісті болсын!
Абай БАЛАЖАН,
Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан»
газетінің директор – бас редакторы
