Редакция таңдауы

Жыл жарқын жеңістермен есте қалды

Шымкент қаласының спортшылары үшін биыл табысты жыл болды. Өткен жылды қорытындылайтын сәт те келді. Қалада бұқаралық спортты қолжетімді ету, инфрақұрылымды дамыту, жоғары спорт жетістіктеріне қол жеткізу бағытында тиісті жұмыстар атқарылды. 2025 жылы қала аумағында салауатты өмір салтын насихаттау және тұрғындарды жүйелі түрде спортпен шұғылдануға тарту мақсатында және бұқаралық спортты дамыту аясында 315 іс-шара өткізу жоспарланған болатын. 11 айдың қорытындысында шаһарда жалпы 293 спорттық іс-шара өтті.

Бұқаралық спорт қарқын алды

Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Атап айтқанда, жыл басынан бері ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қала чемпионаттары, кешенді жарыстар, «Shymkent Marathony», «БРУСЬЯ FEST», «Отбасы күні» спорт мерекесі, Аула чемпионаттары, жазғы лагерьдегі іс-шаралар, ардагерлер арасында спорттық жарыстар, «Республика күніне» орай 15 шақырымдық велошеру, сала қызметкерлері арасында спартакиадалар, Әуесқой футбол лигасы және тағы басқа іс-шаралар ұйымдастырылып, оған қала тұрғындары белсене қатысты. Бұл іс-шаралар қала тұрғындарының дене шынықтыруға қызығушылығын арттырып, бұқаралық спорттың дамуына серпін берді.

Сонымен қатар, қала халқының күнделікті қозғалыс белсенділігін арттыру мақсатында Шымкент қаласының 13 саябағы мен аллеясында 31 спорт нұсқаушысы таңғы жаттығулар жүргізіп жатыр. Бұл жоба тұрғындардың денсаулығын жақсартуға, спорт мәдениетін қалыптастыруға және спортты қолжетімді етуге бағытталған. Жобаға балалар, жастар, ересектер, зейнеткерлер белсенді түрде қатысып келеді (қатысушылар саны 1 мыңға жуық).

Инфрақұрылымды дамыту – басты назарда

Шымкент қаласында спорттық инфрақұрылымды дамыту – тұрғындардың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасаудың негізгі тетігі. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, қала аумағында қазіргі уақытта 877 спорттық нысан бар. Оның ішінде, дене шынықтыру спорттық мәндегі нысандар – 589, білім беру ұйымдарда – 253, спорт мектептерінде – 35 (оның ішінде жекеменшік – 184). 2025 жылы Шымкент қаласында 5 спорт нысанының құрылысы басталды. Жаңа футбол стадионының құрылысын (Қаратау ауданы, 223 орамдағы жер көлемі 26,1 га) 2026–2027 жылдары аралығында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы модульді жылдам құрастырмалы спорттық нысандар құрылысы (Абай ауданы, Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы және №2 оқушылар сарайы аумағында) салынуда. Оларды 2025 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарда. Еңбекші ауданы, Бадам, Қарабастау елді мекеніндегі 2 жылдам құрастырмалы модульді спорттық нысандар құрылысы демеушілер (ПКОП) тарапынан жүргізілуде. Нысандарды 2025 жылы аяқтау белгіленіп отыр. Алдағы кезеңде қалада 3 жаңа спорт нысанының құрылысы жоспарлануда. «Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт кешені» құрылысы (ЖСҚ әзірленуде), Қаратау ауданы, Тұран шағын ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы (ЖСҚ демеуші тарапынан әзірленуде) және Базарқақпа тұрғын алабындағы стадион аумағында қосымша спорт нысан құрылысы (ЖСҚ әзірленуде) жүзеге асырылмақ.

Спорт инфрақұрылымының қолданыстағы нысандарын сақтау және жаңарту мақсатында келесі нысандарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нақтырақ айтқанда, «Мұз сарайы» ғимаратын, Локомотив стадионын, кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің ғимаратын ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылмақ. Сонымен қатар, бүгінде жеке сектор есебінен Қажымұқан атындағы орталық стадионына күрделі жөндеу жұмыстары (демеуші есебінен) аяқталды. Ал, «Орталық су спорт кешені» ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары (демеушілік арқылы) жүргізілуде.

Шалғай орналасқан елді мекендерде спорт нысандарының тапшылығын шешу үшін 4 жер учаскесі заңдастырылып, құрылыс басқармасына ұсыныстар енгізілді. Аталған жерлерде ашық спорт алаңдары мен спорттық кешендер салу жоспарланған. Бұл – ауылдық және қала маңындағы тұрғындардың спорттық инфрақұрылымға қолжетімділігін арттырады. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер есебінен 3 спорт нысаны салынады.

Тарихи жеңістермен қуантты

Шымкент қаласында жоғары жетістікті спортты дамыту және спорт резервін дайындау мақсатында 35 спорт ұйымы жұмыс істейді. Спорттық мекемелерде 18 283 спортшы тұрақты түрде жаттығуларға қатысып келеді. Дамытылатын спорт түрлері — 22 олимпиадалық, 2 олимпиадалық емес, 2 паралимпиадалық, 1 сурдлимпиадалық және 10 ұлттық спорт түрі басым спорт түрлері болып белгіленген.

2025 жылдың 11 айында қала спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жалпы 2606 жүлделі орынға ие болды. Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 737 алтын, 698 күміс, 750 қола, Азия чемпионаттарында 100 алтын, 74 күміс, 67 қола, Әлем чемпионаттары мен Кубоктарында 70 алтын, 57 күміс, 53 қола медаль жеңіп алды.

2025 жылдың 11 айында 5 ҚР еңбек сіңген жаттықтырушы, 5 ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 30 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 105 ҚР спорт шебері, 771 спорт шеберлігіне үміткер спортшылар дайындалды.

Қала спортшылары биыл көптеген тарихи жеңістерге қол жеткізіп, ел мерейін асырды. 2025 жылы
Қазақстан Республикасының VI жастар спорт ойындары өткен болатын. 30 спорт түрі бойынша ұйымдастырылған жарыстар нәтижесінде Шымкент қаласы жалпы командалық есепте 3-орынды иеленді.

Жыл басында Қытай елінің Харбин қаласында өткен ІХ қысқы Азия Ойындарында фристайл акробатика спорт түрінен 6 спортшы өнер көрсетіп, жерлестеріміз 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Ерлер арасында командалық сайыста Шерзод Хаширбаев чемпион атанды. Ол жұптық сайыста 97.92 ұпай жинады. Дінмұхамед Райымқұлов жастар арасында әлем чемпионатынан жеңімпаз болып оралды.

Қысқы спорт өкілдері жастар арасында әлем чемпионаты, Дүниежүзілік Универсиада және Қысқы Азия ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрініп, мерейді тасытты. Турин қаласында (Италия) өткен ХХХІІ қысқы Дүниежүзілік Универсиадада шорт-трек спорт түрінен Айбек Темірхан командалық сайыста 3-орын жүлдегері атанды.

Рейн Рур қаласында (Германия) өткен ХХХІІ жазғы Дүниежүзілік Универсиадада таэквондо спорт түрінен 1 алтын және 1 қола медальға қол жеткізілді.

«Қазақстан барысы» республикалық турнирінде алғаш рет Шымкент қаласының спортшысы Марат Байқамұров «Қазақстан барысы» атанды. Манама қаласында (Бахрейн) өткен жасөспірімдердің ІІІ Азия ойындарына 13 спортшы қатысып, 1 алтын, 5 қола медальға иелік етті.

Токиода өткен Сурдлимпиада ойындарында еркін күрестен 2 спортшы өнер көрсетіп, Шадияр Пернеш жеңімпаз болса, Сабыржан Рсалы 3-орын жүлдегері болды.

Ислам ынтымақтастық ойындарында Нұрғиса Әділетұлы 3 бірдей алтын жүлденің иесі атанды. Рас, биыл әлемдік сайыстарда қала спортшылары тарихи жеңістермен қуантты. Ливерпульде өткен бокстан әлем чемпионатында Махмұд және Төрехан Сабырхан қос алтынмен елге оралды. Иә, бір үйден екі ағайындының топ жаруы ерекше оқиға болды.

Египеттің Каир қаласында өткен каратэден (WKF) Әлем чемпионатында жерлесіміз Софья Берульцева күміс жүлдегер атанған болатын. 27-әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының көшбасшысы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева кезекті мәрте жоғары нәтижеге қол жеткізді. Шымкенттік спортшы жарыстың финалына дейін жетіп, күміс медаль иеленді. Софья плей-офф кезеңінде италиялық Клио Ферракутти мен нидерландтық Ингрид Крименсті айқын жеңді. Жартылай финалда Ұлыбритания спортшысы Рошель Уолтерсті 5:3 есебімен жеңіп, финалға шықты. Шешуші кездесуде Германия өкілі Йоханна Колено Книрге есе жіберді.

Софья Берульцева – қазақ каратэсінің тарихындағы ең табысты спортшылардың бірі. Бұған дейін әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болған еді. Биыл, міне, өз нәтижесін күміс жүлдемен жақсарта түсті. Жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның бірнеше дүркін чемпионы.

Сондай-ақ, Қытайдың Уси қаласында өткен таэквондодан (WT) Әлем чемпионатында жерлесіміз Нодира Ахмедова қола жүлдемен қуантты.  49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Н.Ахмедова жарысты жартылай финалда аяқтап, үздік үштіктің қатарынан көрінді. Жартылай финал кезеңінде ол Қытайлық Тайпей елінің өкілі Ю Юн Люге есе жіберді. Екінші айналымнан бастап бақ сынаған жерлесіміз Бразилия, Канада және Тайланд спортшыларын тізе бүктіріп, жартылай финалға дейін жетті.

Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатында соңғы рет 2007 жылы (Бейжіңде) қола жүлде алған болатын. Осылайша, Нодира Ахмедова арада 18 жыл өткен соң, еліміздің әйелдер таэквондосына әлемдік деңгейдегі медальді тарту етті. Иә, Шымкент қаласына таэквондодан әлем чемпионатының медалі араға 26 жылдан кейін келді. Соңғы рет 1999 жылы Әділхан Сағындықов әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған еді.

Биылғы әлемдік сайыста Шымкент қаласынан үш спортшы бақ сынады. Н.Ахмедова жартылай финалға дейін жетсе, Самирхон Абабакиров ширек финалда қарсыласына есе жіберіп алды.

Жуырда Қазақстан бокс федерациясы жыл қорытындысын жария етті. Бір үйден екі әлем чемпионын дайындаған білікті жаттықтырушы, жерлесіміз Ильяс Оралбеков үздік бапкер атағын иеленді.

Сондай-ақ, Астана қаласында ұйымдастырылған Қазақстан бокс федерациясының Кубогінде Шымкент қаласының құрамасы чемпион атанды. Шешуші кездесуде шымкенттік боксшылар Астана командасымен күш сынасып, тартысты бәсекеде 9:6 есебімен жеңіске жетті. Айта кетейік, жартылай финалда Шымкент қаласының боксшылары Қарағанды облысының командасынан 9:6 есебімен басым түскен еді. Ал, топтық кезеңде Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы қаласының командаларын жеңіп, өз тобында бірінші орын иеленді. Осылайша Шымкент қаласы құрамасы Қазақстан бокс федерациясы кубогының иегері атанып, боксшылар жылды жарқын жеңіспен аяқтады.

Шаһарда 2026 жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алу және жазғы спорт түрлерінен ХХ жазғы Азия ойындарына алдыңғы көрсеткіштерді жақсарту үшін қарқынды дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. 2026 жылы қала спортшылары үшін басты сын – Қысқы Олимпиада ойындары мен Жазғы Азия ойындары. Біз жерлестерімізге зор сенім артамыз.

 

Тағабай ҚАСЫМОВ

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win