Қазақ халқы қашан да алдағы күннен жақсылық күткен. Жаңа жылды ақ үмітпен, ізгі ниетпен қарсы алу санамызға сіңген дәстүр десек, артық айтқандық емес. Ертеңгі күнге сеніммен қараған жұртымыз үшін 2026 жыл да жағымды жаңалықтарымен басталып отыр. Жаңа жылдан бастап халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды шешімдер жүзеге асты.

Жылқы жылы зейнетақы мен жәрдемақылардың мөлшері айтарлықтай өсті. Ең төменгі зейнетақы 69 049 теңгеге жетті (2025 жылы – 62 771 теңге). Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгеге көтерілді (бұрын – 32 360 теңге). Әлеуметтік төлемдерді есептеуге негіз болатын ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңге болды (2025 жылы – 46 228 теңге). Айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңгеге дейін өсіп, осы көрсеткіш арқылы есептелетін жәрдемақылар мен айыппұлдар да ұлғайды. Ал, ең төменгі жалақы мөлшері 85 000 теңге деңгейінде сақталды.
Көп балалы отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақы да көбейді. Төрт баласы бар отбасылар 69 265 теңге (16 АЕК), бес балаға – 86 598 теңге (20 АЕК), алты балаға – 103 930 теңге (24 АЕК), жеті балаға – 121 263 теңге (28 АЕК) алады. Сонымен қатар «Алтын алқа» иелеріне 31 997 теңге (7,4 АЕК), «Күміс алқа» иелеріне 27 680 теңге (6,4 АЕК) көлемінде жәрдемақы беріледі.
Жаңа туған балаға берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы да өсті. Бірінші, екінші және үшінші балаға 164 350 теңге (38 АЕК), ал, төртінші және одан кейінгі балаларға 272 475 теңге (63 АЕК) төленеді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын төлем қарастырылған. Оның мөлшері бірінші балаға – 24 912 теңге (5,76 АЕК), екінші балаға – 29 465 теңге (6,81 АЕК), үшінші балаға – 33 951 теңге (7,85 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 503 теңге (8,9 АЕК). Ал, декретке дейін жұмыс істеген әйелдерге төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлем соңғы екі жылдағы орташа табыстың 40 пайызы мөлшерінде есептеледі.
Зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігі де кеңейді. Зейнетақының ең төменгі мөлшері мен күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға қажетті ең төменгі жеткіліктілік шегі орта есеппен 10 пайызға көтерілді. Мәселен, 30 жастағы азамат үшін бұл көрсеткіш 5 120 000 теңге болды (бұрын – 4 580 000 теңге).
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде де маңызды өзгеріс бар. 2026 жылдан бастап табысы төмен 1 миллионнан астам азаматтың МӘМС жарнасын жергілікті бюджет төлей бастады. Ел бойынша МӘМС жүйесінен тыс қалған 3,3 миллион адамның ішінде әлеуметтік тұрғыдан әлсіз 1 миллион адам осындай қамқорлыққа алынды. Сонымен қатар МӘМС жүйесіне кемінде 5 жыл тұрақты жарна төлеген азаматтардың мәртебесі төлем уақытша тоқтаған жағдайда да 6 ай бойы сақталады.
Жаңа жылмен бірге салық реформасы да басталды. Бұл өзгерістер салықты көбейту үшін ғана емес, жүйені әділ әрі тиімді ету үшін қолға алынды. Салық түрлері 20 пайызға қысқарып, қосылған құн салығының жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК-ке, яғни, 40 миллион теңгеге дейін төмендетілді. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге жеңілдетілген ҚҚС мөлшерлемесі енгізіліп, 2026 жылы 5 пайыз, 2027 жылы 10 пайыз болып белгіленді. Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан толық босатылды. Пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан автокөліктерге салынатын көлік салығы төмендетілді. Мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік салықтық шегерім 882 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Сонымен қатар байлыққа салынатын салық тетігі іске қосылды. Жылдық жиынтық табысы 8 500 АЕК-тен, яғни 36,7 миллион теңгеден асатын азаматтарға 15 пайыздық жеке табыс салығы қолданылады. Құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктерге, 100 миллион теңгеден қымбат кемелерге, жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлікке қосымша салық салынды. Бұл талаптар тек жеке тұлғаларға қатысты. Ал, айлығы 150 мың теңгеге дейінгі азаматтар табыс салығынан босатылды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімі де кеңейді. Бұрын 19 тауар болса, 6 қаңтардан бастап оған тағы 14 өнім уақытша қосылды. Осы тауарларға сауда үстемесін 15 пайыздан артық қосуға болмайды. Бұл шешім бағаның шарықтауына жол бермей, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлігін қолжетімді етуге бағытталды.
Қорыта айтқанда, жылқы жылы ел өміріне нақты өзгерістер әкелді. Әлеуметтік төлемдер өсті, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі реформалар іске асты. Бұл – бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі ел болашағы үшін қабылданған шешімдер. Жақсылықтан үміт үзбеген жұрт үшін 2026 жыл берекелі бастамаларымен есте қалмақ.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ
