Редакция таңдауы

 Зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыскерлердің алдын ала және мерзімдік медициналық тексерулері туралы

Жұмысшылардың кәсіби қызметі өндірістік ортадағы зиянды өндірістік факторлардың әсер ету жағдайында болуы мүмкін. Зиянды өндірістік факторлардың келесідей түрлері бар:

  • Химиялық факторлар (әртүрлі химиялық қосындылар);
  • Биологиялық факторлар (мақта, зығыр, кендір, кенаф, джут, дән, темекі, ағаш, шымтезек, құлмақ, қағаз, жүн, мамық, табиғи жібек) және т.б.;
  • Физикалық факторлар (радиоактивті заттар, қалдықтар, иондаушы сәулелену көздері, лазерлік сәулелер, ультракүлгін сәулелер, электромагниттік сәулелер, электромагниттік және магниттік өрістер) және т.б.

Жұмысшылардың денсаулығына зиянды факторлардың әсерін болдырмау және азайту үшін жұмыс беруші тиісті шараларды қолданады, олардың бірі міндетті мерзімдік медициналық тексерулерді ұйымдастыру болып табылады. Міндетті медициналық тексерулер алдын ала, мерзімді және ауысым алдындағы (сапар алдындағы), ауысымнан кейінгі (сапардан кейінгі) болып бөлінеді. Медициналық тексеруді мемлекеттік лицензиясы бар медициналық ұйымдар жүзеге асырады.

Медициналық тексеріп-қараудан өту тәртібі қолданыстағы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығымен  айқындалады. Ол бұйрықта:

– міндетті медициналық тексерілуге ​​жататын адамдардың мақсатты топтары және зертханалық және функционалдық зерттеулер көлемі;
– міндетті медициналық тексерулердің ережелері мен мерзімділігі;
– медициналық қарсы көрсетілімдер;
– зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың, жұмысқа орналасқан кезде  міндетті алдын ала медициналық қарап-тексерулер және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жүргізілетін кәсіптер мен жұмыстардың тізбесі бекітілген.

Мерзімді медициналық тексерулердің мақсаты жұмысшылардың денсаулық жағдайын динамикалық бақылауды қамтамасыз ету, аурудың бастапқы белгілерін уақтылы анықтау, жалпы, кәсіптік, жұқпалы және паразиттік аурулардың таралуын болдырмау болып табылады. Медициналық тексерулер аяқталғаннан кейін медициналық комиссияның төрағасы қорытынды акт жасайды, оған медициналық ұйымның басшысы қол қойғаннан кейін ұйым әкімшілігіне орындауға жіберіледі.

Алдын ала міндетті медициналық тексерулер жұмысқа немесе оқуға кірер кезде кәсіп бойынша қызметтік міндеттерін орындауға жарамдылығын анықтау, сондай-ақ жалпы, кәсіптік, жұқпалы және паразиттік аурулардың таралуының алдын алу мақсатында жүргізіледі.

Жыл сайынғы мерзімдік тексеру жылына бір рет сол ұйымдағы бүкіл жұмыс кезеңінде жүргізіледі.

Ауысым алдындағы медициналық тексеру – жұмыс ауысымы басталғанға дейін 1 сағат ішінде.

Сапар алдындағы және сапардан кейінгі медициналық тексеру – рейс басталғанға дейін 30 минут ішінде және сапар аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде.

Ауысым алдындағы (сапар алдындағы) міндетті медициналық тексерулер жеке тұлғада аурудың болуын немесе болмауын анықтау немесе растау, денсаулық жағдайын, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздықты, алдағы ауысымға (рейске) түсу алдын кәсіби жарамдылығын анықтау мақсатында, сонымен қатар алкогольді ішімдіктерді, есірткілерді, психоактивті заттарды пайдалану немесе осындай заттарды пайдаланудың қалдық әсерлерін анықтау үшін жүргізіледі.

Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департамент басшы орынбасары
Ахметов Алдарқұл Райымқұлұлы

Соңғы жаңалықтар