М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да 120 студент-жас «Өңірлердегі жастарға ынталандыру жұмысын жүргізу үшін тәлімгерлер тобын оқытуды ұйымдастыру» атты семинарына қатысуға өтініш білдірген. Бүгінгі шараға белгілі әнші-композитор Марат Омаров та менторлық жасап, өмірден түйгенімен бөлісуге арнайы келгенін айтады. Аталған форумды «Жастар жылы» аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырып отыр.
Оңтүстік өңіріне жауапты министрліктің өкілі Р. Бақтияров менторлық жұмыстың жастарға берері мол екенін айтты. Сондай-ақ, «KAZBRANDS» қоғамдық қоры өңірлік жастар мәселелерін талдау мақсатында тың зерттеулерді ұйымдастыру үшін сарапшылар тобын жинап, соның қорытындысымен интерактивті карта әзірлеуді жоспарлап отыр.
Екі күнге жоспарланған форум аясында кездесулер мен семинарлар, түрлі тақырыптағы тренингтер мен спорттық жарыстар, концерттік бағдарламалар өткізіледі.