Версия для печати

Энерготиімділікті арттыру – игілікті жоба Избранное

Пятница, 18 Ноябрь 2016 05:44 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5405 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте энерготиімділікті арттыру мақсатында бірқатар жобалар қолға алынғанын бұған дейін жазған едік. Міне, үшінші мегаполисте БҰҰ Даму бағдарламасының үйлестіру орталығы ашылып отыр. Бұл орталық қалалық фронт-офис ғимаратында орналасқан. Өңірімізде және облыс орталығында энерготиімділікті арттыру және энергоүнемдеу мәселелері жөнінде өткен «Қала орнықтылығының технологиялары» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияда алдағы мақсаттар белгіленіп, жоспарлар айқындалды. Конференцияда осы жұмыстардың қалада жүзеге асырылу барысы және «Төменкөміртекті дамуға арналған орнықты қалалар» жобасы кеңінен талқыланды. Өйткені, Шымкент еліміздегі іріктеліп алынған 15 пилоттық қаланың бірі.

DSC 9183

Бүгінде әлем елдері су, электр қуаты, басқа да табиғи байлықтарды тиімді пайдалануға шақырады. Елімізде БҰҰДБ мен ҚР Үкіметі 2015-2019 жылдарға арналған «Төменкөміртекті дамуға арналған тұрақты қалалар» жобасын іске асыруды бастаған еді. Ауқымды шараны ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті, ҚР Энергетика министрлігі, жергілікті мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдар арқылы бірлесе жүзеге асырмақ. 

«100 нақты қадам – Ұлт жоспарында» да энергосервистік шарттар арқылы энергия үнемдеу саласына стратегиялық инвесторлар тарту көзделген. Онда «Энергия үнемдеу саласында кешенді қызмет көрсету үшін жекеменшік энергия сервистік компанияларды дамытуды ынталандыру және іс жүзінде энергетикалық шығындарды үнемдеуден қаржылай пайда табу қажет» делінген.

Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі индустриалды даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитеті төрағасының орынбасары Тимур Нұрашев, БҰҰ ДБ-ның Тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуи Алтангерел, т.б. қатысып, өз ойларын ортаға салды. Жиында талқыланған өзекті мәселені мемлекеттік және жергілікті атқару органдары, энергиямен қамтамасыз ету әрі энергия өндіруші ұйымдар, инвестициялық ұйым өкілдері, сарапшы мамандар мұқият тыңдады. 

DSC 9162

Шымкентте инвестициялық бағдарлама есебінен жылу есептегіш құралдары орнатылып жатқаны мәлім. Талдау жұмыстары көрсеткендей, бүгінде диодты шамдарды қолдану 40 пайызға жеткен. Ал қыздыру шамдары 25 пайызға дейін төмендеген. 

Жалпы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына инвесторларды тарту қиын шаруа. Дегенмен, оның түрлі механизмдерін тауып, іске асыруға болады. Мәселен, соның бір механизмі – инвестор өзінің ақшасына жабдықтарды орнатып, кейін өтелген үнем нәтижесінде өзінің салған қаражатын қайтарып алу мүмкіндігі. 

Облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев өз баяндамасында энерготиімділікті арттыру бағыты бойынша өңірдің әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Бағытталған іс-шараларды көбейтіп, нәтижелілікті арттыруға мән беруге үндеді. 

DSC 9195

– Өңіріміз үшін бұл – өте маңызды тақырып. Біз алдымызға үлкен тапсырма қойып отырмыз. Түзілген меморандум толық түрде жүзеге асуы тиіс. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудан бөлек, ауылшаруашылығы саласында да жобаларды талдап, бірлесе жұмыс атқаруға дайынбыз. Одан кейін туристік әлеуетті арттыруға да мән берсек. Мәселен, Түркістанға жылына бір миллион халық келеді. Меморандумға сәйкес, мониторинг жүргізіліп отырады. Мүмкін бір жыл уақытты алар. Әлемдік тәжірибе арқылы мұны үйренеміз деп ойлаймын. Бұл жұмыстарда басты мәселе қаражат бөлуде емес, мәселе біздің қалада, ауылды жерлерде, энерго үнемдеуді, энерго ресурстарды дұрыс пайдалануды үйренуде, – деді Ж. Бөкенбаев. 

Негізінен, бұл бағытта грант есебінен қаражат бөлінбек. Одан кейін инвесторларды тарту көзделіп отыр. Өз кезегінде Даму бағдарламасының өкілдері бизнес-жоспарды дайындауға көмектеседі. Семинарлар өткізеді, жаңа технологиямен таныстырады. Экологиялық туризм мәселелерін шешуде тәжірибелерін көрсетеді. Одан бөлек, ауылшаруашылығы саласын дамытуға да жәрдем беруге ынталы.

– Шымкент бұл жобаларға алғашқылардың бірі болып қызығушылық танытты. Әріптестігіміз нығайып келеді. Облыс және қала әкімдігімен жасасқан келісім-шарт бойынша жұмысымызды алға қарай дамытуға дайынбыз. Қала тұрғындарына жайлылықты, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – біздің басты мақсатымыз, – дейді БҰҰ ДБ жобаларының үйлестірушісі Александр Белый. 

Қалалық фронт-кеңсе ғимаратында орналасқан БҰҰ ДБ-ның ОҚО бойынша үйлестіру орталығы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жасыл технология бойынша кез-келген тұрғынға, кәсіпкерге кеңес беріп, сауалдарына толыққанды жауап береді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.