Версия для печати

Астана, арманымның асқары Сен! Избранное

Четверг, 05 Июль 2018 09:26 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4696 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Адамзат баласы ежелден өркениетке, айналаны танып-білуге, білім мен мәдениетке ұмтылған. Бұл үрдіс үздіксіз жалғасып келеді. Шүкір, бүгінде әрбір қазақ азаматының арманы ақиқатқа айналды. Ізденсе, талпынса, жетіп жатыр. Оған барлық жағдай бар.

11111

 Көп жастың арманы еді

Қазір білім іздеп шетелге сабылудың қажеті жоқ. Өзімізде де іргеcі берік, ойы озық мамандары бар, іргелі білім-ғылым орталықтары жеткілікті. Оның негізгілері Астанада шоғырланған. Рас, Астана – білім мен ғылымның ордасына айналып үлгергені ақиқат. Көп жастың арманы – елдің астанасында білім нәрімен сусындау. Елдің бас қаласында оқудың жөні бөлек. Онда бәсеке бар. Бірін-бірі қолдау, бірін-біріне қанат бітіру, талпыныс бар.
Астанадағы өмір сонысымен де қызық. Біздің де арманымыз осындай-тын. Осыдан 12 жыл бұрын арман қуып, ешбір ойланбастан бас қалаға тартып кеттік. Онда жылы-жұмсағын тосып тұрған туыстарымыз да жоқ. Бар ойымыз бәсекелестік ортаға куә болу, елдің барлық өңірінің жастарымен қатарласа ілім алу еді.
Санамалап қарасақ, қазір Астанада 20 жоғары оқу орны, 20 колледж бар екен. Астана аз уақыттың ішінде-ақ Орталық Азияның ғана емес, барлық ТМД елдерінің ірі ғылым, білім және мәдени орталығы атана білді.
Елорда – елдің барлық өңірлерінің жастарының басын қосқан, білім бәсекесі қайнаған орта. Мұнда отандық білім беру ісінің жетекшілері – Назарбаев Университеті, 
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті орналасқан. Бәрі де әйдік оқу орындары.
Елордадағы ғылым, білім орталықтары ішінде алғашқылардың бірі – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ашылған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті болатын. Бұл – әлемдегі ашылғанына жарты ғасыр толмаған, 2014 жылы дамыған жоғары оқу орындарының үздік елулігіне кірген ТМД кеңістігіндегі бірегей оқу орны.
Біздің де ЕҰУ-ға арман қуып барғанымыз оқу орнының 10 жылдығымен тұспа-тұс келді. Сол кездің өзінде асқақ Астанаға оқуға түсу көп жастың арманы еді. Бүгінде осы білім ордасындағы 13 факультетте 17 мың студент, магистр, ғылым докторлары оқып жүр.
Елорданы әлемге әйгілеп тұрған оқу орындарының бірі – Назарбаев Университеті. Жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығында ашылған университет – жоғары білімнің көшбасшысы. 2010 жылы алғашқы студенттерін оқуға қабылдады. Қазіргі таңда бұл университет өзіндік білім беру стандарттарымен жұмыс істейді. Білім алушылардың жалпы саны 3 мыңға жуық. Жылына 500 адам грант иегері атанады. Оқуға түсушілердің негізгі контингенті – Назарбаев Зияткерлік мектебінің және еліміздегі басқа да мектептердің дарынды түлектері.
2015 жылы осы универститетті ең алғашқы түлектер бітірді: бұл жылы оқу орнын 446 студент аяқтаса, келесі жылы алғашқы 178 магистрант диплом алды.
Астана қаласында бүгінде жалпы саны 60 мыңға жуық студент тәлім алады. Одан бөлек 100-ге жуық мектеп жұмыс істейді. Дарынды балаларға арналған «Зерде», «Дарын», «Нұр Орда» мектептері бар. Олар «Болашақтың мектебі» міндеттерін мойнына алды. Елорда мектебінің оқушылары да әрдайым білім бәйгелерінде маңдайы жарқырап шығып жүр.

Ғылыми-зерттеу, инновациялық өсу орталығы

Елбасы айтқандай, Астана – жаңа, серпінді дамып келе жатқан Қазақстанның бейнесі, жаңарудың, түптеп келгенде, Тәуелсіздігіміздің нышаны. 
Астананың болашағы баянды, келешегі кемел. Жастарға арнаған сөзінде Елбасы Астананың болашағы туралы толғана отырып «Астана – тек ғимараттар, көшелер немесе парктер ғана емес. Астана – ең алдымен адамдар. Астана тұрғынына ерекше жан-дүние, жоғары мәдениет, кіршіксіз білімділік және тәрбиелілік тән болуы тиіс. Жаңа елорданың, өз Отанының құрылуына куәгер болу әр ұрпақтың еншісіне бұйыра бермейді. Олар осы қаланы әкелері мен аталары тұрғызғанына мақтанатын болады» деген еді.
Елорданың ірі ғылым ордасы екенін уақыт дәлелдеді. Таяуда ғана Елбасы Астанада Назарбаев Университетінің түлектеріне диплом тапсыру рәсімінде мұны нақты айтты. Биыл Университеттің төртінші түлектері диплом алды. Жалпы, аталмыш жоғары оқу орнын биыл бакалавриат, магистратура және РҺD бағдарламалары бойынша 811 студент бітіріп шыққан. Диплом алғандардың қатарында қазақстандық жастардан бөлек Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 8 азамат бар. Айта кету керек, биыл университеттің медицина мектебі алғашқы 25 түлегіне диплом берді.
– Университет еліміздің ғана емес, сондай-ақ алыс және жақын шетелдердің оқымыстыларын тартатын орталыққа, жастардың жобаларын бірлесе жүзеге асыратын орынға және Гарвард, Корсер, Хан академиясының онлайн-курстары үлгісімен білім берудің интернет-платформасына айналуға тиіс, – деді Елбасымыз маңызды міндеттерді жалғастыруға үндей отырып.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, университет 2025 жылға дейін студенттер санын екі есеге көбейтіп, бакалаврларды бес жарым мыңға дейін жеткізуді көздейді. Ғылыми жұмысты қарқынды дамыту үшін РһD доктор санын да арттыру жоспарланып отыр.
Расында, Назарбаев Университеті жаңарудың символына айналған және еліміздің ғылыми-зерттеу, инновациялық және кадрлық әлеуетінің өсу орталығы. Университеттің түлектері өз Отанында да, сондай-ақ шетелдерде де сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар.

1-1

«Астанада білім аламын»

Былтырғы «Астана ЭКСПО» көрмесі де көптеген жастың үмітін оятты. Сонда куә болғанбыз. Шымкенттік оқушылардың Елордаға саяхаттап бару делегациясының құрамында болдық. Елордаға табанымыз тие салысымен еліміздегі әлеуетті Назарбаев университетінің жатақханасына жайғастық. 8-9-10 сыныптың оқушылары жан-жағына таңырқай, болашаққа көз тастай қарап жүр. Шетелдік оқытушылар мен студенттер олар үшін қызық көрінді. Әрине, жастардың көкейіне жарқын болашаққа деген сенім ұялағаны мәлім.
Оқушылар екі күн бойы «ЭКСПО» көрмесіндегі ғылыми жобаларды тамашалап, керемет әсер алды. Саяхатымыздың екінші күні негізінен танымдық саяхатқа арналды. Астананың жаңа келбеті, зәулім ғимараттар, сәулеттік нысандары да оқушылардың таным-түйсігін кеңейткендей. Бейбітшілік және келісім сарайы, Қазақстан 
Республикасының Ұлттық музейі, «Бәйтерек» монументі, «Думан» ойын-сауық орталығы... Оқушылар ерекше қызығушылықпен барлық бағытты аралап шықты.
Осы сәттегі ең бір есте қалғаны оқушылардың «Бәйтерек» монументінің жанында «Атамекен» әнін орындауы болды. Шәкірттер көпшіліктің көзінше туған елді құрметтеуге үндейтін әнді топпен шырқап берді.
Жалпы, екі күндік саяхатта оқушылар осында білім алуға деген құлшыныстарын байқатты. Көпшілігінен сұрап шықтық. Бәрінің де ойы осыған саяды. Он шақты оқушының болашақта кім болғысы келетінін сұрағанбыз. Негізінен, олардың басым бөлігі 8-9 сыныптың оқушылары. №82 мектептің 8б сыныбының оқушысы Мақсат Әбутакир ғарышкер болсам дейді. Дүниежүзі тарихы, астрономия пәндерін құмартып оқып жүр осы күні. Әсіресе, тарихтағы әйгілі қолбасшылардың стратегиялық жоспарларына да қызығушылығы ауған. «Астанадағы Назарбаев университетінде оқимын, ғарышты игеремін» деп шорт кесті. Өзі алғыр бала.
Екі күндік сапарда әр оқушы өз ішінде осындай ой түйді. Бәрінің де Елордаға алғаш рет келуі. Бәрі де зор әсер алып, туған жерге нақты мақсатпен қайтты.
...Мінекей, 20 жылдың ішінде Астана осылайша әлемдік өркениеттің, білім-ғылымның орталығына айналып үлгерді. Астана зәулім ғимараттарымен қатар, адамзат өркениетінің жауһарлары тоғысқан білім мен мәдениеттің ордасымен де мақтана алады. Жастардың қаласы. Қазіргі жастар осында білім алып, қызметті де осында бастағанды құп көреді.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпы ұлттық идея мәртебесіне ие болды. Жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды. Ен бастысы, ел жастарының қиялына қанат бітіретін, арман қуған жастарға пана болған шаһар.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.