Версия для печати

8 МЫҢНАН АСТАМ ҚҰЖАТ ЗЕРДЕЛЕНДІ Избранное

Пятница, 04 Февраль 2022 03:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 909 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент өңірлік комиссия 8 мыңнан астам азаматтың құжатына зерделеу жұмыстарын жүргізіп отыр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент қаласы бойынша жұмыс тобының мүшесі-бағыт жетекшісі Гүлнар Жанысбекова мәлімдеді.

175

 

Жиынға жұмыс тобының бағыт жетекшісі, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Рухани жаңғыру және ҚХА» орталығының басшысы, т.ғ.к., доцент Г.Жанысбекова, М.Әуезов атындағы ОҚУ колледж директоры, тарих ғылымдарының докторы Ә.Сейдехан, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары Гүлмира Серікбаева қатысты.
Мемлекет басшысы
Қ.Тоқаевтың Жарлығына сәйкес құрылған Шымкент өңірлік жұмыс тобында ғалым, зерттеуші, профессорлардан құралған 25 кісі екі бағыт бойынша жұмыс жүргізген. Оның бірі — архивтік, екіншісі — экспедициялық бағыт. Архивтік бағыт бойынша Шымкент қалалық Полиция департаментінің арнайы архивінен 31 іс, Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарихы коммуналдық мемлекеттік архивінен 102 іс, Түркістан облыстық мемлекеттік архивінен 35 іс, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін музейінен 13 іс алынып, зерделенген. Ал, экспедициялық бағыт бойынша жұмыс тобының екі зерттеушісі 2021 жылдың тамыз айында Алматы қаласына, қараша айында Өзбекстанның Бостандық ауданына экспедициялық сапарға шыққан.

174


— Жұмыс тобы Шымкент қаласы ескі қалашық аумағынан тұтқындарды тергеуге арналған ғимаратты анықтап отыр. Бүгінде оның ені 1 метрлік бір бет қабырғасы ғана қалған. Ол «Магнолия» сауда нүктесінің орнында болғаны, оның жекешелендіру кезінде бұзылып кеткені анықталды. Ары қарай зерттеу жұмыстары жалғасатын болады. Сондай-ақ, араб және төте жазу аудармаларын жасау бойынша өзге аймақтар министрлік көмегіне жүгініп отыр. Ал, біздің екі зерттеушіміз 100 бетке жуық құжатқа аударма жасады. Яғни, жергілікті ғалымдардың мүмкіндігін пайдаланып отырмыз, - дейді
Г. Жанысбекова.
Саяси қуғын-сүргіндерді ақтау мақсатында 10 бағыт бойынша жұмыс істеп отырған өңірлік жұмыс тобы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тұтқындар мен қуғынға ұшыраған дін өкілдері жайлы тың деректермен бөлісті.
Тарих ғылымдарының докторы Ә.Сейдеханның жетекшілігіндегі топ 1939-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қамауға алынған қазақстандық әскери тұтқындарды ақтау мақсатында жұмыс жүргізіп, республикалық комиссияға арнайы ұсыныстар дайындап отыр.
— Шымкент қаласы Полиция департаментінің арнайы архивіндегі қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға қатысты істердің жалпы саны — 17 231. Оның ішінде әскери тұтқындарға қатыстысы 8504 іс. Осы құжаттардың фильтрациядан өткені мен трофейлік материалдар бойынша 8248-і сақталған. Ал, ақталмаған әскери тұтқындардың архивтік қылмыстық істері қорының саны — 356. Сондай-ақ, 100-ден аса «Түркістан легионында» болған оңтүстікқазақстандықтар анықталды. 2021 жылы атқарылған жұмыс нәтижесінде осы 100-ден аса әскери тұтқынды ақтау жөнінде ұсыныс берілді. Олар соғыстан кейін жазықсыз 10-25 жыл аралығында бас бостандығынан айырылған, -дейді Сейдехан Нұрмаханұлы.
Жұмыс тобының мүшесі-бағыт жетекшісі Г.Серікбаева қуғынға түскен дін өкілдері жайлы анықталған мәліметті бөлісті.
— Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша саяси қуғынға ұшыраған 97 дін өкілі анықталып отыр. Оның 66-сы ислам, 31-і христиан дінінің өкілі болған. Оның ішінде 15 ислам дінінің, 14 христиан дінінің өкілі Шымкент қаласынан. Тізімдегі азаматтардың 49-ы ату жазасына кесілсе, 4-еуі жер аударылған. Қалған 13 азаматтың ісі туралы мәлімет тым аз болуына байланысты, сот үкімдері әзірге белгісіз. Бүгінде құжаттардағы көрсетілген тұтқындау орындарынан мәлімет жинау қолға алынып отыр. Сондай-ақ, арнайы экспедиция қираған мешіт, шіркеулер бойынша да мағлұматтар жинап жатыр. Мәселен, Аппақ ишан әулетінен 33 кісі қудалауға ұшырап, 30 кісі қайтыс болған. Дін өкілдеріне қатысты мәлімет жинауда тікелей ұрпақтарының, ауыл тұрғындарының көмегі тиіп отыр. Ал, артында іздеушісі қалмағандар туралы мағлұматтар тым аз, -дейді
Гүлмира Алдоңғарқызы.
Айта кетейік, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған комиссия 1950 жылдарға дейінгі істерді қамтыған. Осы жинақталған құжаттар негізінде биыл «Оңтүстік өңірдегі ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін» атты 500 беттік құжаттар жинағының 1 томы баспаға ұсынылып отыр. Комиссияның жұмысы 2022 жылы да өз жалғасын таппақ.