Версия для печати

КІТАПТЫ ЖҮРЕКПЕН ОҚИТЫН ЖІГЕРЛІ ЖАНДАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ Избранное

Среда, 16 Февраль 2022 03:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1446 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Кітап — ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына». Бұл түркі халықтарының ойшылы, ақын Әлішер Науаи айтқан пайым. Расында да, кітап оқырман таңдамайды, барлығына пайдалы ілім ұсынады, тіптен онысы үшін ақы да сұрамайды.
Шымкенттік кітапсүйер қауым үшін 2021 жыл жағымды жаңалыққа толы жыл болды. Себебі, қаладағы тозығы жеткен 10 кітапхана модернизациядан өтіп, оқырмандарына жаңа леп әкелді. Олардың қатарында Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретіндерге арналған арнайы кітапхана ғимараты да бар. Бүгін осындай ерекше жандарға қызмет көрсетіп отырған ұжымның тыныс-тіршілігі мен мүмкіндіктері жайлы баяндамақпыз.

254

 

Жаңғырудан кейін...

Жарты ғасырлық тарихы бар кітапхана 1969 жылы қарым-қатынас орталығы ретінде облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана болып ашылған. 2018 жылы Шымкенттің республикалық маңызы бар қалалар қатарына қосылуына орай, кітапхана үшінші мегаполистің қарамағына өтті.
— Ұзақ жылдар ағымдағы жөндеуден ғана өтіп, ескірген ғимарат былтыр қазан-қараша айларында мемлекет қаражатына жаңғыртудан өтіп, 21 желтоқсанда өз оқырмандарымен қайта қауышты. Жаңарған ғимарат қаладағы зағип және әлсіз көретін жандардың өзгелермен тең өмір сүруіне, білім нәрімен сусындауына, рухани азық алуына мүмкіндік сыйлап отыр. Алғашқыда оқырмандарға арналған екі зал ғана болатын. Бүгінде 6 оқырман залы бар. Сонымен қатар, арнайы кітапхананың қызмет шеңбері артып, әлсіз көретін жандардан бөлек жергілікті оқырмандарға да қызмет көрсететін болдық, - дейді кітапхана директоры Бәкір Нұрманбетов.

256

 

Мамандардың айтуынша, модернизация кітапсүйер қауымға мол мүмкіндік сыйлап отыр. Конференция залында түрлі форматтағы көлемді іс шаралар ұйымдастырылса, қазақша нүктелі-бедерлі шрифт авторы Ақан Қасымов атындағы және тұңғыш бедерлі шрифт авторы Л.Брайль атындағы зал зағип жандардың кітап оқуына бейімделген. Ал, интерактивті орталық жасөспірім балалар мен студенттердің бірлесе отырып іс-шара өткізуіне арналса, кітапханадағы дыбысты қор, күйтабақтар, аудио кітаптар мен әдебиеттер, таспалар мен музыкалық аспаптар аудио залға қойылған. Сондай-ақ, жаңалау жұмыстарынан кейін «baby books» балалар бөлмесі жасақталған. Мәселен, кітап оқуға келген балалар арнайы бұрыштарда арагідік ойнап, тынығып алса да болады. Үй тапсырмасын орындап, шығармашылықпен айналысуына да жағдай жасалған.

— Кітапхананың көпшілік іс-шараларды өткізуге арналған конференция залы арнайы техникамен жабдықталып, каталогтар тізімі толығымен электронды форматқа өтті. Ғаламторды пайдаланушы оқырмандарға тегін Wi-fi желісі қосылған. Ғылыми жұмыспен айналысушыларға, түрлі пікірталас, кездесу өткізушілерге де жағдай жасалған. Күн ұзаққа кітапханада жұмыс істеуші оқырмандар тамақтанып алу үшін кофе-бардың есігі ашық. Сонымен қатар, жылдың жылы мезгілінде оқырмандарымыз кітапхана ауласына шығып, таза ауада отыра алады. Көгалды сахна-алаңша, әткеншек, ағаштың көлеңкелі саясындағы арнайы креативті орындықтарда отырып, кітап оқуына болады. Алдағы уақытта қала тұрғындарының кітапханаға деген көзқарасын өзгертіп, келушілер саны артады деген үміттеміз, - дейді кітапхана директорының орынбасары Әдемі Бөрібекова.

Баспаханасы да, дыбыс студиясы да бар

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретіндерге арналған арнайы кітапхананың қорында 141805 дана кітап бар. Оның ішінде аудио кітаптар саны – 38933 дана болса, арнайы бедерлі-нүктелі Брайль шрифтінде 70 856 әдебиет бар. Ал, рельефті-графикалық әдебиеттер – 25 138 дана. Электронды әдебиеттер қоры 6878-ге жетіп отыр.
— Зағип және әлсіз көретін жандарды кітап оқуға бейімдеу барысында, әуелі, тактильді әдебиеттер қолданылады. Сипап сезу арқылы дүниетанымын кеңейтуге күш саламыз. Яғни, қоршаған ортадағы заттардың кішірейтілген нұсқасын картоннан қиып, мата мен мақтадан пішіп, арнайы кітапша ретінде жасаймыз. Рельефті-графикалық бедерлі кітапшаларды оқыған балалар айналадағы заттардың пішінін, бейнесін сезу арқылы таниды және саусақтарының сезімталдығы дамиды. Ары қарай, арнайы білім мекемелері бедерлі-нүктелі Брайль әрпін үйреткен соң, балалар осы бағыттағы әдебиеттерді оқитын болады, - дейді кітапхананың әдіскері Гүлмира Ерсінбекқызы.
Өткен жылы кітапхананың тұрақты оқырмандарының саны 14 мыңға жеткен. Алайда, биыл жаңарған кітапхананың мүмкіндіктерін пайдалана отырып 20 мыңға жеткізу көзделіп отыр.
Бүгінде кітапхананың өз баспаханасы мен дыбыс жазу студиясы жұмыс істеп тұр. Онда мамандар қажетті көркем әдебиеттерді, мерзімді басылымдарды оқырман сұранысына бейімдейді.

255


— Кітапханада 42 кітапханашы бар. Оның ішінде 9-ы бірінші топтағы көз мүгедегі. Кітапхананың баспаханасында 4 маман көркем әдебиеттер мен ғылыми еңбектерді, салалық кітаптарды Брайль әрпіне аударады. Ал, 4 маман кейбір балалар әдебиеті мен көркем шығармаларды (романдарды) оқып, таспаға жазумен айналысып отыр. Бізде тактильді кітап дайындау бағыты кемшін қалып тұр. Арнайы мамандарымыз жоқ. Әзірге кітапханашылар өз қолымен жасаған дүниелерін ұсынып келеді. Сондай-ақ, бұл бағытта «Үміт» арнайы мектеп-интернатының мұғалімі Анаргүл Назарованың қолынан шыққан туындылардың көмегі тиюде. Алдағы уақытта, осы бағытты да дамытсақ деген жоспар бар, - дейді директордың орынбасары Әдемі Сейітжаппарқызы.
Мамандар жылына 50-ден астам кітап-журналды Брайль қарпіне аударып, кітапханадағы көркем және танымдық әдебиеттер қорын көбейтіп келеді. Ал, аудио кітаптар оқырман сұранысына қарай түрлі жанрда жазылады. Мәселен, көркем және тарихи-танымдық әдебиеттерден бөлек, детектив, поэзия жанрындағы аудиожазбалар да бар.
Өткен жылы «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында мекемеде аудио әдебиеттерді көбейту қолға алынған. Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының қолдауымен қаладағы театр ұжымдарының танымал әртістері көркем әдебиеттерді нақышына келтіре оқып, дыбыстарын таспаға жазған.
Кітапханада зағип және әлсіз көретін оқырмандар заманауи тифло-техниканың (зағиптарға бейімделген-ред.) көмегімен өздеріне қажетті барлық ақпаратқа жеңіл әрі жылдам қол жеткізе алады. Мәселен, зағип жандардың қолдануына бейімделген сағат, аудиотехника, бейне ұлғайтқыш, телефон, асхана заттары бар, тіптен дербес компьютердің пернетақтасына дейін бедерлі.

P.S.

Жүрекпен оқитын жігерлі жандардың қоғамнан қалмауы үшін бүтін бір ұжым қызмет көрсетіп отыр. Дегенмен, ерекше күтімді қажет ететін жандар үшін кез-келген адам көмек қолын ұсынуға дайын болуы қажет. Күні кешеге дейін тек зағип азаматтар мен олардың отбасыларына қызмет көрсеткен кітапхана ұжымы енді қала тұрғындарын өз оқырманы болуға шақырып отыр.

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА