Елді басқаруда сөз жоқ, елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын ескеру маңызды. Кей өңірлердегі тұрғындар санының азайып кетуі өз кезегінде мұндағы тіршіліктің кері кетуіне әкеп соқты. Ал жаңа облыс орталықтарының құрылуы өңірлердің жанданып, жаңаша қарқын алып дамуына негіз болады.
Бүгінде Жаңа Қазақстан құру жолында жасалынып жатқан саяси-экономикалық, әкімшілік-аумақтық өзгерістер қоғам тарапынан қолдау тауып отыр. Жаңадан құрылған облыстардың атаулары (Абай, Ұлытау, Жетісу) мен Қапшағайдың Қонаев қаласы болып өзгергенін естіген әрбір адам ерекше рухтанып, қанаттана, қуана түскені рас.
Мұнда сондай-ақ, ішкі көш-қон мәселесі де кезегімен өз шешімін тапса, өңірлерді басқаруда да тиімді тәсілдер жолға қойылары анық. Әр өңірдің спецификалық, географиялық, экономикалық әлеуетін ескере келе, қуатты өңірге айналдыру — басты мақсатымыз.
Жергілікті әкімшілік басқару жүйесінде өңір тұрғындарының санын да басшылыққа алу маңызды. Өңірлердегі халық санының артуы жаңа әкімшілік-аумақтардың пайда болуына, ал ол өз кезегінде жаңа әкімшілік аумақтық басқару ісін жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізеді.
Мемлекеттің мықтылығы оның халқының санымен ғана емес, сол халықтың әлеуметтік тұрмыс тіршілігімен де сараланады. Қазіргі жасалынып жатқан барлық өзгерістер мен жаңарулар Жаңа Қазақстан құру мен халық игілігі жолындағы әрекеттер екені түсінікті.
Сауле РЫСБАЕВА,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының
доценті, саяси ғылымдар кандидаты