Версия для печати

Жиделiбайсынды iздеу Избранное

Пятница, 02 Июнь 2017 08:32 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 9500 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Арыстанды – Қарабас,
Арындап тұрған желі бар.
Алтын сандық қазірет,
Қаратаудың белі бар.
                     (Майлықожа)

Қазақ даласында көңілге шуақ ұялататын жәннаты орынның бірі – Жиделібайсын. Асанқайғы атамыз «құт-береке дарыған киелі жер» деп бекер атамаған. Жиделібайсын десек, алдымен Алпамыс батырдың туған жері, өскен өлкесі ойға оралады.

jidelibaisyndy-izdeu-43 2

Ол туралы мың жылдап жадымыздан өшпей келе жатқан көне туынды ежелгі түрік тайпаларының біразында бар аса құнды дүние. Көркемдік деңгейінің биіктігі мен көңіл сусындатарлық мықтылығы жағынан ғалымдардың «Алпамыс батырды» Гомердің «Одиссеясымен» теңестіретіндері тегін емес. Жырда батырлық та, елге, жерге деген шексіз құрмет пен сүйіспеншілік те, сүйген жарға деген махаббат та, адалдық та бар.
Ізгілік аталатын асыл қасиеттердің көл-көсір көптілігін көресің. Қазақтар мен қарақалпақтар «Алпамыс», өзбектер «Алпамыш», татарлар «Алпамша», башқұрттар «Алпамша мен Барсым һылууи», Алтай қазақтары «Алып Манаш» атаған жырларда бір-бірінен мазмұндық алшақтық жоқтың қасы. Кейіпкерлері де, оқиға желісі де бірдей. Сондықтан да олардың қай-қайсысы да «Алпамыс» өзімдікі деп, өз тілдерінде жырлайды. Ұлттар мен ұлыстарға бөлінбей тұрғанда дүниеге келген бұл шығарма түрік тектес тайпалардың біразына ортақ екені даусыз. Қазақтар да бұл жырды төл тумасыз ретінде қабылдадық. Алғаш рет қазақ тілінде 1899 жылы Қазан баспасынан жарық көрген «Алпамыс батыр» ХХ ғасырдың басында Жүсіпбекқожа Шайхысламұлының нұсқасында өзгеріссіз жеті рет қайта басылды. 1931 жылы С. Сейфулиннің, 1939 жылы С. Мұқановтың редакторлығымен тағы да жарық көрді. В. Журминский, Ш. Уәлиханов, Ә. Диваевтан өзге Т. Сыздықов, Ә. Марғұлан, М. Ғабдуллин, Ә. Қоңыратбаев, т.б. ғұламалар да өз пікірлерін айтты. Сөйтсе де «Алпамыс батырды» зерттеуге өзгелерге есемізді жіберіп алған сыңайлымыз.
Ғасырлар тоғысында өзбек ағайындар «Алпамыштың» мың жылдығын мемлекеттік деңгейде дүрілдетіп өткізді. Біз 2000 жылы Мақтааралда жырдың мыңжылдығына арнап ақындар айтысын өткізумен шектелдік. «Намысшыл халық емеспіз бе, содан бері он жылдан астам уақыт өтсе де, «Алпамысты» өзбектерге беріп қойдық. Қымызды немістер егеленіп алды», - деп оқтын-оқтын басылым беттерінде реніш білдіретіндер баршылық. Бажайлап қарасақ, «Алпамыс» жырын өзбектерге беріп қойдық деген бос сөз, бөстекі әңгіме. Бүкіл түрік әлеміне ортақ қазынаны ешкім де, ешуақытта иемдене алмасы мәлім. Әсте Алпамысты зерттеуде көш басында тұрмадық деген реніштен туған ұғым деп түсінген жөн.

«Алпамыс батыр» жыры:
Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Жиделібайсын жерінде,
Қоңырат деген елінде,
Байбөрі деген бар екен
Байбөрі малға бай екен
Төрт түлігі сай екен


jidelibaisyndy-izdeu-43 3Бір перзентке зар екен, - деп басталады ғой.
Жырдағы Жиделібайсын Өзбекстанның Бұхарасына жақын Сұрхандария деп жүрміз. Біраз қоңыраттардың Сыр бойындағы қалың қоңыратты сағынышпен еске алып, «Алпамыс батырды» емірене, егіле жырлап келе жатқаны да шындық. Ташкентте мың жылдығына орай «Алпамыс жыры» туралы келелі ғылыми конференция өткізген солар. Сөйтсе де біз Алпамыс батырды өгей дей алмаймыз. Ол біздің қазақтың да өз перзенті. Қаратауда туған, Сыр бойында өскен ұлы қаһарман бабаларымыздан. Олай деп батыл айту үшін көне тарихқа жүгініп көрейік.
Алпамысты тануға алдымен Қорқытты жете білуіміз қажет. Қорқыттың бізге жеткен әдеби мұрасының бірі «Деде Қорқыт» дастаны. Оның қолжазбасы Ватикан мен Дрезденде сақталған. Зерттегендер орасан көп. Солардың арасынан Стамбул университетінің профессоры Оркан-Шайық Гокяйды ерекше айтамыз. Оның айтуынша, Қорқыт кітабындағы ұлы бейне Байбөрі ұғлы Бамсы Берік. Бұл есім қазақ, қарақалпақ, өзбек жыршылары айтатын «Алпамыс» атымен тығыз байланысты. Демек, ертеректегі толық аты Алып Бамсы, қысқартып айтылғаны Алпамыс болу керек. Тарихи дәуірлерде Алпамыс Сыр бойында мекендеген тайпалар үздіксіз айтып жүрген «Қорқыт» жырының бір тарауы болған. Кейін өз алдына жеке бір ұлы эпосқа айналған.
Алпамыстың әйелі Баршын сұлу, яғни Гүлбаршын да тарихи тұлға. Ол да Сыр бойының перзенті.
Абылғазының көрсетуінше, Баршын сұлу оғыздарда билік айтқан атақты жеті арудың бірі, Қармыш байдың қызы, алып Мамыштың (Алпамыстың) әйелі. Баршын сұлудың аты осы күнге дейін Сырдария бойында көп жерде сақталған. Біріншіден, ол ерте кезде гүлденіп, кейін қирап қалған бір қаланың аты. Әдебиетте, тарихта «Барчынкент» аталады. Баршын сұлудай көркем кешен сол қаладан алыс емес. Сығанақ қаласынан төменірек, Сырдарияның оң жақ бетінде, биік белеңнің үстіне салынған.
Жырды зерттеген оқымыстылардың бәрі де ұлы Алып-Бамыс (Алпамыс) бейнесі «Қорқыт» жырынан алынғанын шегелеп айтыпты. Ал Қорқыттың өзі Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстанның Қаратауында туылып, Сыр бойын мекен еткен. Оны түрік ғалымы Оркан Шайық та, Абылғазы Баһадур хан да жазыпты. Қорқыт та Алпамыс пен Гүлбаршынның Сыр бойында жасағанын айтыпты.
Қорқытты көп зерттегендердің бірі, көне тарихтың білгірі Әлкей Марғұланның жазуынша, Қорқыт VIII ғасырда қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы аумағында ғұмыр кешкен. Атақты ақын, асқан күйші, аңыз кейіпкері. Анасы – Қыпшақ тайпасынан, әкесі – Қарақожа оғыздардың Қамы (Қайыспас) деген атасынан. Ватикан мұрағатында сақталған деректерде ол Баят (Сырдария) бойында тұрғаны жазылыпты. 95, кей деректерде 195 жыл жасаған. Үш ханның тұсында уәзірлік қызмет қылған. Оның ықпалында Инал, Калеркен, Қаңлықожа деген хандар болған. Бұларға Жетісу, Ыстықкөл, Талас, Сайрам, Қазығұрт, Қаратау, Сыр бойы, Орталық Қазақстан, Сарыарқа, Ертіс, Алтай қараған. Әлеуметтік заң негізін жасап, ата-бабалар жасаған мекендерді «ұйық» деп атаған.
Қорқыт – мақал-мәтелдер қалдырған, күй өнерінің де атасы. Ал, әдеби мұрасы «Китаби дадам Қорқыт» – бүкіл түрік тектес халықтардың ортақ мұрасы. Мәңгілік ғұмыр іздеп, «өлмейтін нәрсе жоқ екен» деп қорытқан. Әлекең Қорқыт жазған «Бамсы Берік жырының» бүкіл сюжеті, ішіндегі оқиғасы, эпикалық геройлары тегісімен Алпамыс жырымен бірдей деп атап көрсеткен болатын.
Данагөй ұлы бабамыздың туылған жері Қаратаудағы Қарашық өзенінің бойы. Сауран қаласының іргесінде, Түркістанның күнбатысында. Ал қабір күмбезі теміржол бойындағы Қорқыт стансасынан оңтүстікке қарай бес шақырым жерде, Сырдың оң жағасында. Халық мың жылдап басына шырақ жағып, отын өшірмей келеді. Ел құрметіне шексіз бөленген атаның өмір жолы Қаратау, Сырдариямен сабақтас екені белгілі.
2011 жылы талантты жас ғалым Бегалиева Рауан Нармаханқызының құрастыруымен «Батамен бағың ашылсын» деген 864 беттік көлемді кітап жарық көрді. Жинақтың «Әулие, би-шешен, батырлардың баталары» бөлімінде Қорқыт атаның баталары да бар. Алпамысқа қатысты жерлерінен үзінде келтіре кетейін:
«Ертеде қазақта Қорқыт деген аузы дуалы бір қарт өтіпті. Сол кісімен замандас Бөрі деген әрі бай, әрі би өткен екен. Сол би бала көрмей жүріп, бір күні ұлды болды. Бұған жарыла қуанған Бөрі би ырым қылып, баласының атын Қорқыт атаға қойғызады. Сондағы Қорқыт атаның батасы мынау екен:

Сөзімді тыңда,

Тәңірі саған ұл берді.
Жастайынан бақ қонып,
Ұзын болсын өмірі,
Баса берсін ілгері,
Қолынан туы түспесін!
Талықпасын білегі!
Ел қорғайтын ер болсын,
Мұсылманның тірегі.
Аспақ болып барса
Қарлытау,
Бөгемей кешу берсін!
Ұран сап жауға шапқанда,
Жолын Тәңірі оңдасын!
Жаратқан ием Бамысқа
Жар болып өзі қолдасын!
Батырдың қайрап-күшіне
Еш көлденең болмасын!
Балаңның аты Байшұбар,
Аты Бамыс Байрақ болсын,
Атын мен қойдым,
Жасын Алла берсін!
Бамыс Байрақ арыстандай азамат болып, жауын жеңіп оралғанда, Қорқыт ата тағы да бата берген:
Қара тауың құламасын,
Бәйтерегің жығылмасын...
Тәңірім саған денсаулық
және дәулет берсін,
Ұлы Тәңірім дос көріп,
мұратыңа жеткізсін.
Зәулім дарағың кесілмесін,
Тулап аққан өзенің
сарқылмасын...»

Ежелден жеткен аңыздардан Қорқыт пен Байбөрінің замандас екенін, Алпамыс батырдың атын Қорқыт ата қойғанын, оның Қаратауда туылғанын көреміз. Бұл құнды дерек – Атаның көзі тірісінде айтылған, ел жадына сіңісті аңыздарда сақталған. Ендеше, Қорқыт жырынан алынған «Алпамыс» эпосы Өзбекстанда қайдан жүр? Қазақ Совет энциклопедиясында Жиделібайсын Өзбекстанның Сұрхандария облысында деп көрсетілген. Демек, Жиделібайсында туылған Алпамыс та сол жердің азаматы болары түсінікті. Енді соның мәнісіне түсініп көрейік.

Бір жерден екінші жерге қоныс аударғанда көп ел өздерінің кең жайлау, құтты қонысының атын да өздерімен бірге ала кететін, ежелден келе жатқан дәстүр бар. Географиялық картада жер, су аттарының қайталана беруі соның дәлелі. Бірер мысал келтіре кетейін. 1992 жылы көктемде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия премьер-министрі Сүлеймен Демирель Отырардағы Арыстанбаб әулиеге зияратқа келді. Аудан басшысы Қанжігіт Сыздықов аз ғана зиялы қартты да шақырған. Бабалар салтымен Құдайыға ақ-қарабас қой сойып, мен екі ел басшысына бата бердім. Сонда Сүлеймен Демирельдің «Бұл менің бабаларымның да бір кездегі қасиетті құт-мекені. Осы жерден өсіп-өнгенбіз», - деп толқи тебірене сөйлегені есімде. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін бүкпесіз шындық еді. Отырар деген аудан аты кейін қойылды. Ол кезде аудан Шәуілдір деп аталатын. Ал Шәуілдір түркмендердің үлкен тайпасының аты. Сондай жер аты да бар. Сол сияқты Түркістан қаласының Сыр жақ бетінде Теке, Кентауда Байылдыр деген ежелден келе жатқан елді мекендер бар. Отырардың шығысында Бозоқ, Сырдың сол жақ бетінде Өгіз сайы жатыр.

Бұлардың бәрі де бір кездегі оғыз хандықтарының мекені. Ондай үрдіс әлі үзілген жоқ, жалғасып келеді. Көне Отырар алқабын суландыру үшін 1930 жылы Арыс өзенін бөгеп, жаңа арна ашты. 1931 жылы жер-жерден ауылдарды көшіріп келе бастады. Сонда Дарияның сол жағында көне Оқсыз қаласының маңындағы Қарғалы тоғайдан көшіп келгендер «Қарғалы» қалқозына, шығысындағы сулы кесіктен келгендер «Сулыкесік» қалқозына, Кентаудағы Байылдыр өзенінің бойына көшіп келгендер «Байылдыр» қалқозына қоныс тепті. Әлі күнге сол жерлердің аты «Қоғалы», «Байылдыр», «Сулыкесік» аталып келе жатыр.
1970 жылы Шымкент пен Түркістанның арасындағы Төрткүл ауылына сол кездегі Бөген ауданының басшысы Рашид Шерниязұлы Нұғманов Ташкент облысынан жүз үйдей қандасымызды бір аптада көшіріп әкеліп, өз алдарына кеңшар ұйымдастырды. Келгендер оны бұрын Өзбекстанда өздері отырған жерлерінің атымен «Көкарал» атады. Әлі күнге солай. Мұндай мысалдардың көптігін Алаштың ардақты азаматы Мұхаметжан Тынышбаев та, ғалым Әлкей Марғұлан да өз еңбектерінде көптеп келтірген. Мен де Сұрхандариядағы жердің Жиделібайсын атауы көшкенде ежелгі қонысының атын ала келетін үрдістің бірі деп есептеймін.
Сонда Сұрхандариядағы Жиделібайсынға қоңыраттар Сыр бойының қай жерінен қашан келді? Оқырмандармен ой бөлісіп көрейін.

Сыр бойынан Әмудария жағасына елдің опырыла көшкені Махмуд Газневидің тұсында, ХІ ғасырдың 20-жылдары. Онда Сыр бойындағы оғыздар қалың оғыздың ортасына барды.
Екінші көш Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбанидің жойқын шабуылының кезі. Шайбани жасақтарына ілескен Сыр бойының біраз тұрғыны Әмудария жағасына барғаны белгілі. Сонда хан жайлаған Қаратаудан – Сыр бойынан келген біраз қоңырат Сұрхандариядағы қазір Жиделібайсын аталатын жерге қоныстанды. Сол қандастарымыз өздерінің Қаратау, Сыр бойындағы Жиделі атын ала келіп, өмір бойы ескі қонысына, атажұртқа деген сағынышын баса алмай жүрген. Шайбани әулетінен шыққан Абдулла ІІ ханның тұсында Бұхара ірі мәдени орталыққа айналды. Астанасын Бұхараға көшірді. Елдің шаруашылығын түзеді. Маураннахр мен Хорасандағы түркі тілдес ұлыстарды біріктіріп, өзбек ұлтын қалыптастырды. Ол жердегі қоңырат бауырларымыз да өзбек этнонимін қабылдап қала берді. Бірақ армандары алыстағы атақоныста емес деп айта алмаймын. Арман жоқ жерде сағыныш та болмайды. Ол сағыныш өлең-жыр болып, аңыз әңгіме түрінде жүректерінің түкпірінде ұялап, жадыларынан өшпеді. Асанқайғы әңгімелерінен де сол сағыныш-арман көрініс тапқан. Жиделібайсынды әлі күнге дейін береке дарыған құтты мекен деп айтады. Алпамыс жырын ол жердегі қоңыраттар ерекше құрметтеп, емірене тыңдайтыны да сол сағыныштың әсерінен. Кейде қазіргі қазақ топырағындағы Жиделібайсын қайда екен деген ойға қаламын. Географиялық карталардағы Жиделі Алматы, Қарағанды және Қызылорда облыстарында, Қарағанды облысындағы Жезқазғанның Жаңаарқасында. Алматы облысындағы Жиделі Іленің оң тармағы. Бірнеше жерде Жиделі Оңтүстік Қазақстанда да бар. Сыр бойында, Байырқұм маңында. Тағы бір Жиделі Шу өзенінің аяғында – Жуантөбеде. Бұл жердегі Жиделінің табиғаты аса бай. Оңтүстіктегі – Қаратау, солтүстіктегі – Бетпақтың даласы, шығысы – Мойынқұм, Тұрған жері нулы, тоғайлы, қазақтың белгілі үш Көкшесінің бірі. Мал өсірген қазаққа бұдан артық байлар бар ма?! Тауы да, құмы да, даласы да, өзен-көлі де іргесінде. Ерекше назар аударатын Қаратаудан бастау алып, Сырдарияға бір шақырым жетпей, Нарбайтам дейтін қыстақ маңында тоқтайтын Жиделі өзені. Ұзындығы 72 шақырым. Қызылорда облысы, Шиелі ауданында. Екі дүркін Социалистік Еңбек Ері, қазақтың қадірменді қариясы Ыбырай Жақаевтың ауылында. Егін еккен диқанға да, мал өсірген шаруаға да жайлы. Топырағы құнарлы, Қыдыр дарыған құт-берекесі көл-көсір өлке. Асанқайғы атам асыра мақтап Жерұйық дейтін өңір. «Деде Қорқыт» дастанын зерттеп-зерделегендердің пікірінше, Алпамыс тек қана эпос кейіпкері емес, өмірде болған адам. Абылғазының айтуынша, Мамын (Бамыш, Бамыс, Бамсы, алып Мамыш, Алпамыс) оғыздардың бір бегі. Оның әйелі Баршын сұлу (Алпамыш жырында Гүлбаршын) – оғыздарға аты шыққан даңқты жеті қыздың бірі.
Мұның бәрін айтып отырғанымыз, Қорқыт еңбектерінің одан алынған «Алпамыс» жырының Сыр бойымен Қаратаумен кіндіктес екенін аңғарту. Бар өмірі Сыр бойымен Қаратауда өткен Қорқыт Сұрхандария бойындағы оқиғаларды қайдан жаза қойсын.
Алпамыс батыр жырында бір перзентке зар болған Байбөрі мен Аналық Бабатүкті шашты Әзізге барып түнеймей ме? Жырдағы Жиделібайсын Сұрхандарияда болса, Қаратаудың теріскей бетіндегі Жылыбұлақ басындағы әулиеге қалай келеді? Арада мыңдаған шақырым шөл, құм жатыр емес пе? Ол өңірде әулиелер іздесе Самарқан, Бұхара іргесінде әулиелерге бармай ма? Егер Алпамыс Қаратау мен Сыр бойында тумаса Қорқыт оған бата бергенде:

«Қара тауың құламасын,

Бәйтерегің жығылмасын», - демес еді.

Жырдың кейіпкерлері неге Сыр бойы мен Қаратауда? Бұл сияқты қат-қабат сұрақтардың жауабын дұрыс табу үшін Жиделібайсынды да осы өңірден іздеу керек.
Қоңырат тайпасының Божбан дейтін атасы бар. Сол Божбандар тектік шежіресін таратқанда өздерін «Біз Көтеншіге сіңісіп кеткен «Алпамыс» батырдың ұрпағымыз» дейді. Бұл бос сөз емес.
Мен бұрын жиделі және байсын деген жерлер іргелес-ау, соның жиделісі мынау, ал байсыны қай жерде болды екен деп ойлайтынмын, іздейтінмін. Сөйтсем менің ол ойым қате екен. Осыдан 600 жылдай бұрын айтқан Асан қайғы атаның мынандай айтылған сөздері ел есінде сақталыпты.

Бақыты оянған ерлердің,

Әрбір ісі оң болар
Дәулеті күнге артылып,
Не қылса да мол болар.
Тазылары түлкі алып
Қаршығасы қаз іліп
Сөз сөйлесе жөн болар
Не десе де жарасар.
«Бай», «байсың» деп
ат қойып,
Ел аузына қарасар.

Осы сөздің растығына көз жеткізу үшін «Алпамыс батыр» жырын еске алсақ та жетеді. Жырда мұраты асыл болып, бағы жанған Бөрі деген жігітке «бай» деген сөзді қосып Байбөрі атанса, оның шұбар атына «бай» деген сөзді қосып Байшұбар атайды, оның құт-мекені Жиделіні Жиделібайсын деп «байсын» сөзін қосып айтады.
Асан атаның сөзінен Жиделібайсын бір жердің, бір өңірдің атауы екенін аңғару қиын емес. Жиделінің табылып, Байсынның табылмау жұмбағының шешілуі де осы Асанқайғы атаның сөздерінде жатқан сияқты.
Қазір еліміз егемендік алып, шаруамыз өрге басқан кезде қазақтың даласын да, баласын да Алпамыс батырдың рухы желеп-жебеп жүргендей. Жиделібайсыннан адасып, көз жазып қалмайық, ағайын.


Әдіһам Шілтерханов, жазушы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.