Версия для печати

Халықаралық Ташкент-Шымкент велошеруі өтті Избранное

Воскресенье, 25 Март 2018 12:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3267 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Биылғы Наурыз мерекесінің ерекшелігі сол – Ұлыстың ұлы күні халықаралық дәрежеде атап өтілді. Оған дәлел – Шымкент қаласы әкімдігінің ұсынысымен басталып, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің қолдауымен халықаралық тұңғыш велошеру ұйымдастырылды.


Жалпы, Наурыз – бүкіл түркі халықтарына ортақ ұлы мереке. Күн мен түннің теңескен сәтін халқымыз жыл басы санаған. Әз-Наурыз – табиғаттың оянып, адамзатты бір-бірімен қауыштыратын, достықты нығайтатын мейрам. Осыған орай биыл алғаш рет ұйымдастырылған велошеру де Қазақстан мен Өзбекстанның достығын, татулығын нығайту мақсатында өтті. Спортшылар салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, екі елдің арасындағы мәңгілік достық пен ынтымақтастықты паш етті.

Биыл 21 наурыз күні Елбасы Н.Назарбаев Өзбекстан Республикасына ресми іс-сапармен барып, Самарқанд қаласында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездескен болатын. Президенттер екі жақты ынтымақтастық мәселелерін тағы бір мәрте пысықтап, әріптестік байланыстарды дамыту жайын талқылады. Айта кетейік, 2018 жыл Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан Республикасы жылы деп жарияланып, осыған орай ресми іс-шаралардың бірі ретінде 24 наурыз күнгі Ташкент-Шымкент велошеруі ұйымдастырылды.

 

Халықаралық спорттық іс-шара түркі халқына ортақ Наурыз мерекесіне де орайластырылған. Велошерудің салтанатты ашылу рәсімі Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің ғимараты алдында өтті. Ташкенттегі Абай ескерткішінің алдына 300-ге жуық адам жиналып, оған екі елдің жоғары дәрежелі шенеуніктері қатысты. Олардың арасында Қазақстан Республикасының Өзбекстан республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ерік Өтембаев пен Өзбекстанның дене шынықтыру және спорт министрі Шоакрам Исраилов та бар. Алғашқы салтанатты сөзді Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев алды.

 

- Араға ұзақ уақыт салып, екі елдің бірлігін одан әрі нығайтатын іс-шаралар қолға алынуда. Соның ең бастысы ретінде осынау велошеруді атап өтуге болады. жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Өзбекстанға іс-сапармен келді. Екі ел Президенттерінің бастамасымен биыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жарияланып отыр. Осы саяси оқиғаның аясында өткізілгелі отырған велошеру бауырлас қазақ-өзбек халықтарының достығы мен бірлігін нығайтуға сеп болады, - деп атап өтті елші.

 

 

Атап өтейік, қазақстандық делегацияны ОҚО әкімінің орынбасары Ербол Садыр мен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай бастап барды. Өз кезегінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр екі елдің халқын Наурыз мерекесімен құттықтап, Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасы сақталып қана қоймай, жаңа дәрежеге көтерілгенін атап өтті.

- Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыс барлық салада нығайып келеді. Сонымен қатар ОҚО әкімі Ж.Түймебаев көрші елмен қарым-қатынасты нығайту мақсатында бірқатар келіссөз жүргізіп, іскерлік жиындар өткізді. Мысалы, Елбасының тапсырмасына сәйкес трансшекаралық Өгем өзенінің суын бірге пайдалану мақсатында Өзбекстанмен келіссөз жүргізілді. Ал биыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялануына орай екі елдің достығын нығайту мақсатында халықаралық велошеру ұйымдастырылып отыр. Велосипед – нағыз демократиялық спорт түрлерінің бірі. Баршаңызды үнемі қозғалыста болуға шақырамын және кезекті веломаусымның ашулымен құттықтаймын! Өзбекстан Республикасының Президенті Мирзиёев Шавкат Мироманұлына ерекше алғысымызды білдіреміз, - деді Е.Садыр.

 

Сонымен, 150-ден астам велошабандоз қатысқан халықаралық велошеру елшілік алдынан сағат 10-да басталып, Ташкент қаласының орталық көшелерімен шекараға дейін жетті. Оларды өзбекстандық жас велоспортшылар шекараға дейін шығарып салды.

 

 

Аса жоғары дәрежедегі ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде халықаралық велошеру сәтті өтті. Жергілікті полиция қызметкерлері даңғыл жолдың қозғалысын ретке келтіріп, спортшылардың шеруіне жағдай жасап отырды. Велошерушілер Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» кеден бекетінде ұйымдастырылған «жасыл дәліз» арқылы екі ел шекарасынан кедергісіз өтті. Қазақстан мен Өзбекстандық мотоциклшілер бастап отырған велошеруде Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі мен облыс және қала әкімдерінің орынбасарлары Ташкенттегі елшіліктен Қазақстан шекарасына дейінгі жолды велосипедпен жүріп өтті. Велошеруге қатысушылар мен ресми делегацияны қазақ-өзбек шекарасында қазақстандық тарап сән-салтанатымен күтіп алды.

 

 

 

Шымкент қалалық әкімдігі мен еліміздің велоспорт федерациясының ұйымдастыруы нәтижесінде барлығы дерлік әуесқой болып табылатын 100-ден астам велошабандоздың көбісі Шымкентке қиналмай жетті. Олардың арасында Өзбекстанның 9 азаматы, Шымкенттен бөлек Алматы, Астана және Тараздан келген әуесқойлар да болды. Арасындағы ең жасы 11 жасар, ал ең үлкенінің жасы 80-ге жуықтаған. Шымкент қаласындағы сөреге дейінгі жолдың әр 25 шақырымында 4 тамақтану-демалу шатырлары ұйымдастырылған.

 

130 шақырымды басып өткен велошерушілер кешкі сағат 18:00-де Шымкент қаласының орталығына келіп жетті. Халықаралық әрі алғашқы шеруге қатысушыларды жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта ОҚО әкімі Ж.Түймебаев мен Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Райымбек Батталов бастаған оңтүстікқазақстандықтар зор қошеметпен күтіп алды. Облыс әкімі велошеруге қатысушыларды тарихи маңызы бар іс-шарамен және Наурыз мерекесімен құттықтап, өзбекстандық делегацияны дипломмен марапаттады.

 

- Қазақ пен өзбек – түбі бір туысқан халықтар. Екі елдің арасындағы тарихи қарым-қатынас бұрынғы Жібек жолы кезеңінен байланыс тауып, бауырластық пен достыққа негізделіп келеді. Екі елдің мәдениеті мен салт-дәстүрі, діні, тілі ұқсас. Қазақстан мен Өзбекстан бұл байланысты тәуелсіздік жылдары сақтап қана қоймай, нығайтып, жаңа деңгейге көтеруде. Жуырда Өзбекстан Президентінің Қазақстанға жұмыс сапары аясында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Онда өзбек көшбасшысының биылғы наурыз айындағы мемлекеттік сапары барысында екі ел арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу мәселелері талқыланды. Кездесу нәтижесінде 2018 жылы Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан жылы болып жариялануына байланысты, екі елдің достастығын арттыру үшін осы халықаралық велошеруі ұйымдастырылып,  мәресіне жетіп отыр. Атақты ғалым Альберт Эйнштейн айтқандай, велосипед өмір секілді: тепе-теңдікті сақтағың келсе, үнемі қозғалыста болуың керек. Жалпы ұзақтығы 130 шақырымды құрайтын халықаралық велошеруге қатысушылар қала тұрғындарына үлгі болып, жастарымыздың спортқа деген қызығушылығының артатынына сенімдімін, - деп атап өтті аймақ басшысы.

 

 

 

Велошеруге қатысушылар бұдан кейін «Оңтүстік» қабылдау үйінде арнайы әзірленген мерекелік кештің қонағы болды.

 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.