Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы іспетті бұл мақала ұлтымыздың өркениет көшіндегі ғаламат жетістіктерінің қазығы мен қайнары қазақ деген халықтың ежелгі тарихынан бастау алатынын дәлелдеп беріп отыр.
«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді»,--.дейді Президент «Атқа міну мәдениеті» деген бағытында. Қазақ жылқының жалында ойнап өскен халық. «Бәйге», Көкпар», «Теңге алу», «Қыз қуу секілді ат-спорт ойындарының біздің халқымыздың төл өнері екенін де ешкім жоққа шығара алмайды.
Кең байтақ өлкеміздің қойнауын кенге бөктіріп жатқан байлығымызды игеруді де игілікті кәсібіне айналдыра білген ата-бабаларымыздың кәсіп игерушілігін ешкім жоққа шығара алмайды. Мақалада айтылғандай, «Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады. Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді».
Біз барысты басты символымыз еткен елміз. Ол тектен текке алынып отырған жоқ. «Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған. Егемен Қазақстанның символдарының бірі - жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес». Міне, Ұлы даланың жеті қырының бірін сипаттайтын осы сөздерден-ақ тарихымыздың тағы бір тамырын танимыз.
Ардагер журналист Байдулла Қонысбек