Батырлар тек майданда ерлік көрсетпейді. Күнделікті өмірде, баршамыздың қасымызда жүріп-ақ көмек сұрағандарға жанын беруге даяр жандар арамызда жүр.
Жастар ресурстық орталығында Шымкент қаласы Полиция департаментінің жас мамандары мен олардың тәлімгерлері, студенттер бейбіт күннің батырларымен жүздесті.
Ұлттық Ұланның 6506 әскери бөлімінің командирі, полиция полковнигі Қайрат Үмбетовке «Халық қаһарманы» атағы берілген. Ол еліміздегі «Халық қаһарманы» атанған 32 азаматтың бірі.
2016 жылдың 2 сәуірінде Қарағанды облысындағы әскери бөлімде Қайрат Үмбетов жауынгерлік гранатаны окопқа түсіріп алған жас сарбазды өз денесімен жауып, ажалдан құтқарды. Сарбаз дін аман, ал полковниктің бойынан гранатаның алпысқа жуық жарықшағы табылды.
«Денемде әлі де гранатаның 29 жарықшағы қалды», дейді қаһарманның өзі. 41 жыл өмірінің 24 жылын әскери-патриоттық салаға арнаған,«100 жаңа есім» жобасына есімі енген батыр өзін ерлік жасадым деп санамайды. Қызмет барысындағы іс-әрекет деп бағалайды.
Арнайы жасақтың капитаны, инспектор Нұрлан Тасболатов та бүгінгі күннің көзсіз батыры деуге болады. Көршісінің үйіндегі өртті сөндіріп, отбасы мүшелерінің барлығын аман алып қалған.
Бұлардан бөлек полиция капитандары Ерлан Айтмұхаметов, Жаңабай Жалғасовтардың ерліктері жастарға бейнеролик арқылы көрсетілді.
Бұл азаматтардың барлығы да өздерін ерлік иесі емес, қызметін адал атқарушы деп біледі. Жүздесу соңында жастар бүгінгінің көзсіз батырларына құрмет көрсетті.