Версия для печати

Кеудесі толған медаль,өмірі толған күрес

Среда, 08 Май 2019 04:16 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3462 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Журналистика жолында түрлі кейіпкерлермен сұхбаттасасың. Алуан түрлі тағдырлармен бетпе-бет келесің. Жыл сайын мамырдың алғашқы онкүндігінде ұрпақ үшін, біздер үшін қан майданда белуардан қан кешкен ардагерлерімізді мерекемен құттықтауға асығамыз. Жыл сайын 9 мамыр күні абыз ардагерлердің әлеміне сүңгіп, бейне бір соғысқа барып келгендей алапат күй кешетініміз рас.

DSC 4483

Осыдан екі жыл бұрын ҰОС ардагері, дана қария, 14 кітап жазып, қазақ әдебиетінің қамбасын толтыруға үлес қосқан қаламгер, елге аянбай қызмет еткен Әдіһам Шілтерхановпен сұхбаттасқан болатынмын.

Бауыржан Момышұлымен бір майданда болған атамыз соғыс жайлы естеліктерімен бөліскен еді. Өкініштісі, Әдіһам ата да келместің кемесіне мініп, о дүниеге аттанып кетті.

Қазір ата жайлы телегей теңіз көңілмен тебіреніп, естелік айтып отырмыз. Мұқағали ақын толғанғандай, «Неменеге жетістің бала батыр, қариялар азайып бара жатыр» деген ой менің де көкірегімді шым еткізетін секілді.

Олардың көз алдымызда қасқайып тірі жүргенінің өзі бір бақыт екен-ау!..

Бұл жолғы кейіпкеріміз – ҰОС ардагері, 20-ға жуық орден-медальдың иегері Төрегелді Зорбанов атамыз. Шымкентте тұратын кейіпкеріміздің үйін оңай тауып бардық. Атамыздың шаңырағындағы Балқия апамыз бізге бәрін тәптіштеп түсіндіріп берді.

Тоқсанның торқасынан асып, 2 сәуір күні 94 жасқа толған Төрегелді ата өзі жүріп-тұрады. Аздап құлағы ауырлап қалған қарияның сөздерін Балқия апамыз жеткізіп, түсіндіріп беріп отырды.

...1944 жылы 18 жасында Екінші Белорусь майданына аттанған бозбала Төрегелді алдымен жаяу әскердің үш ай оқу-жаттығуынан өтеді. Содан соң Новочеркасск қаласындағы Василия өзенінің бойында 180-полктың артиллерия құрамында соғысып жүргенде екі көзіне мина жарықшағы тиіп, аяқтан да жараланған жігіт госпитальға жатқызылады.

– Емделіп болдым-ау дегенде Закавказ әскери қоймасына жұмысқа жіберді. Бұзылған қару-жарақтарды қайта жөндеп, ұрыс даласына аттандырып отырдық. «Жеңіс, жеңіс!» деп айқайлаған адамдардың дауысын жер астындағы қоймада еңбек етіп жүріп естідік. Жүрек аттай тулады, - дейді атаның өзі.

Төрегелді Зорбанов соғыс біткеннен кейін де елге қайтпаған. Елге қайтуға асықпағаннан емес, әрине. Бұйрық бойынша 1950 жылға дейін майор Жуковтың қарамағында Бакуге, Тбилисиге барып, еңбек еткен.

Ол жақтан Қара теңіз арқылы Иранға қару-жарақ тасыған. Осылайша тағы алты жыл қызмет етіп, 1950 жылы елге оралады.

Ардагер атамыз туған жерге келген соң 24 жасында шаңырақ көтеріп, 5 ұл, 4 қыз тәрбиелеген. Тоғыз перзенттен 39 немере, 33 шөбере сүйіп отырған ақсақалдың ендігі арманы жоқ.

Сұм соғыста Отанымызды жаудан азат етуге қатысып, еліміз тәуелсіздік тұғырына қонған соң да сауда саласында 41 жыл жұмыс істеп, үлкен әулеттің жапырағы жайқалған алып бәйтерегіне айналып отыр.

– Жас кезімізде қамыстың арасынан отын шауып, оны арқалап әкеліп, тезек тергенбіз. Өздеріңдей кезімізде жарқырап киініп, жадырап жүруге уақытымыз да, жағдай да болған жоқ. Бас көтермей еңбек ететін заман еді ғой.

Тынымсыз қимыл-әрекетпен өмір сүргеннің нәтижесінде осы күнімізге жеткенімізге тәубә дейміз, - деді Балқия апа.

Апаның айтуынша, атаның құлағының естіңкіремей қалғаны бертіндегі 3-4 жылдың көлемінде, қаңтар айының ішінде өзі жақсы көретін арқасүйер бауыры қайтыс болғаннан кейін денсаулығы сыр бере бастаған.

...Соғыс ардагерлерімен сұхбаттасқан сайын, олардың күреске толы өмір жолына үңілген сайын жаныма қуат аламын. Бейбіт те мамыражай осы күндеріме шаттана түсемін де, «Бәрі де ардагер-майдангерлердің ерлігінің арқасы ғой» деп қарт жауынгерлерге басымды иіп, тағзым етемін. Арамызда жүрген ат төбеліндей ардагерлеріміз аман болсын!

Олар қандай да құрметке лайық. Қазына қарияларымыздың көзі тірісінде қадіріне жетейік!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.