Шымкенттіктер саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған «Қасірет» мемориалының маңына жиналып, еске алу шарасын өткізді.
Еске алу шарасы алдымен ана мен бала ескерткішіне тағзым етуден басталды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қалалық мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев, қала ардагерлері ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Одан әрі саяси-қуғын сүргінге ұшыраған ұрпақты еске алуға арналған митингте арда азаматтар бір минут үнсіздікпен еске алынды.
– Біз тарихтағы зобалаң жылдарды ұмытпауымыз керек. Өткен тарихтың ауыртпалықтарынан сабақ алып қана, алға қадам басамыз. Келешекте мұндай қателікке жол бермеуіміз қажет. Қасіретті жылдарда құрбан болғандардың туған-туыстарына өз алғысымды айтамын. Бейбіт өмірдің қадірін білейік, – деді қала әкімі.
М. Әуезов атындағы ОҚМУ доценті, Нағима Тәжімұқанова да тарихи оқиғаның ауыр зардаптарына тоқталып өтті.
Жиын соңында жиналған көпшілік далалық театр қойылымдарын тамашалады.