Версия для печати

АЙ, АЙНАЛАЙЫН АРЫСЫМ-АЙ... Қасіретті Қайырымдылық жеңеді Избранное

Среда, 26 Июнь 2019 06:09 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2176 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Арыстағы апат туралы ести сала Ағыбайға телефон шалдық. Әбдімәлік Ағыбай ғой. Қалалық газеттегі. «Басталғалы біраз уақыт болды, аға. Биіктеу жерде жүрміз. Қиын боп жатыр...» деді ол. Кенет кәдімгі кинолардан көріп, еститін, зәре-құтыңды қашыратын снарядтың зәрлі уілі жетті. Құлаққа. Ұялы телефонға таңдана қарап, тағат таппай, көксандыққа телмірдік.

Акмешит

Сәске шамасында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің мәлімдемесін тыңдадық. Теледидардан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл тапсырмалар бергенін оқыдық. Жүгіртпе жолдардан. Желілерден жылдам көріністер беріле бастаған. Жаныңыз шырқырап, жүрегіңіз шымырлайды. Ай, айналайын Арысым-ай...

Сол бір жылғы ақпанның ақырындағы алапат тасқын, Келестегі қасірет туралы «Кібісе қарғыны» деген мақала жазғанымыз жадымызға оралған. Жапа шеккен жандар, топырлай құлаған тамдар, қираған үйлер, опырая ойылған каналдар мен көшелер, жарлауыттана жырылған жолдар, шоңқая жарылып жарамсызданған мектептер, суға кеткен мүлік-мүкамалдар, апат әкелген ауыртпалыққа арқаларын тосқан азаматтар хақында айтқанбыз. Ол 2008 жылы еді.

Ал 2010 жылы Шығыс Қазақстанды су басқанда «Егемен Қазақстанның» үш бетіне «Қалбатау қарғыны», «Тарбағатай тағлымы», «Алтайымнан айналдым» деген дүниелеріміз жарияланған. Тасқынның ізімен апта бойы аралап... Жазып... Жариялатып... Артынша ауруханаға түскен ек...

Ай, айналайын Арысым-ай! Деп күбірлейміз. Орнымызда отыра алмай тыпыршимыз. Ұялы телефон бөлекшелеу шырылдады. Шымкенттің шетіндегі айтулы Ақмешіттен екен. Шаһардың бас имамы
Бақтыбай Бейсенбаевтың орынбасары, әрі Әл-Фараби ауданының бас имамы, байтағымызға белгілі дін қайраткері Ахметжан қажы Керімбекұлы екен. «Аға, қайдасыз? Бізге келе аласыз ба? Арыстықтар...» деді Ахметжан бауырымыз дауысы дірілдеңкіреп.

Шымқаланың бір шетінен екінші шетіне жетудің өзі жеңіл емес-ті. Ақмешітке жақындай бере нені көрдік? Дейсіз бе? Қайран Қайырымдылықты көрдік. Иә-иә! Бас әріппен жазылып, басымызды иіп, тәу етпекке тиісті Қайырымдылық. Көзімізден жас парлап қоя берді. Қаз-қатар, тату тізбек құраған мектеп оқушылары – қарадомалақ, ақдомалақ, сарыдомалақ, бидай өңді балалар жаңа піскен жаздық алмаларын, сусындарын, тандыр нандарын алып жүгіріп жүр.

«Арыстан келген аталар, апалар! Келіңіздер! Сусындаңыздар! Нан. Нан алыңыздар! Жо-жоқ! Сатпаймыз...Тегін. Сіздерге арнайы әкелдік». Деседі.
Ақмешіттің айналасы адамға толы. Бір мың да емес, екі мың да емес. Көп. Бәлкім, бес-алты мың. Мүмкін, одан да көп. «Аға, Арыстан келгендер бірнеше мыңдай шығар, ал оларға қамқор қолдарын созып, жүрек жылуын әкелгендер әлденеше мың», дейді Ахметжан қажы ініміз. Екі жерде микрофон арқылы тізімдер оқылып, хабарландырулар айтылып жатыр. Адасып қалған балалар мен қарттар тізімі.

Арыстықтарды өз үйлеріне, арнайы дайындалған оқу орындарына, жатақханаларға алып кетуге келгендердің аты-жөндері, қай жерде күтіп тұрғандары... Мешіттің, әкімдіктің, полицияның, медицина мекемелерінің өкілдері кезек-кезек сөз алады.

Ақмешіттің ауласында, айнала төңірегінде, жиек жолға дейінгі аумақта ұзын-ұзын үстелдер тізіліп, дастарқан жайылған. Ыстық шай, ыстық сорпа, қазақша ет, палау әкеп жатқандарда есеп жоқ. Бір шетте мұңайыңқырап отырған жігітке жақындадық. Аты Азамат екен. «Қауменовтерміз, - деді ол. – Мынау әпкем ғой. Феруза. Анау келіншегім Жадыра.

Арыстағы үйімізді ойлап отырмын. Не болды екен?» Біз жұбатып жатырмыз. Келесте де қиын болған. Он бір жыл бұрын. Алтай мен Тарбағатайда да. Тоғыз жыл бұрын. Бәрі жақсы болады, бауырым. Дейміз.

«Асан Аманқұловпын, - деді және бір отағасы. – Жасым елу сегізде. Сиыр сәскеде шай ішіп отырғанбыз. Малды жайғап болып. Зайыбым Зәбира, келінім Мейізкүл, ұлым Нартай. Бәріміз. Немерелерім Айаруды, Жанайымды, Ерасылды балабақшаға апарып, қайтып келген едім.

Мейізкүл келінім бауырсақ пісірген екен. Аузыма ала бергенде жер сілкінген секілденді. Газ жарылды деп ойладық. Апат болғанын біліп, балабақшаға жан ұшырып жетсем, балдырғандарды автобуспен әкетіп үлгеріпті. Үйге оралсам, ондағыларды да алып кетіпті. Жалғыз өзім телемұнараға, биік жотаға қашып бара жатқандарға қосылдым.

Түстен кейін темір көлікпен 43-ші разьезге апарды. Автобуспен Монтайтасқа жеткізді. Жүз елудей адамды үшке бөлді. Кешкі сағат жетіде Шымкентке, Ақмешітке жеттік қой. Әйелімнен, ұлым мен келінімнен, немерелерімнен адасып қалдым... Алайда айналайындар аман-есен, осындай қамқорлықта екеніне сенемін. Алғысым шексіз. Елге. Жұртқа. Облыстың, республиканың, аудан, қалалардың басшыларына. Әне, анау ақ желеңді қыздар жаңа ғана қан қысымымды өлшеп, дәрі беріп кетті».

«Менің аты-жөнім Әсия Маратқызы Шыңғысбай, ағай. Мынау қолымдағы көтеріп жүргенім бір жарым жасар Нұрәлиім ғой. Марғұлан деген баламды таппай жүрмін. Жаңа хабарлады. Менің ұлымды атағандай болды. Микрофон жаққа асығып барамын. Кешіріңіз...»

Шай ішіп отырған ақ жаулықты ананың қасына жақындадық. Аманкүл Күдерованың Ержан, Нұртөре дейтін ұлдары, Айгүл, Нұргүл дейтін қыздары мен жиырмашақты немересі – бәрі осында екен. «Әуелі Алла тағалаға мың тәубе, сосын мына мейірімді елге, қайырымды қазағыма рақмет! Бар екен халқым! - деп, өксіп жылап жіберді Аманкүл. – Немерелерім мешіттің ауласында ойнап жүр. Мектепке барып түнейтінімізді айтып кетті жаңа».

Түс ауа келгеннен түнге дейін тамақ тасып, адасқандарды табыстырып, психологиялық жағынан жәрдем жасап, жұбатып жүрген еріктілер қаншама! Екі қызды әңгімеге тарттық. Бірі Назерке, екіншісі Жансая. «Ата, мен сізді білемін ғой, «Жоғалған Жұрнақ» деген трагедияңызды театрдан көргенмін. Ол 86-шы жылдың қасіреті еді. Мынадай да жағдай болады деп ойладық па?! Түстен бері жүздеген адамды, ондаған отбасыны қаладағы қайырымды адамдар үйлеріне әкетіп жатыр.

Бірталайын бірге апарыстық. Кейбір балалар қиналып, сөйлей алмай, өз аттарын да айта алмай қалады екен мұндайда. Бастарынан сипап, беттерінен сүйіп, бар ықыласымызды салып, жансебілденеміз ғой, ата. Шоковое состояниеден шыққандарына қатты қуанамыз. Әке-шешелерімен шұрқырап, шырқырап табысқан балалардың жай-күйін көргенде...»

Назерке мен Жансая көз жастарына булықты. Әзер жұбаттық. «Тоқсан бір жастағы әже мешітте отыр екен. Арыстың бір шетінде тұрған. Көппен бірге әкелінген. Немере- шөберелерінің аттарын атайды, ал өзінің атын, туған- туыстарының атын ұмытқан... Ақ халатты абзалдар алып кетті. Қалай жыламайсыз, ата, Жұрнақтар жоғалмасыншы! - дейді Назерке тағы да еңіреп. – Болды енді, жыламаймыз, ата. Сізді көріп...»

Міне, Түркістан облыстық спорт басқармасының өкілі, Төле би ауданындағы «Бәйшешек» сауықтыру орнының басшысы Бердалы Байдүйсенұлы Әділбеков елу адамды автобуспен әкетіп барады. «Біздің мектепке жүріңіздер!», «Біздің үйге жүріңіздер!», «Баламды таптым! Таптым ғой жанымды! Рақмет бәріңе!» деген дауыстар естіледі. Ішкі істер департаментінің өкілі, полиция майоры Ержан Әбілқасымов тағы да адасып қалған балалардың тізімін оқи бастады.

«Аға, Арыста құрылысшы едім, бір кірпішті қолыма ала бергенде жарылыс болды. Бірақ мен сенем, аға. Арыс қалпына келеді. Түркістан да түлей береді. Шымкент жайнайды» - дейді құрылысшы жігіт Бағдат Сындарқұлов.
Ахметжан қажы да қатты толқулы. Жанарлары жасаурайды. Алғашқы арыстықтар таңертеңгі сағат он бірге таман таксилермен жете бастапты.

Таксилер де тегін жұмыс істепті. Әсіресе автобуспен жеткен балабақша балдырғандарын қабылдау қиын бопты. Түсінікті ғой. Ақмешіт жанында 300 жасөспірім жазғы лагерьде екен. Соларға арналған түскі тамақ Арыстан келген балаларға берілген. Көп ұзамай-ақ Шымқаланың тұрғындары сусындар, жемістер, көкөністер, ыстық тамақ әкеле бастаған.

Әкімдіктер, полиция, денсаулық сақтау саласы, «Nur Otan», т.б. партиялар, ұйымдар, ұжымдар, жастар, еріктілер...
– Аға, көріп тұрсыз ғой, таңертеңгі сағат 11-ге жетпей келе бастаған. Арыстықтар. Міне, түнгі сағат 11-ден асты. Көмекке келгендер көбеймесе азаяр емес. Қаржы түсіп жатыр, киім-кешек, тамақ...Жастарға ризамыз, аға. Қараңызшы, қоқыстарды өздері тазалап жүр. Ешкім айтпай-ақ. Алла разы болсын! Біздің елдің ертеңі сенімді екен, аға! Ел екенбіз! - дейді Ахметжан қажы.

Ай, айналайын Арысым-ай... Дейміз біз. Қайта-қайта. Күбірлеп.
Ұлы данышпан Әл-Фараби бабамыз бәдіздегендей, адами затыңызды адам етіп сақтайтын ең қасиетті құндылық – Қайырымдылық. Қасіретті Қайырымдылық жеңеді.

Мархабат БАЙҒҰТ
Халықаралық «Алаш»
сыйлығының иегері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.