Версия для печати

Баспа БАҚ-тың рөлі қандай?

Пятница, 28 Июнь 2019 04:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5371 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазір бәсекенің заманы. Мерзімді басылымдар да ақпараттық технологиялармен бірге қатар дамып келеді. Заман талабы осы дерсіз. Түйіндей айтқанда, нарық уақыты бір ғана талап қойып отыр.

DSC 9299

Ол – кәсібилігіңді арттыр, нарық заңдарын біл, жетіле түс деген тегеурінді талап. Бүгінгідей әлеуметтік желілер шырмап алған ақпарат тасқыны заманында мерзімді басылымдардың тағдыры не болмақ? Олардың қоғамдағы рөлі қандай?

Газеттердің үлесі әлі де басым

Рас, мерзімді баспасөздің болашағы мен даму бағыттары – әркез көтеріліп жүрген мәселе. Баспа БАҚ-тың болашағы мен оны дамыту, интеграциялау жағы ойландырмай қоймайды.
Бүгінде газеттегі көп жанрлардың жойылып бара жатқаны да рас. Негізінен, газеттер танымдық-сараптамалық бағытқа ойысу керегі де айтылып жүр.

Жылдам ақпараттар сайт немесе әлеуметтік желілердегі платформалар арқылы таралуда. Яғни, қазір цифрлы технология, IT технологиялық мүмкіндіктерді меңгеру де басты назарда тұр.
Елдегі БАҚ-тың әлеуетіне бір көз жүгіртіп өтсек. Қазақстанда халықтың 72,9%-ы интернетті пайдаланады. Бұқаралық ақпарат құралдарының саны жылдан жылға артып келетінін де байқап отырмыз.

Мәселен, 2019 жылғы 15 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 3328 ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде 2790 – мерзімді баспа басылым (84 пайыз), 128 – телеарна, 70 – радио, 340 – ақпараттық агенттік және желілік басылым (10 пайыз).

Тарқатып айтсақ, баспаның ішінде 1800 газет және 900 журнал бар. Барша ақпараттық құралдардың ішінде газет-журналдардың үлесі әлі де басым.
Баспа БАҚ дегенде мына бір қуанышты жағдайды айта кеткеніміз жөн секілді. Биыл «Егемен Қазақстан» газетінің жарық көргеніне 100 жыл толды.

«Егемен Қазақстан» – ел газеті ғана емес, ұрпақ бағдаршамы, ұлт шежіресіне айнала білді, еліміздің ғасырлық деректі тарихын тасқа басты.
«1919 жылы «Ұшқын» деген атпен шыға бастаған басылым әр жылдары түрлі атпен шықса да тіл, дін, жер, ұлт мүддесін әрдайым қаузап келеді.

Қаншама ұрпақты тәрбиеледі. Қаншама жазушы-журналистерге жол сілтеп, қанатын қатайтты. Газет сонысымен құнды, сонысымен де өзге БАҚ құралдарынан ерекше.
«Газеттің жұмысы 1 күндік, сөзі 1000 күндік» деген. Себебі, техниканың аты - техника. Кенеттен, қас пен көздің арасында-ақ, жылдар бойы жиналған контент әп-сәтте көзден ғайып болуы мүмкін.

Ондай жағдайларға өзіміз де куә болып жүрміз.

Түрлі сервистер бойынша
интеграция жасау маңызды

Қазір ақпарат таратуда әлеуметтік желілерге теңдесер платформа аз. Түрлі сайттар да даму жолына түсті. Сондықтан жаңа технологиядан шет қалмауымыз керек. Электронды форматты үйрену, меңгеру, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану – әр журналист үшін маңызды. Басты мақсат – ақпаратты жылдам таратудың тетіктерін үйрену.

Ендігі мәселе – газетті оқыта алуда. Яғни сапасын арттырып, оқырманға қажет дүниелерді ұсына алғанда ғана газет өмір сүрмек. IT маман әрі контент қалыптастырушы маман Жанболат Аманкелді де осы ойды қуаттайды.

– Бұл мәселе бізде ғана емес, технологиясы алға дамып кеткен Батыс елдерін де қатты ойландыруда. Олар бұл мәселені қалай шешуде? Негізінен газеттің сапасын арттырып, әрі жарнамасын күшейту арқылы өз тұтынушыларынан айрылмай отыр. Интернет сервистер арқылы газеттің электронды нұсқасын дамытып, түрлі интеграцияларды ендіруде.

Біз де осы тұрғыда ойлануымыз қажет. Мәселен, 1000 адам газеттің қағаз нұсқасына жазылса, ал 10 мың адам газеттің электронды нұқасына арзан жазылса, бәрібір сол баға шығады. Сайттағы ақпараттарды кез келген адам оқи береді. Бірақ, талдамалық материалдарды оқыту үшін ақылы ету керек. Қазір шетелде осындай жүйе жүріп жатыр.

Одан кейін газетті әуежайда, қонақ үйлерде барынша жарнамалау да тиімді. Әрине, бұрынғыдай дәстүрлі жарнама да жүре береді. Түрлі акциялар, жеңілдіктер жөнінде де интеграциялар жасаудың да пайдасы мол. Дәстүрлі жолдармен жазылуды да жүргізе берген жөн. Дегенмен, ол бағытта жаңа адамдар тарту қиын, – дейді Жанболат Аманкелді.

Баспа БАҚ құндылық болып қала бермек

Иә, қаншама ғасырлардан бері халықтың көзі, құлағы һәм тілі бола білген газет-журналдардың нарықтан ысырылып қалуы екіталай. Дамыған қоғамда ойлы оқырман үшін газеттің рөлі азаймақ емес.
Таяуда ғана ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары К.Мұсырман, О.Өксікбаев, Ә.Бектұрғанов және Ф.Қаратаев бұқаралық ақпарат құралдарында сапалы контент қалыптастыру жөнінде мәселе көтеріп, депутаттық сауал жолдаған еді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының, журналистерінің бәрі бірдей жете ұғынып, одан тиісті қорытынды шығарып отырған жоғын айтқан-ды.
– Таралымдары жылдан-жылға азайып бара жатқан газет-журналдар, телеарналар елдімекендерді қамту бойынша ең қуатты бұқаралық ақпарат құралдары болып отыр.

Соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді, қазақстандық қоғамда қалыптасқан адамгершілік принциптерін қатаң қадағалау керек. Қажеттігіне қарай, қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылсын, – деген депутаттар өз ұсыныстарын да жеткізген.

Бір кездері қолжетпестей көрінген интернет желісі қоғамға дендеп кірді. Ғаламтор – бейне пышақ тәрізді. Пышақты адам игілігіне пайдалануға да, өміріне қатер тудыруына да болады. Жақсы мен жаман араласып кеткен бұл желі көзінен қоғамның бір бөлігі пайда көрсе, енді бір бөлігі зиян шегуде.

Қазіргі таңда әлемдік алпауыт елдер көбіне соғыс арқылы емес, алдымен осы интернет арқылы жаулайтыны да ақиқатқа айналып келеді.
Осындай құндылықтар алмасқан қоғамда баспа БАҚ-тың рөлі артпаса, кемімек емес. Әлі де миллиондаған тиражбен шығып жатқан шетелдік басылымдар бар. Өйткені газет әлі де құнды.

Әрине, газет электронды БАҚ-қа қарағанда баяу жұмыс істейді. Мұнда сапаға, кәсібилікке мән беру керек. Газет эксклюзив материалдарымен, зерттеу-талдамалық материалдарымен ерекшелене алады. Оқырманды сапамен ғана қызықтыра алмақсың.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.