Версия для печати

Бриллиант тақпай, ішік кимей... «Жыл жаңалығы» атанған Наргиза

Среда, 29 Январь 2020 03:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3771 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Ол қазір барлық банктерден шот ашқан бизнесвумен. Ал тоғыз жыл бұрын тігерге тұяғы жоқ, қоңыртөбел күн кешіп жүрген қарапайым қыз еді. Өзін-өзі таппай, көп қиналды. «Mary Kay» компаниясында істеп, ел қатарлы желілік маркетингтің дәмін татты. «Отырар» телеарнасында журналист болып, тілшіліктің де тірлігін істеп көрді. Ол болмаған соң қара базарға шығып, көтерме бағамен шұжық, азық-түлік сатты. Болмыс-бітіміне қарасаң, қыстыгүні қалың пима киіп, базарда сауда істеген нәзікжандыға ұқсамайды. Бірақ, күнкөріс үшін, өзін-өзі табу үшін ол көп тәуекелдерге барған.

55

– Иә, мен бриллиант тақпадым. Қымбат құндыз ішік кимедім. Бірақ, ақшасыз жүрген емеспін. Түске дейін жұмыс, түстен кейін сабаққа баратын едім. Себебі, грант негізінде оқыдым. Нашар баға алсаң, оқудан шығарып жіберетін. Жас кезімде бар болғаны 4-5-ақ сағат ұйықтайтынмын. Сауда істеп жүргенде Қытайдан әйелдердің ішігін әкеліп саттым. Үлкен ала дорбаға жағалы 100 ішікті орап-орап салып, шекарадан өткен кезде жүрегім тарсылдап кететін. Себебі, ол жақта бір ұсталсаң, ұзағынан қалып қоюың мүмкін. Мен осылайша өз-өзімді іздедім, - деді иненің көзінен өткендей пысық қыз.

Біз Шымкентте өткен «Әйелдер мен бизнес: жаңа мүмкіндіктер-2020» атты ІІІ бизнес-форумда «Жыл жаңалығы» аталымын иеленген «Mobil Plus», «Mobil Plus Home», «Mobil Logistic» компанияларының негізін қалаушы және директоры Наргиза Керімбаева туралы айтып отырмыз. Бизнес-форумда кәсіпкерлік саласында жетістікке жеткен көптеген жаңа есімдерді, жаңа мәліметтерді естідік. Дегенмен,
Наргизаның әңгімесі, жиналғандарға берген ақыл-кеңесі бей-жай қалдырмады.

Қазір Н.Керімбаеваның «Mobil Plus» дүкендерінің желісінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша 35-тен астам дүкені бар. Өзі бес баланың анасы. Оның компаниясы «HUAWEI» «NOKIA» «OPPO» брендтерінің тікелей дистрибьютері, Apple Inc өнімінің авторландырылған реселлері. ҚР барлық ұялы байланыс операторларының ресми дилері, «Beeline» ТМ ресми дистрибьюторы, бірнеше банктердің серіктесі. Ал «Mobil Logistic» – ел аумағында жүк тасымалы бойынша жеке логистикалық компания.

– Алғашқы дүкенімді Қызылорда қаласынан аштым. Өзім – Шымкентте, дүкенім Қызылордада болғандықтан, әлгі дүкенім жарты жылдан кейін банкротқа ұшырап, жабылып тынды. Одан кейін Шымкентте жалға берілетін жер табу өте қиын болды. Кәсіп ашқанда түрлі кедергісіз болмайды. Ал қазір 35 дүкеніміз бар. Тағы бесеуін ашқалы жатырмыз. Бар тапқан-таянғанымызды бизнеске құйып келеміз. Әлі қанша жыл құятынымды білмеймін, - дейді Наргиза.

Оның кәсіп жүргізудегі басты үш принципі бар: өзіңнің істеп жатқан ісіңе сену, қарамағыңдағы жұмысшылармен әділ болу, сосын ұдайы қадағалау керек.
Ал ендігі мақсаты – дүкендерін бүкіл Қазақстан бойынша ашқысы келеді.

Шымкент қаласының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева Шымшаһардағы шағын және орта бизнесті әйелдер алға сүйреп келетінін осы Наргизаларға қарап айтса керек. «Қаламызда әйелдердің үлесі 524,5 мың адам (52%). Ал жалпы кәсіпкерлердің саны – 68 000 болса, оның 34 120-сы (49,63%) – кәсіпкер-әйелдер», - деді Алма Нұралықызы.

Ал «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова әйелдің қоғамдық-саяси өмірдегі орнын ешкім де жоққа шығара алмайтынын айтады.

– Қазіргі заманда бәсекеге қабілетті болу керек. Бәсекелестен қорықпай, қайта оны нарықтан ысыруға әрекет жасау керек, - деді Л.Рамазанова.

Шымкент қаласының Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен форум кәсіпкер әйелдерге көп мотивация бергені сөзсіз. Біз маңдай тері өтеліп, жалғанды жалпағынан басып жүрген Наргизаны кейіпкер етіп алдық. Себебі, ол бұл жетістікке жеткенше қаншама қиындықты еңсерді. Жылтыраққа әуес, қызылға құмар болмады. Есесіне қазір «Жыл жаңалығы» атанып, қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.