Версия для печати

«Бөтеннің ала жібін аттамау...»осы қағиданы ұрпақ санасына сіңіруге тиіспіз Избранное

Пятница, 31 Январь 2020 03:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3233 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Еліміздегі жемқорлық мейлінше қанатын кеңге жайған бес саланың бірі – білім саласы. Білімді, саналы, бәсекеге қабілетті әрі рухты ұрпақ тәрбиелеуді мойнына алған аса маңызды саланың былыққа белден батуы – ұлт қасіреті.

 DSC7251

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған республикалық ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелерінің шымкенттік ұстаздар қауымымен кездесуінде агенттік өкілі Арман Бердалин осылай деді.

Жиында штаб жетекшісі, белгілі этнодизайнер Ырза Тұрсынзада бұл штабқа қоғам белсенділері, жазушылар, педагогтар, актерлер кіргенін айта келіп, республика бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын және бүгінгі жиынның да бір мақсаты осыған саятынын жеткізді.

– Қазір мемлекет жемқорлықпен күресті күшейтіп жатыр. Бірақ, болар іс болып, бояуы сіңген соң қылмыскерлердің қолына кісен салып, түрмеге тоғыта бергенмен мұратқа жетеміз бе? Осы жемқорлықтың кесірінен айналдырған 30 жылда, бейбіт күнде 20 генерал сотталып кетті. Екі Премьер-Министр кетті, біреуі шетелге қашса, екіншісі түрмеге түсті. Содан жемқорлық тыйылды ма? Жоқ. Сондықтан коррупцияның салдарымен күресумен шектелмей, оның алдын алуға ұмтылуымыз керек. Қоғам белсенділерінен тұратын мына штаб осы мақсатта құрылған.

Бүгін мұғалімдермен, мектеп, колледж директорлары және балабақша меңгерушілерімен кездесуіміз де тегін емес. Қазақ халқы ұрпағын «Біреудің ала жібін аттама» деп өсірген ғой. Осы қағиданы жас ұрпақтың санасына сіңірмейінше, қоғамда жемқорлық тыйылмайды. Бүгін парталасының қаламсабын қалтасына салып алған бала, ертең басшы болғанда қазынаның қаржысын жымқырудан арланбайды. Сондықтан Сіздердің мойындарыңызда зор жауапкершілік тұр, – деді Ы.Тұрсынзада.

Штаб жетекшісі жемқорлықты жоюда қазақ әйелдерінің маңызды рөл атқаратынына тоқталып, жары мен балаларының бойына адалдық пен имандылықты ұялата білетін дана әйелдер көп болса ғана қазақ қоғамы жемқорлық атты дертті жеңе алатынын айтты.

Айта кетейік, жиынды Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Балмаржан Нарбекова жүргізіп отырды.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.