Версия для печати

СЕКСЕН ЖЫЛ САҚТАЛҒАН ХАТТАР...

Вторник, 05 Май 2020 23:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3335 раз
Оцените материал
(0 голосов)

хат4

Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығы. Мереке жақындап қалған күндердің бірінде  кабинетте қатарлас отыратын Жасұлан есімді жас маман: «Апай, бұл мереке біздің отбасындағы ең қадірлі мереке» деп бастады әңгімесін.

Жыл сайын Жеңіс күні әулетіміздің ұрпақтары қала орталығындағы Даңқ Мемориалына барып, үлкен атамызға гүл шоқтарын қоямыз. Мақтаарал ауданынан соғысқа қатысқан жауынгерлер тізімінде Аманов Серғазы деген аты-жөні тұр. Үйде атамыздың майданнан жазған хаттары сақтаулы. Кезінде үлкен әжеміз Әлімкүл баласы Арғынғазыға ол хаттарды көзінің қарашығындай сақтауды аманаттаса, атам балалары мен немерелеріне табыстап кеткен. Үйіміздегі ең бағалы, қастерлі жәдігеріміз осы хаттар. Сол хаттарды оқып отырған кезде бойымды ерекше бір сезім билейді. Көрмеген бабамыздың соғыстағы көңіл-күйін, елге деген сағынышын сезгендей боламын. Әттең, ол кісі 1943 жылы соғыста хабарсыз кетіпті, – деп мұңайды ол.
Майдангер Серғазы Аманов 1941 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Киров аудандық комиссариатынан әскери қызметке шақырылған екен. Алғашқыда Петропавл қаласының түбінде жасақталған әскери құрамада дайындықтан өтіп, кейін майданға аттанады. Ленинград түбіндегі Волхов майданында шайқасқан. Бір қызығы, ол кісі хаттарында «Біз Петербор (Ленинград демей) қаласының түбінде майдандамыз. Бір сәттік мезетті пайдаланып хат жазып отырмын» деп жазады. Үшбұрышты етіп бүктеліп, дала поштасының номері ғана көрсетілген, дәптердің бір парағына жазылған әр хаты «Амандық қабар! Алтыннан ардақты қарындасым Шолпан, балам Арғынғазы, жолдасым Әлімкүл»... деп басталады да ауыл-аймақтың амандығын сұрайды. Өзінің жаумен шайқасып жатқанын айтады да, сол шақтағы ауа-райынан да хабар бере кетеді. Барлығы – 21 хат, сағынышқа толы үшбұрыштар. Көбіне қарындашпен жазылған сарғайған бір жапырақ қағаздың сол кезде қандай бағалы болғандығын түсінесің. Әріптері өшіп, сарғая бастаған хат жолдарынан окоптағы қиыншылыққа толы күндердің сызы, жауынгердің қайсарлығы мен Жеңіске деген сенімділігі сезіледі. Әрбір хат сандық түбінде сақталып, сан мәрте қайталанып оқылып, бүгінгі ұрпақтарына жеткен.
Атасының ең соңғы хаты 1943 жылдың 24 маусымында жазылған екен. Одан кейін мүлдем хабар болмай, кейіннен өзі құрамында соғысқан №2273/86 әскери бөлімнен «хабар-ошарсыз кетті» деген анықтама қағаз келген. Артында қалған жалғыз тұяғы Арғынғазыдан бастап, немерелеріне дейін аталарының бір хабарын білуге талмай ізденген екен. Көңілге медет болатыны атасының аты-жөнін майдангерлер тізімінен тауып, көңілдері марқайған.
Жасұлан Серғазы атасының шөбересі. Жап-жас жігіттің мына әңгімесіне мен ерекше толқыдым. Тәуелсіз еліміздің ұлтжанды азаматының парасат-пайымына риза болдым. Әкесі майданға аттанғанда үш жаста қалған өз атасы Серғазиев Арғынғазы да облысқа еңбегі сіңген танымал азамат еді. Он бес жыл бойы үздіксіз Сарыағаш аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып, ауданның экономикасы мен мәдениет, білім, денсаулық салаларының дамуына өзіндік үлесін қосқан. Ол кісінің балалары Батырғазы, Қайрат, Қанат, Бақытжандар да майдангер аталарын мақтан тұтатын үлкен әулеттің ұрпақтары.
Иә, соғыс жылдарындағы хаттар… сарғайған, үшбұрыштар… Сексен жылдан бері
Серғазиевтер әулетінің баға жетпес қастерлі жәдігеріне айналған сарғайған қағаздар майдангер атаның артында қалған қымбат белгі... 

Алма Смағұлқызы,
Шымкент қаласы

хат2

Суретте:
шөбересі Жасұлан атасының хаттарын қайталап оқудан жалыққан емес.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.