Версия для печати

«КЕЛБЕТ» – менің төркінім!

Среда, 22 Июль 2020 06:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2479 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Без имени-11

Ол кез қиындау уақыт болатын. Облыста атағы дүрілдеген облыстық газеттен басқа басылым жоқ кезде
Жұмамұрат ағамыздың қаланың жеке, төл газетін екі тілде ашуы үлкен жаңалық болғаны жасырын емес. Айтуға оңай, қалыптасуы қиын сәтте сол басылымда еңбек еткенімді мақтан тұтамын.
Бірде, Нұрлан Кенжеғұлов ағамыз хабарласып: «Жауапты хатшы керек, бізге жұмысқа кел, ойлануға бір күн» деді. Жұмамұрат ағамыздың жүрегі жұмсақ болғанымен, жұмыста қаталдығын, талапшылдығын, ешкімді маңдайынан сипап еркелетпейтінін білеміз. Жүрексіне тұрып, келістім. Осылайша «Келбеттегі» алғашқы қызметім жаухатшылықтан басталды.
Иә, ол кезде газет қазіргідей компьютермен жасалмайды. Қолмен жазылған мақалаңды «машбюродағы» Забира мен Лена сақылдатып басып береді. Ол бірнеше тексеруден өтіп, баспаханаға барып, газет бетіне түсу үшін қорғасынмен терілетін. Кеткен әр қате, қорғасынмен қайта теріліп, бетке түсетін. Баспахана бір шетте, редакция бір шетте дегендей.
Дайын газет оқырманның қолына жеткенше қаншама еңбек, тер төгілетін.
Редакторымыз облыстық мәслихаттың депутаты, әрі құрметті журналист болғандықтан да мысы кез-келгенді басатын. Күнделікті таңертең әкімдіктің жиналысынан келген Жұмамұрат аға қаладағы шешімі табылмай жатқан мәселелерді журналистерге бөліп беріп: «Смотри, доведи до ума» деп орысшалап, алдын ала бір мықтап алатын. Сол кездегі қаланың кез-келген мәселесі газет бетінде ашық сыналатын еді. Артынша, сыннан қорытынды шығып отыратын. Бұл да ойлап отырсаңыз, «ертеңім не болады деп артына қарап, жалтақтамай» журналистерге тапсырма беріп отырған Жұмамұрат ағаның батылдығы мен қайсарлығы, жалғандыққа көзін жұмып қарай алмайтын әділеттілігі екен.
Тек сын емес, қаладағы жылт еткен тың жаңалық та шет қалмайтын. Редакторымыз еңбек адамдарын қатты құрметтейтін. Сол кездегі кірпіш, шифер, фосфор, қорғасын зауыттарында болып жатқан жағдайлар, тігін цехтары, мектеп, заң саласы, оқу орындарының тыныс-тіршілігі назардан тыс қалмайтын, ондағы еңбек ететін адамдар біздің кейіпкерлеріміз болатын...
Әкімшіліктегі жиналыстар көбіне орыс тілінде өтетін. Орыстілді әріптестерімізге оңайлығы сонша, жиналысқа ойланбай барып келетін. Жиналыстан келген соң, олар жайбарақат жүрсе, біз отыра қалып мақаламызды сол күні өткізуге тырысатынбыз. Себебі де жоқ емес. Бізді қамшылағаны ма, әлде бүгінгіні ертеңге қалдырмасын дегені ме, мақаланы ертесіне тапсырсаң, «орыстардан көшірдіңдер» деп, кейде жазған мақаламыз газет бетіне түспей де қалатын. Бүгінгіні ертеңге қалдырмау – осы Жұмамұрат ағамыздың бойымызға сіңірген тәртібі. Сол талап, тәртіпті – тек мен ғана емес, сол кезде бірге жұмыс жасаған
Жәмила Мамырәлі, Атанбек Наурыз, Ләззат Сүйеуова, Сүндет, Нұрлан Кенжеғұлов та бойына дарытып, қалыптасты деген сенімдемін.
Қала сол кезде «алақандай» ғана екен-ау. Бірақ тіршілік қайнап жататын. Араға бір жыл салып, ел Тәуелсіздігін алды. Қайта құру кезеңі, төл теңгеміз ауысып, дүкендер қаңырап бос қалды. Ата
Заңымыз қабылданды. 1997-98 жылдардағы қаланы басқан қараңғылық, не жарық, не газ, не айлық жоқ, қиналған халық. Газет сонда да шығуын тоқтатқан жоқ. Сол жылдар қаншама ұстаз, қаншама зиялы жандар ала дорба арқалап, қара бала қамымен жұмысын тастап, базар жағалап кетті.
Біз киелі қаламызды ала дорбаға айырбастамай, айлап айлық алмасақ та, тапжылмай осы жерде еңбек еттік. Осындай ел басына түскен қиыншылықты көру Жұмамұрат ағамыздың жүрегіне салмақ салғанын, қол астындағы елу шақты жанды отбасымен мына дүрмектен қалай аман алып шығамын деген ойдың да маза бермегенін денсаулығы сыр бергенде бір-ақ білдік...
Елдегі жағдай түзеліп, халық есін жиып, газетіміздің алғашқы онжылдық мерейтойын тойлаймыз дегенде Жұмамұрат ағамыздан айырылып қалдық. Газеттің 10 жылдығы Жұмамұрат ағасыз тойланды...
Газетке басшылыққа Қайырғали Медет келді. Қайрекеңмен газетке жаңа толқын – жастар
Ғалымжан Елшібай, Шадияр Молдабек, Раушан Баударбек, Бақытжан Әбдіраш, студенттер – Бейсенбай Тәжібаев, Айгүл Керімқұлова, Альвира мен Сәбиттер келді. Газет 8 беттен 24 бетке айналды. Әр беттің өзіндік айтары болды. Қос басылымның тиражы 15000-ға жетті.
Газеттің мазмұны да, көркемдік безендірілуі де жаңа сипат алды.
Алайда, басылымның сыны мен шыншылдығы арта түспесе, кеміген жоқ. Мұнда да, бас редактор әділдік пен шындықпен достығын алға тартты.
Газеттер компьютермен беттеліп, мақалалар компьютерде теріле бастады. Оның сырын білетін жастар жағы әлі де жеткіліксіз тұста, редактор бәріне компьютердің тілін үйренуді жүктеді. Үлкендер жағы қиналғанмен, жастар лезде машықтанып, алға шықты.
Апта сайын 24 бетті толтыру да, оны жасап, оқырманға жеткізу де оңайға соққан жоқ. Әр бейсенбі күні бас редактормен бірге беттеуші, корректор, теруші, кезекші редактор жұмыста қалатынбыз. Газеттер беттеліп, қатесі жоқ деп соңғы нұсқасын пленкаға шығарып, бас редакторға апарғанда «мынаны қалай көрмедіңдер, Айгүл апай, көз қайда?» дегенде, «жымысқы әріптерді» талай сыбағанымыз рас.
Ең қызығы газет біткен соң, үйге қайтуымыз бір ғанибет болатын. «Жігіттер, көлікке сыймайсыңдар қайта беріңдер» десе де Ғалымжан бастаған жігіттер газет біткенше редакцияда жүретін. Көлік біреу, біздер онбыз. Әрқайсысының баратын жері қаланың әр шетінде.
Марқұм жүргізушіміз Әбсаттар көкеміз тіс жармай бәрімізді тасушы еді. Біріміздің алдымызға біріміз үш қатар отырып аламыз. Көлікте қысылысып кетіп бара жатып Ғалымжан: «Айгүл апай, өзіне жайсыз, шаруаға жайлы кетіп барамыз» дейтін қалжыңдап.
Ол да бір керемет кезеңдер екен. Ол жігіттердің барлығы қазір бір-бір газеттің иелері, бас редакторлары. Ғалымжан « Егемен Қазақстан» газетінің бас журналисі, облыс журналистерін басқарса, Шадияр республикалық «Заң» газетінде. Өзінің «Өзге пікір» атты газеті бар. Бақытжан «Рейтингті» дөңгелетсе, Бейсенбай «Нұр Отанды» басқарып отыр.
Бәріміздің бастауымыз – «Шымкент келбеті». Отыз жылда кімдер жұмыс жасамады?! Әркімнің өз шындығы, өз кейіпкері, өз биігі өзінде. Әрқайсысының да «Келбетті» өз төркіні етуге құқы бар. Ал, «Келбет» менің шын төркінім, шын «Келбетім».
«Келбеттің» әр бетінде кейіпкерімнің келбеті қалды, безендірілуінде ерекше қолтаңбам қалды.
Әркез «Келбет» қолыма түскенде, әр сызығын ыждағаттылықпен сыздырып, әр линейкасын мәніне сай келістіруді үйреткен дизайнер Толқынымның әлі күнге газетті әрлеуге бар өнерін салып келе жатқанын көріп, марқайып қаламын.
«Шымкент келбетінің» төл мерекесі, мерейтойы құтты болсын!

 

Айгүл МАМЫТ,
«ЗАҢНАМА»
қоғамдық-құқықтық
заң газетінің бас редакторы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.