Редакция таңдауы

Күміс домбыра – ұлттық мәдениетті дәріптеген өнер додасы

Шымкент қаласында жас айтыскер ақындар арасындағы республикалық «Күміс домбыра» айтысы жоғары деңгейде өтті. Бұл айтыс – жас ақындар арасындағы жылдың ең басты қорытынды айтысы. Төрт жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл жарыс биыл да елдің түкпір-түкпірінен іріктелген өнерлі жастарды бір сахнада тоғыстырды. Биылғы додаға еліміздің әр өңірінен іріктеліп шыққан 16 ақын қатысты.

Айтысты өткізуге Шымкент қаласы әкімдігі мен «Kundelik kz» платформасының негізін қалаушы Мұхтар Ілиясов мұрындық болды. Айтысқа Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қатысып, ақындарға сәттілік тіледі.
— Айтыс – тек өнер ғана емес, халқымыздың болмысын, ұлттық құндылықтарын көрсететін ерекше мәдениет. Жастардың айтысқа қызығушылығының артуы – бұл өнердің мәңгілік екенін дәлелдейді. Біз ұлттық мәдениетімізді дәріптеп, осындай өнер додаларын көбейту арқылы төл мұрамызды сақтап, ұрпаққа жеткізе аламыз, – деді Сәрсен Құранбек.
Бұл айтыс жылдағыдан ерекше. Оны “Қаратау” дәстүрлі өнер мектебінің директоры Біржан Байтуов айтып берді.
— Айтыстың басты ерекшелігі ақындар сахнада халықтың алдында жеребе арқылы 16 ақын бір-бірімен жұптасып айтысады. Финалдық кезеңге қазылардың шешімімен 8 немесе 6 ақын жолдама алады. Әр жұпқа 20-25 минут уақыт беріледі.Финалдық кезеңде 6 ақын, яғни 3 жұп айтысады, әр жұпқа 15 минут уақыт беріледі. Финалдық кезеңде ең үздік өнер көрсетіп бас жүлде алған ақын «Күміс домбыра» иегері атанады,- деді ол.
Айтыс өнеріне қызығатын жастардың қатары көп. Оны бүгінгі жиынға қатысқан көрермендерден байқауға болады. Екі күнге созылған бұл айтысты ерекше ықыласпен тамашалаған көрермен айтыс өнерінің құдыретіне таңданыстарын білдірді. Жастардың суырып салма өнерін көрсетуімен қатар, ұлттық өнерімізді ұлықтаған бұл айтыста қазылар алқасы әр өңірден келген. Мәселен, Қазылар алқасының төрағасы «Алтын домбыра», «Құрмет» орденінің иегері Бекарыс Шойбеков болды. Қазылар алқасы құрамында Еркебұлан Қайназаров, Өміржан Көпбосынов, Анар Жаппарқұлова және Ахметжан Өзбеков секілді қазақ өнерінің майталмандары болды. Олардың әділ төрелігі қатысушылардың өнерін жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.
Айтысқа қатысушылар сахнада шеберліктерін көрсетіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді сөзбен өрнектеді. Әсіресе, елдік пен бірлік, рухани құндылықтар, жастардың рөлі секілді тақырыптар басты назарда болды. Әр ақынның өнері қазылар тарапынан әділ бағаланып, жүлделер өз иелерін тапты.
Бас жүлдені Қызылорда қаласынан келген жас ақын Бексұлтан Орынбасаров иеленді. Жас ақынға «Күміс домбыра» және қаржылай сый берілді. Бірінші орынға Қарағанды қаласының ақыны Нұрмұхамед Байсүгіров лайық деп танылды. Екінші орынды Түркістандық Нұрдаулет Өмірбек пен Шымкенттік Нұрмахан Жақыпбек бөлісті. Ал үшінші орынға Алматы облысынан келген Шынарбек Тұрсын мен Шымкент қаласының дүлділі Ахметрасул Баянбай қол жеткізді. Айтыста Ұлытау облысынан келген Сырым Нығызбаев пен Қостанай облысының намысын қорғаған Айбар Рағатов арнайы жүлделермен марапатталды.
«Күміс домбыра» айтысы жас ақындар үшін өнерлерін көрсетуге және кәсіби деңгейлерін шыңдауға зор мүмкіндік береді. Ұлттық өнерімізді насихаттау, жастардың суырып салмалық қабілеттерін дамыту – мұндай шаралардың басты мақсаты. Шымкент қаласында өткен бұл айтыс қазақ мәдениеті мен өнеріне деген құрметтің жарқын көрінісі болды.

Г. ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар