Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасы Жастар ресурстық орталығы мен Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бірлесе ұйымдастыруымен қала жастары арасында кезекті пікірсайыс турнирінің финалы өтті.
Жалпы, Шымкентте жастар арасында пікірсайыс турнирлері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жыл сайын кең көлемде дәріптеліп келе жатқан пікірсайыста қоғамдық мәселелер шет қалмайды. Ал, бұл сайыс қала жастарының білімін кеңейтіп, өзара пікір алмасуға мүмкіндік береді.
Аталған турнирге Шымкент қаласының 8 жоғары оқу орнының командалары қатысты. Турнир барысында жастар түрлі маңызды тақырыптарды талқылап, өз білімдері мен шешендік қабілеттерін көрсетті. Финалға дейін барлық қатысушылар өздерінің білімі мен дайындық деңгейін дәлелдеп, жоғары нәтиже көрсете білді. Ақтық кезеңде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті мен Орталық Азия Инновациялық университетінің командалары бақ сынады.
Финалда қатысушылар «Қаржылық сауаттылық негіздерін мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде қосу керек» деген тақырыпта өзара пікірталасқа түсті. Бұл мәселе қазіргі заманның өзекті тақырыптарының бірі. Жастар өз пікірлерін айта отырып, қаржылық сауаттылықтың қоғам үшін маңыздылығын жан-жақты талқылады. Командалар өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен бекітіп, қарсыластарының пікірлеріне сауатты түрде жауап бере білді.
Турнирдің қорытындысы бойынша жеңіс Орталық Азия Инновациялық университетінің «Ақыл мен жүрек» командасына бұйырды. Олар өз білімдері мен шешендік қабілеттерінің жоғары деңгейін көрсетіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Бұл команда ойын барысында өзара түсіністік пен мықты дайындықтарын көрсетті. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Жалпы, мұндай пікірсайыс турнирлері жастар үшін ерекше маңызға ие. Бұл шаралар олардың ойлау көкжиегін кеңейтіп, азаматтық позицияларын нығайтады. Сонымен қатар, пікірсайыс алаңы жастардың қарым-қатынас дағдыларын дамытып, болашақта өз салаларында табысты маман болуына жол ашады.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ