Редакция таңдауы

Бүлдіршіндерге шипа сыйлаған аурухана

Дені сау, бақытты, жан-жақты дамыған бала – қоғам мен мемлекет үшін ең жоғары құндылық. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде балалар барлық бағыттар бойынша тегін медициналық көмек алады. Қаламыздағы Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасы жедел және жоспарлы түрде 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсететін жалғыз мекеме. Осы орайда аурухананың атқарып отырған қызметімен танысып қайтқан болатынбыз.

2024 жылы желтоқсан айында қалалық клиникалық балалар ауруханасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Беделді балалар ауруханасы» атағына ие болды. Бұл мәртебе – мекеменің білікті мамандарының, заманауи технологиялық базасының және пациенттерге жоғары деңгейде көрсетілген медициналық көмектің нәтижесі.
«Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» дейтін халықпыз. Баланы ұрпақ жалғастырушы, елдiң болашағы дейміз. Сол балдырғандардың денсаулығына қатты мән береміз. Жарқын елдің болашағы саналатын сәбилердің өмірінде адам өмірінің сақшысы бола білген дәрігерлердің орны бөлек.
2024 жылы аурухана қызметі жаңа деңгейге көтерілді. Педиатриялық көмекті бір жерге шоғырландыру арқылы барлық бейінді мамандардың қатысуымен сапалы қызмет көрсету мүмкіндігі артты. Сонымен қатар, қазан айында госпитальді фармация бөлімшесі мен пневматикалық пошта жүйесі іске қосылды. Бұл дәрі-дәрмек жеткізуді орталықтандырып, емдеу процесінің жылдамдығы мен тиімділігін арттырып, қазіргі таңда өз жемісін беруде.
– Шымкент қалалық балалар ауруханасы тәулігіне 500-550 науқасқа жедел медициналық көмек көрсетіп, 450-495 науқасқа стационарлық ем жасайтын орталық. Балалар ауруханасында барлық педиатриялық көмек орталықтандырылып, амбулаторлы келген науқастарға консультативті диагностикалық көмек көрсету жолға қойылған. 2024 жылы ауруханаға келген пациенттер саны 131 987-ге жетті, оның 22 200-і стационарға жатқызылып, 103 978-і амбулаториялық ем қабылдады. Жоспарлы түрде 5 449 бала емделді. 2023 жылмен салыстырғанда қызмет көрсетілген пациенттер саны 48,2 пайызға өсті. Бұл екінші корпустың аурухананың балансына берілуімен және төсек санының 315-тен 495-ке дейін артуымен тікелей байланысты. Аурухананың консультативті – диагностикалық емханасында барлығы 22 маман – дәрігер кеңес береді. 2024 жылы емхана арқылы кеңес алған пациенттер саны 23 868 құрайды. Ультрадыбыспен зерттеуден – 6 396 және МРТ, КТ зерттеулерден 1 330 амбулаториялық науқастар өткен. Екінші корпусты да ұтымды қолдану мақсатында барлық соматикалық бөлімшелер сонда көшірілді. Бір жасқа дейінгі балалардың аурушаңдығына басымдылық беріліп, «ерте жастағы балалар пульмонологиясы» бөлімшесі ашылды. Алдағы уақытта «Күрделі соматика» бөлімшесін ашу жоспарлануда, – дейді аурухананың бас дәрігері
Динара Жұмаділова.
Қазіргі таңда аурухананың материалдық – техникалық базасы 94,6 пайызға өсіп отыр. 2024 жылы кардиохирургия бөлімшесін ашу жоспарланып, соған байланысты қажетті құрал – жабдықтар мен аппараттар алынған. Заманауи стандартқа сай кардиохирургиялық ота залы және кардиореанимация палаталары толыққанды жабдықталды. Кардиохирург дәрігерлер жұмысқа тартылды, медбикелер отадан кейінгі науқастарды жүргізу бойынша қайта оқу курстарынан өтті. Дәрігерлер әрбір аппаратты тиімді қолдануды үйреніп, машықтаныған. Ангиографты қолдана отырып 25 күрделі жүрек ақауларына окклюдер қою және басқа да операциялар жасалған. Ал нейрохирургиялық қондырғысын қолдану арқылы бас –ми, жұлын жүйесіне 160, оның ішінде «Эпилепсияның фармакологиялық төзімді түрі» диагнозы қойылған 4 баланың жұлынына «Имплантация постоянного пульсгенератора VNS» отасы жасалынды. 4К бейне жүйесі бар педиатриядағы лапароскопиялық аппаратымен 390 ота жасалған.
– Қазіргі уақытта заманауи жабдықтың көмегімен балалардың церебральді сал ауруы, орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары, ісіктер, гематомалар, ми тамырларының тромбозы сияқты күрделі операциялар жүргізіліп келеді. Эпилепсияға шалдыққан ауруларға дәрі әсер етпей қалады. Осындай эпилепсияға шалдыққан 1-5 жас аралығындағы бүлдіршіндерге кезбе нервінің қозуын төмендететін нейростимулятор орнату отасы жасалынып жүр. 2024 жылы 4 науқасқа осы ота жасалды, – дейді Динара Жұмаділова.
Ауруханада ерекше балалардың тіс ауруларын наркоз беру арқылы емдеу «Ауыртпалықсыз стоматология» принципымен жұмыс атқаратын стоматологиялық кабинет жұмыс атқарады. Дәрігерлер церебральды сал ауруы, аутизм сырқаттарға шалдыққан балалардың ауыз қуысы мен тісін арнайы әдіспен, наркоз беру арқылы жеңіл түрде емдейді. Стоматалогиялық кабинет дәрігерлері пациенттерді жергілікті емханалардың жолдамасы арқылы қабылдайды. 2024 жылы стомкабинет арқылы барлығы 592 ерекше бала ем қабылдаған. Қалалық балалар клиникалық ауруханасының неонатальді хирург дәрігері мен балалар анистезиолог – дәрігері қалалық перинатальдық орталығына барып, туа біткен ақаулары бар 42 нәрестеге ота жасады. Аурухананың консультативті-диагностикалық емханасында 22 маман дәрігер кеңес береді. 2024 жылы емхана арқылы 23 868 пациент кеңес алды. Ультрадыбыстық зерттеуден 6 396 бала өтсе, МРТ және КТ қызметін 1 330 пациент пайдаланды. Заманауи зерттеу құралдарымен жабдықталған зертхана диагноздың дәлдігін, ауруды анықтаудың жылдамдығын қамтамасыз етеді.
Дәрігерлердің біліктілігін арттыру кезек күттірмейтін мәселе екені белгілі. Заманауи құрылғылардың тілін білу, күтпеген жерден пайда болатын пандемияларға қарсы тұру үшін де уақыт ағымына сай білім қажет. Осы қағиданы ұстанған аурухана басшылығы білікті, тәжірибелі дәрігерлердің қатысуымен аурухана қабырғасында семинар-тренингтер, шеберлік сағаттарын ұйымдастырып тұрады. Өткен жылы 12 дәрігер шет мемлекетте білімін жетілдіріп келген.
– Ауруханамызда 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, «Балалық шақтағы ауруларды ықпалдастыра жүргізу» ресурстық орталығы ашылды. Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Сарсен Құранбек пен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысты. Орталық дәрігер-үйлестірушілері 10 емхананың бас дәрігерлері мен 60 бөлімше меңгерушілерін оқытып, 60 бас дәрігерлердің орынбасарларын және 3 емхана супервайзерлерін оқытты. 2024 жылдың сәуір айында аурухана ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің аккредитациясынан өтіп, «Жоғары санат» мәртебесіне ие болды, – дейді аурухананың жетістіктерімен бөліскен Динара Ақәділқызы.
Осы жерде айта кету керек бас дәрігердің де еңбегі бағаланып, 2024 жылы маусым айында «Денсаулық саласының үздік менеджері» атағын алды.
Аурухана әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуде маңызды рөл атқарды. 2024 жылы 2 106 пациентке онкологиялық, паллиативтік, неврологиялық, эндокриндік және орфандық аурулар бойынша көмек көрсетілді. Ауруханаға науқастанып келген, жатқызуға көрсеткіші бар, бірақ жолдамасы жоқ науқастарға әкімшілік портал ашылып жедел түрде жатқызуға мүмкіндік бар. Былтыр осылай әкімшілік портал арқылы жолдамасыз келген 467 науқасқа жедел көмек көрсетілген. Аурухана қаржыландыру көздері ретінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі қаражаттарын пайдаланды.
Қалалық балалар клиникалық ауруханасының 2024 жылғы жетістіктері – заманауи медицинаның, ұжымдық еңбектің және басқарушылық шеберліктің нәтижесі. Бұл мекеме Қазақстандағы балалар денсаулығын сақтау саласының көшбасшыларының бірі екендігін тағы бір дәлелдеді.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар