Редакция таңдауы

Өз үйім – өлең төсегім

немесе Шымкенттің тұрғын үй нарығындағы жағдай қалай?

Өткен жылдың соңында Шымкентте халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік бағдарламасы бойынша екі жүзге жуық отбасына жалға берілетін пәтерлердің кілттері табысталды. Көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері Асар-2 және Тұран шағын аудандарында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерде жаңа пәтерлер алды.

Кредиттік тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және аз қамтылған азаматтарды ынталандыру мақсатында өткен жылы бюджет есебінен 1 793 отбасы ипотекалық пәтер алды, оның ішінде 519 отбасы өтеусіз негізде әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттарына ие болды.
Шымкентте «Отбасы банк» АҚ арқылы ипотекалық баспаналар сатылуда. 2024 жылғы тұрғын үй бағдарламалары және 2025 жылға арналған перспективалық кредиттеу бағдарламалары туралы «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Еркін АХЫНШАЕВ айтып берді
2024 жылдың қорытындысы бойынша «Отбасы банк» АҚ-ның Шымкент бойынша филиалы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2 мыңға жуық пәтерді сатты. Бұл тұрғын үйді әкімдік ұсынған және мемлекеттік қызметшілер, халықтың әлеуметтік осал топтары санаттары бойынша кезекте тұрған азаматтар алды.
Егер өңірлік бағдарлама туралы айтатын болсақ, Qamqor бағдарламасы іске асырылуда. Оған жергілікті атқарушы органдар 3 млрд теңге бөлді. Бұл қаржы 2024 жылы толығымен игеріліп, 150-ден астам үміткер тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл бағдарлама тұрғын үймен қамту саласындағы тың жаңалық болды. Себебі, бағдарлама аясында бұрын қолданылған тұрғын үйлерді сатып алуға рұқсат етілді. Бұл бөлінген қаражатты игеруге септігін тигізді. Ипотекалық бағдарламаның ыңғайлылығы мынада болды: бастапқы жарна 10%, несие мөлшерлемесі 5%, одан әрі 3,8% дейін төмендеді. Қарыздың ең жоғары сомасы 20 млн теңгені құрады. Ең бастысы, жаңа ипотекаға дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, педагогтар, тәрбиешілер, күтушілер, ЖОО және колледж оқытушылары, ҒЗИ ғылыми қызметкерлері, мәдениет және спорт қызметкерлері, шығармашылық одақ мүшелері, журналистер, Мемлекеттік қалалық ұйымдардың, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері, энергетика саласының өкілдері қатыса алды.
Бұл ретте шектеулер онша көп болған жоқ. Бағдарламаға қатысушылардың жасы өтініш берген кезде 63 жастан аспауы, соңғы бес жылда Қазақстанның барлық аумағында жеке тұрғын үйі болмауы, соңғы үш жыл ішінде Шымкентте тұрақты тіркелуі, Шымкентте таңдалған салада ресми жұмыс өтілі кемінде 12 ай болуы тиіс еді. Бағдарламаға қатысу үшін «Отбасы банкінде» шот болуы немесе оның клиенті болуы талап етілді. Тізімді қала әкімдігі, банк тексеріп, қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін растағаннан кейін ипотека алуға болады.
Qamqor бағдарламасы бойынша 2024 жылы қатысушылар тізімінде 400 өтінім бөлініп, 2025 жылы игерілетін 8 млрд теңге бөлінді. Ал қаңтар айында қарыз алушыларды төлем қабілеттілігі тексеріледі. Осы айдан бастап бағдарлама шеңберінде әлеуетті тұрғын үй сатып алушылар Шымкенттен өздерінің шаршы метрін іздей алады.
Тұрғын үй нарығында тұрғын үй сатып алу үшін көптеген банктік несие бағдарламалары бар. Бұл азаматтардың белгілі бір санаттарына жеңілдікпен кредит берудің мемлекеттік бағдарламалары ғана емес, сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Отбасы банкі» жергілікті бағдарламалары – «Отау», «Наурыз». Сонымен қатар, жаңа ғимараттарда тұрғын үй сатып алу бойынша «Өз үйің» бағдарламасы жұмыс істейді. 100 000 000 теңгеге дейінгі қарызы бар бірегей бағдарлама, тұрғын үй құнының 20% — дан ең төменгі бастапқы жарнасы және қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі: жылдық 6%-дан 7%-ға дейін, кейіннен жылдық 3,5% — дан 5%-ға дейін төмендейді. Сондай-ақ, тиімді бағдарламалар: «Ұмай» бағдарламасы және «Әскери Баспана» бағдарламасы.
2024 жылы жаз бойы белсенді түрде насихаттаған «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары іске асырылды. Жыл қорытындысы бойынша Шымкент филиалында 17 млрд теңгеге 675 жылжымайтын мүлік сатылды. Бұл ипотекалық несиелер бойынша қомақты сомалар болып есептеледі. Егер жалпы барлық бағдарламалар бойынша қарайтын болсақ, онда біз 2024 жылы 5 мыңға жуық қарыз бердік. Оның ішінде, ұзақ уақыт бойы қажетті соманың 50 пайызын жинай алған адамдарға қайталама нарықта тұрғын үй сатып алу үшін 2 мыңға жуық қарыз берілді. Олар соңғы шарттар бойынша бізде ақша салып, алты ай күтті, содан кейін несие алды, — деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Шымкент филиалы директорының орынбасары Еркін Ахыншаев.
«50-де 50» бұл ең кең таралған және ең танымал бағдарлама. Банк мамандарының айтуынша, бұл бағдарламада жеке тұрғын үйдің бар-жоқтығы немесе үміткердің тұрғын үй кезете тұруы жөніндегі талаптарды орындаудың қажеті жоқ. Мейлі атында 5-10 пәтері болса да «Отбасы банкінде» тұрғын үй құнының жартысын жинаған адам қаласа екінші нарықтан, қаласа жаңа үйден пәтер таңдап, ипотека арқылы үй алуына болады.
«Қазақстанның кез келген тұрғыны біздің банкте шот аша алады, бір мезгілде тұрғын үй құнының 50 пайызын шотқа сала алады. Егер ол 20 миллионға пәтер сатып алуды жоспарлаған болса, онда 10 миллионды шотқа салу керек, төлем қабілеттілігін алдын-ала тексеріп, қолданбада көруге болатын бағалау көрсеткішіне жету үшін алты ай мерзім күту керек. Осыдан кейін клиент баспана іздеуге кірісе алады. Тіпті, құрылыс кезеңінде құрылыс компаниялары біздің клиентпен келісе алатындай мүмкіндік бар (клиент қажетті қаражаттың 50 пайызы банкте деп айта алады). Біз қарыз алушыға 20 млн теңге сомасына несие беруді растайтын мультисертификат береміз. Құрылыс компаниясы үйлерді пайдалануға бергенге дейін қарыз алушыға тұрғын үйді брондайды. Барлық құжаттар дайын болған кезде біз несие рәсімдеп, құрылыс компаниясына ақша аударамыз. Егер құрылыс кезеңінде тұрғын үй брондалса, онда ол клиент үшін арзанырақ түседі, — деп түсіндірді Еркін Ахыншаев.
Мәселен, «50-де 50» бағдарламасы бойынша 10 млн. депозиті бар клиент Шымкенттің кез келген шағын ауданынан жаңадан салынып жатқан үйден екі бөлмелі, әрлеусіз, ауданы орташа пәтерді таңдайды. Оның құны шамамен 20 млн теңге. Немесе тап сол бағаға екінші нарықтан, бұрын адамдар тұрған, бірақ, жөндеуден өткен дайын пәтер де табуға болады. Осыдан кейін ол 5 пайыздық мөлшерлемеге ауыстырылады. Бұл жағдайда артық төлем шамамен 2 млн теңгені құрайды. Яғни, ипотекаға алғанына қарамастан, пәтер бар-жоғы 22 млн теңгеге түседі. Бұл өте тиімді ұсыныс.
«Біздің банкпен жұмыс істейтін құрылыс компаниялары барлық нысандарын аяқсыз қалдырмайтын сенімді ұйымдар. Иә, кейде 3-6 айға дейін мерзімінен кешігулер болуы мүмкін. Бірақ, бұл соншалықты маңызды емес. Түбі олар біздің клиентке тиісті құжаттарды береді және олар көптен күткен баспанасын алады. Бүгінгі таңда Шымкентте көптеген құрылыс компаниялары бар. 2025 жылға біз құзыреті Қазақстандық тұрғын үй компаниясының қорытындыларымен расталған ірі құрылыс салушылармен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Біз келіссөздер жүргізіп, банк, клиент, құрылыс компаниясы арасында үшжақты шарттар жасаймыз. Оған сәкес құрылыс компаниясы пәтердің біздің клиентке шартта белгіленген бағамен сатылуына кепілдік береді», — деп түсіндірді «Отбасы Банкі» қалалық филиалы басшысының орынбасары.
Банк қызметкерлері Шымкент бойынша тұрғын үй бағасының орташа статистикасын жүргізеді. Әрлеусіз пәтердегі бір шаршы метрдің бағасы 350-ден 380 мың теңгеге дейінгі арада. Бұл баға диапазонындағы тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр. Бір шаршы метрге 400, 450 және 600 мың теңгеге дейінгі бағалар да бар. Бұл енді пәтердің жайлылық класына байланысты нәрсе. Сонымен қатар, көптеген құрылыс компаниялары камфорт класындағы тұрғын үй құрылысына баса назар аударып отыр. Банк сарапшыларының айтуынша, Шымкент халқының төлем қабілеттілігі 30 млн теңгеге дейінгі үш бөлмелі пәтерді сатып алуға әбден жететінін көрсетеді.

Сергей ПАВЛЕНКО

Соңғы жаңалықтар