Редакция таңдауы

Он ырыстың тоғызы адал саудада немесе биыл 19 базар жаңғыртудан өтеді

Шымкент – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін, тарихы бай, ежелден сауда-саттықтың қайнаған ортасы болған киелі мекен. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан бұл қалада тек сауда ғана дамып қойған жоқ, ол мәдениет пен өркениет тоғысқан маңызды орталыққа айналды. Сонау ғасырларды артқа тастап, заман талабына сай дамып отырған Шымкентте заманауи кәсіпорындар мен сауда нысандары күн өткен сайын көбейіп келеді.

Республикалық мәртебеге ие шаһарға айналған соң Шымкент қаласының тынысы ашыла түскендей. Сауда орындары жаңарып, бұрынғы дәстүрлі базарлар инфрақұрылымы жетілген, ыңғайлы, заманауи сауда алаңдарына айналды. Бұл өзгерістер тек қала экономикасын дамытуға ғана емес, тұрғындардың өмір сапасын да жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы барлық базарлар жаңғыртылуы тиіс деп мәлімдеген болатын. Депутаттар алдында есеп берген министрлік өкілдері базарларда қажетті жағдай жасалып, соның ішінде бақылау-кассалық аппараттар қойылып, санитарлық-нормалар сақталатын болуы тиіс екенін алға тартқан еді. Содан бері Шымкентте базарларды модернизациялау ісі қарқын ала түсті.

Шымкент шаһары бүгінде республикада сауда-саттық саласы дамыған, базары көп, халқы ең белсенді қала. Еңбекші халқының арқасында егемендік жылдардан ел экономикасын тіктеген үшінші мегаполис, заманның жаңа ағымына сәйкес сауда орындары да түрленіп, жаңаша кейіпке еніп келеді. Сандарды сөйлетсек, 2018 жылға дейін қалада 36 базар бар болған, талапқа сай келмей 17 базар жабылған еді. Ресми деректерге сүйенер болсақ, биыл 19 базардың қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталады деп күтілуде. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқарма басшысы Біржан Әзімбердиев айтты.

– Қазіргі таңда Шымкентте 19 базар жұмыс істейді. Оның ішінде әмбебап – 7, мамандандырылған – 12. Әрқайсысы қала тұрғындары мен кәсіпкерлер үшін маңызды орын саналады. Дегенмен, уақыт өте келе базарлардың жағдайы тозып, инфрақұрылымы ескірген еді. Бүгінгі таңда тұрғын үй кешені құрылысына байланысты 5 базар (Евразия, Алтын орда, Әсел, Юж Транс, Бенефис ) жұмысын тоқтатқан. 10 базар (Бекжан, Көмеш бұлақ, Алатау, Аргон, Жан ұя, Сейхун, Нұрлы Жол, Дауреханова, Зияш ана, Ынтық ата көк базары) нысаналы мақсатын өзгерткен. «Covid-19» коронавирус ауруының пандемиясы кезіндегі карантинге байланысты, 2020 жылы (Ынтық ата мал базары, Арғымақ) базарларына келушілер саны төмендеп, жұмысын тоқтатқан. Енді, министрліктің тапсырмасына сәйкес, қала әкімдігінің бастамасымен, базарларды жаңарту жұмыстары қарқын алып жатыр. Бұл өзгерістер тек сауда сапасын емес, қала келбетін де жақсартуға бағытталған.

Биылғы жылы Сауда және интеграция министрлігінің Жол картасы аясында қаладағы жеті базарды жаңғырту жоспарланды. Олардың ішінде «Алаш», «Самал», «Жаңа шахар», «Орталық Жоғарғы базар», «Авто Нұр», «Жабық базары» және «Назым апа» бар. 2024 жылы «Алаш», «Самал» және «Жаңа шахар» базарларының модернизациясы аяқталды. Енді қалған базарлар биыл толық жаңартылып, заманауи талаптарға сай сауда алаңдары ретінде қайта жаңғырмақ. Бұл өзгерістер базарларды қауіпсіз әрі қолайлы етуге бағытталған. Жаңғырту барысында базарлардың көлік тұрағы, санитарлық талаптары мен өрт қауіпсіздігі жақсартылады. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге ыңғайлы жұмыс орындары құрылып, тұтынушылар үшін қолайлы жағдай жасалатын болады,-дейді Біржан Әзімбердиев

Стихиялық саудаға да орын бар

Базарларды жаңғырту оң нәтижелерін бере бастады. Сауда орындарының жаңаруы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, қосымша жұмыс орындарын құруға ықпал етуде. Базарларда жасалған дұрыс жағдай тұтынушылардың да көңілінен шығуда. Шымкент базарларына қатысты тағы бір өзекті мәселе – стихиялық сауда. Құрылыс материалдарын тұрғын үйлерге жақын жерлерде немесе жол бойында заңсыз сататын орындар жиі кездеседі. Бұл жағдай тек жол қозғалысына ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне де кері әсерін тигізеді. Стихиялық сауда мәселесін шешу үшін қала шетінде төрт арнайы сауда орталығы құрылды дейді жауаптылар.

– «Солтүстік-1» (6 га, Қаратау ауданы), «Солтүстік-2» (7,6 га, Абай ауданы), «Ынтымақ» (77 га, Абай ауданы) және «Құрсай» (29 га, Тұран ауданы). Бұл сауда орталықтарына заңсыз саудамен айналысатын кәсіпкерлер көшірілуде. Сонымен қатар, тротуарларда заңсыз сауда жүргізетіндерге қарсы тұрақты рейдтер ұйымдастырылуда. Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі) 204-бабына сәйкес, белгіленгеннен тыс орындарда сауда жасау – ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Бұл жұмыс қала тазалығын сақтау мен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған,-дейді басқарма басшысы.

Базарларды жаңғырту арқылы қала экономикасы нығайып, халықтың тұрмыс сапасы жақсарады. Жаңартылған базарларда сатушылар мен сатып алушылар үшін қолайлы жағдай жасалып, қала тұрғындарының қажеттіліктерін толық қанағаттандыру көзделуде. Сонымен қатар, заманауи базарлар экологиялық талаптарға сай құрылып, халықтың денсаулығына зиян келтірмейді. Мұндай өзгерістер тек экономикалық пайда әкеліп қоймай, Шымкенттің тарихи рөлін сақтай отырып, заман талабына сай дамуына ықпал етеді. 2025 жылдың соңына дейін Жол картаға сәйкес 4 базарды (Авто Нұр, Алаш, Назым апа, Жабық базар) модернизациялау жұмыстары аяқталатын болады. Ал, ҚР СИМ-і бекіткен Жол картаға сәйкес, «Орталық Қырғы» базарды модернизациялау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бүгінгі таңда базарды модернизациялау жұмыстары 50 пайызға аяқталған.

Жаңарту жұмыстарына базар иелері жауапты

Базарларды модернизациялау мақсатында Республикалық маңызы бар қалаларда кредиттік мөлшерлемені субсидиялау қарастырылмаған. Яғни, Әзірленген Мемлекеттік жаңғырту бағдарламалары сауда объектілерін қаржыландыруды көздемейді, ол осы нарықтардың иелеріне жүктеледі. Ал, базарларды модернизациялау барысында саудагерлердің орындары сақталып, өздеріне қайта ұсынуды жауапты басқармалар қатаң бақылауда ұстайды. Шағын кәсіп иелерінің табысының тоқтамауы маңызды. Сондықтан, кәсіпкерлер арасында бұл жаңарту жұмыстары жалға алуды қымбаттатып, меншікті орнымыздан айрылып қаламыз дегенге негіз жоқ дейді Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқарма басшысы.

Түйін:

Шымкент базарлары – қаланың экономикалық және мәдени өмірінің ажырамас бөлігі. Ұлы Жібек жолының тарихи мұрагері болған бұл мекен енді жаңа дәуірдің талаптарына сай дамуда. Заманауи базарлар тек сауда алаңы ғана емес, халыққа қауіпсіз, жайлы және тиімді орта қалыптастыруға арналған орынға айналуда. Бұл өзгерістер тек қала экономикасын нығайтып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға да септігін тигізеді.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар