Шымкент қаласында өткен жылы 24 гүлзардың құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қаланы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары басты назарда тұрған мәселе. Сондай-ақ, Еуропадан раушан гүлдері әкелініп, басты көшелердің бойына отырғызылған. Аталған көпжылдық гүлдер биыл көктемде қала көркіне тағы да сән бермек.
Көгалдандыру – басты назарда
Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының 2024 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстары баспасөз брифингінде сараланған болатын. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар көгалдандыру, ирригация жүйелерін дамыту, саябақтарды, субұрқақтарды ретке келтіру жұмыстарының барысынан толық хабардар етіп, 2025 жылғы жоспарларды баяндады.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, шаһарда көгалдандыру жұмыстары қарқын алған. Қала аумағын көркейту мақсатында өткен жылы мердігер мекемелер тарапынан магистральді көшелердің қиылысына, айналма жолдар, жол жиектеріне, жалпы 91 орынға көпжылдық раушан гүлдері отырғызылған. Бұл жұмыстар алғаш рет қолға алынып отыр. Раушан гүлдерінің тұқымдары Франция, Ұлыбританиядан әкелінген. 2024 жылдың күз айларында қала аумағына 1 млн 300 мыңға жуық қызғалдақ көшеттері (голландиялық тұқымдар) егілді. 2023 жылмен салыстырғанда қызғалдақ егу көлемі 33 пайыз артып отыр.
Басқарманың есебінше, былтыр Әл-Фараби көшесінің Алматы тас жолынан бастап Бадам айналмалы жолына дейінгі 7,5 шақырымдық, 142 500 шаршы метр аумаққа газон екпелері егілген. Атап айтқанда, 9 ұңғыма қазылып, автоматты суғару жүйесі орнатылып, 3994 гуджум ағашы, 3832 шынар ағашын егу жұмыстары атқарылып, көшенің кері бұрылыстарына және жаяу жүргігіншілер жолағына 2 400 шаршы метрге 25 000 дана раушан гүлі отырғызылды. Жасыл белдеудің «Ақжар» тұрғын алабындағы 216 га учаскелеріне 142 мың ағаш көшеттері, көктемгі және күзгі сенбіліктер барысында аудан әкімдіктері тарапынан 20 мың дана ағаш көшеттері отырғызылды. Сонымен бірге, «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-і зауыты аумағына 51 мың дана ағаш көшеттері егілген.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкент-Ташкент бағытындағы қоқыс полигоны аумағына 200 гектар жерге 140 мың ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары атқарылған. Акцияда тұрғындар, ірі кәсіпорындар да қаланың жасыл болуына өз үлестерін қосып келеді.
«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» атты 2023-2027 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасының «Жол картасына» сәйкес, отырғызылған ағаштарды паспорттау, цифрлық базаға енгізу де жоспарланған.
Жалпы, шаһарда соңғы жылдары жәй жапырақты ағаш көшеттеріне басымдық берілуде. Оның ішінде, қаланың символына айналған шынар, емен, қарағаш түрлері (гуджум) бар. Ағаштар ыстыққа төзімді, суды көп қажет етпейді. Егілген ағаштардың бәріне үздіксіз тамшылатып суару әдісі қолданылуда.
Өзен арнасы тазартылды
2020 жылы Бадам өзені арнасынан тасып, аумақтағы елді мекендерге қауіп төндірген еді. Осы жұмыстардың алдын-алу мақсатында өткен жылы 9 шақырым аумақты бетондау жұмыстары жүргізіліп, арнасы қайта қалпына келтірілді. Атап айтқанда, Бадам өзенінің Еңбекші ауданының үш учаскесінде (Жыланбұзған, Тоғыс, Маятас) арнаны түзету бойынша 4,5 шақырым үйінді бөгеттер салынды. Абай ауданындағы үш учаскеде (Қызылжар, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл) ұзындығы 4,5 шақырым үйінді бөгет салу жұмыстары атқарылды. Жалпы, 2024 жылы Бадам өзені жағалауын нығайтудың бірінші кезеңін толықтай аяқтау жоспарға енгізілген.
Қала әкімінің тұрғындармен кездесулері барысында Бадам өзеніне жақын орналасқан тұрғындар өтпелі көпір салып беруді сұраған болатын. Бұл орайда «Толағай» мекемесінің өз есебінен екі көпір құрылысы жүргізіліп, халық игілігіне берілді.
Дендросаябақта ғылыми жұмыстар қолға алынуда
А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта ағаштардың қурауы, суландыру жүйелерінің істен шығуы, көл аумағы суының азайып кетуіне қатысты тұрғындар тарапынан шағымдар айтылған еді. 2024 жылы аумақта бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Дендросаябаққа келетін БМК каналының құрылыс жұмыстары жүргізіліп, аумаққа қайта су берілді. Басқарма басшысының мәліметінше, жасыл аумақ 17 секторға бөлініп, толыққанды суару жүйесі қайта іске қосылған.
Мамандармен бірлесіп дендросаябақтың жалпы ағаштарының жағдайына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, оның нәтижесінде басқармаға бірнеше ұсыныстар беріліпті. Өткен жылы ғылыми бөлімнің жұмысы қайта жанданған. Атап айтқанда, Өзбекстанның орман шаруашылық институты, Алматы қаласының ботаникалық бағымен бірлесе жұмыс атқарылып, аумаққа 132 ағаш көшеті тұқымдары әкелінді. Ендігі ретте ғылыми бағытта да дендросаябақтың жұмысын жандандыру назарға алынып отыр.
Қошқар ата өзені – қаланың күретамыры, табиғи қоры. Қала тұрғындарының өтінішіне сәйкес, аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасын табуда. 2025 жылы да абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарда тұр. Қаланың микроклиматына өз үлесін қосып жатқан өзенді таза ұстау, келешек ұрпаққа сақтау бәрімізге жүктелген міндет.
Сонымен қатар, есепті кезеңде Тәуелсіздік саябағындағы шаңырақ, қақпа, Қызғалдық субұрқағы аумағындағы сахна, Абай саябағы аумағында орналасқан ескеркіштердің сынған граниттері толықтай ретке келтіріліп, түнгі жарықтар орнатылды. Субұрқақтар бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Нақтырақ айтқанда, қала бойынша жалпы 51 насос, 1300 метр электр кабельдері, су шашатын 400 түтікше (сосок), 8 субұрқақтың қақпа клапыны (задвижка) жаңартылып, 27 насос жөндеуден өткен.
24 гүлзар салынды
Былтыр қараша айында Әл-Фараби ауданы аумағында 3 бірдей демалыс орны тұрғындар игілігіне берілгені көпшілікке мәлім. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа нысандардың ашылу рәсіміне қатысып, тұрғындармен жүздескен-тін.
Атап айтқанда, Шымкент май зауыты (МЖК) аумағында Есіл және Камал көшелерінің арасындағы 0,5 га аумақтағы көне саябақ қайта жаңғырды. Ұлт саулығын жақсарту мақсатында саябаққа 200 шаршы метр заманауи баскетбол алаңшасы, балалар ойын және спорт (тренажер, воркаут) алаңшалары, 2 теннис үстелі, 1 шахмат үстелі орнатылды. Сондай-ақ, А.Диваев көшесінде, С.Жандосов және Жібек жолы көшелерінің қиылысында жаңа гүлзар ашылып, тұрғындардың игілігіне тапсырылды.
Шымкент қаласында аулаларды абаттандыру, гүлзарлар салу қарқынды жүргізілуде. Былтыр қалалық жайлы ортаны дамыту бағытында жалпы 24 гүлзардың құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. «Шымсити» саябағы, Еңбекші ауданында BIG TULIP гүлзары да тұрғындар үшін нағыз саялы орынға айналды. Мұның бәрі де қоғамдық ортақ пайдалану орындарын қалыптастыру мақсатында қолға алынуда. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.
Қала тұрғындары көне саябақтардың қайта абаттанғанына, жаңа гүлзарлардың ашылуына ризашылықтарын білдірген болатын. Ғабит Әбдімәжитұлы азаматтарға қайта жаңарған саябақты күтіп ұстау қажеттігін, демалыс аймақтары одан әрі де көбейе беретінін атап өтті.
Сондай-ақ, өткен жылдың соңында Шымкент қаласының Орталық саябағында ардагерлер мен қарияларға арналған «Шахматшылар үйі» ашылды. Ғимарат толық жылу жүйесімен және электр желісімен қамтамасыз етіліп, орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Жаңа нысанда бір уақытта 40 адам шахмат ойнай алатын 20 шахмат үстелі бар. Орталық саябақта ардагерлер қысы-жазы шахмат ойнайтыны көпшілікке мәлім. Енді зияткер ойынның өкілдеріне арнайы ғимарат ашылып отыр. Жалпы айтқанда, шаһарда жайлы ортаны дамыту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруда жүйелі жұмыстар жүзеге асуда.
Т.ҚАСЫМОВ