осы сөзді Бегәлі Әбдуәлі бар шығармашылығына тұғыр еткен
Қалай дәл айтылған сөз! Жуырда ғана ел болып, 100 жылдығын еске алған, «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» Бердібек Соқпақбаевтың Қожасы есіңізде ме? Ол өзінің бала шақтағы бұзықтығы жайында: «Әрине, бәріне өзім айыптымын. Осының бәрі тәртіпсіздіктің, мінез-құлқымның нашарлығының кесапаты» демей ме? Өйткені, қайран балалық шақ ешкімге де, ешнәрсеге де бағынбайтын патшаның тағында отырғаннан бір де кем емес!
Дәл осындай мойындауды тағы бір шығармадан кездестіріп қалдық. «Ал, мен үйдің кенжесі болғаннан кейін бе, тым ерке боп өстім. Әке-шешем де ешқашан бетімнен қаққан емес, Содан ба, үнемі әрнәрсеге ұрынып, соқтығысып жүретінім бар».
Б.Соқпақбаевтың Қожасынан айырмашылығы бұл Есен деген баланың әке-шешесі бар. Бірақ, өзі айтатындай: «Қожа, сені іштартып, сырласқым келгені әрі ерекше жақсы көруімнің себебі – екеуміздің тағдырымыздың ұқсастығынан болар?»
Иә, 1957 жылы жазылып, орыс, украин, француз, литва, латыш, өзбек тілдеріне аударылған «Менің атым Қожа» повесі бойынша 1963 жылы «Қазақфильм» студиясы осы аттас көркем фильмді экранға шығарды. Сол Қожаны «ерекше жақсы көріп», бар арман-мұңымен бөліскен Бегәлі Әбдуәліұлының «Сырымды саған айтам, Қожа» атты кітабы 2013 жылы «Кітап» ЖШС-нен жарық көріпті. Сондай-ақ, бұл шығарма 2020 жылы бүкіл түркі халқына етене таныс түрік тіліне аударылыпты.
Біз оқырман ретінде кітап авторы Бегәлі Әбдуәліұлымен тілдестік. Ол кісі қаламгерлік жолдың қызығы мен шыжығын бір кісідей тартып келе жатқанын айтты. Қаламгер-ұстаз басқа шығармаларын былай қойғанда, осы «Сырымды саған айтам, Қожа» атты повесті жазу үшін қанша мектепке арнайы барып, оқушылармен пікірлескен. Сөйте отырып, өткен ғасырдың орта шеніндегі балалар өмірі мен қазіргі оқушылардың тұрмыс-тіршілігін саралап, салыстырған. Аталған повесте мынадай диалог бар:
— Фотоаппарат алдыңдар ма?
— Сәрсенде фотоаппарат бар.
— Ағай, бәрімізде ұялы телефон бар ғой, сонымен-ақ түсіре бермейміз бе?
Осы екі-үш қатар сөзден-ақ, тұтас екі ғасыр өкілінің дүние танымы көрініс беріп тұр. Айталық, сұрақ қойып тұрған Болат мұғалім — өткен ғасырда тәрбие, білім берген мектептің түлегі. Ал, саяхатқа шығуға жиналып жатқандар — бүгінгі, яғни ХХІ ғасырдың мектеп оқушылары. Екі ұғымның арасы — жер мен көктей.
Бегәлі Әбдуәліұлының қаламынан туған шығармада осындай шымыр өрілген салыстырмалы сипаттар көп кездеседі. Тіпті десеңіз, оқушыға мұғалімдер қоятын талаптар, ата-ана тарапынан берілетін тәрбиелік сөздерде де кедесетін осындай қолданыстар оқырманды қызықтырып, алға тартып отырады. Мынадай да әдемі әрі терең иірімдер бар.
«Әкем осындай ақыл-кеңестерін Еламан ағама айтып отырғанмен, осы сөздерін маған да арнап отырғандай көрінетін сол кезде».
Осы жолдардағы «сол кезде» деген бір-ақ ауыз сөзге жазбагер үлкен салмақ артып тұр. Оқып отырып: «Иә, ол кезде солай еді. Бір балаңа айтқан ескертпеңді барлық балаң тыңдап, сезініп, жіберген олқылығын екіншілей қайталамайтын», – деген ойға келесіз. Жазбагердің мектеп қабырғасында қырық жылдан астам сіңірген еңбегінің жемісі, міне, осында жатыр.
Кітап кейіпкері өз өмірінің қайсы кезеңін, әке өсиеті, оның ақыл-кеңестері жайлы айтса да, тіпті туған жеріне деген сағынышы, көпір маңындағы қасірет туралы сыр шертсе де сырласып отырған Қожаны бір сәт те естен шығармайды. Кейде оған жаңа ғасыр, жаңа дәуірдің ең басты жаңалықтары жөнінде шешіле сыр шертеді. Ондайда: «Қожа, біле, білсең, қазір ғылым мен білімнің, техниканың дамыған заманы. Біздің ой-санамыз, дүние танымымыз тіптен жоғары»,– дей келіп. — Ал, мен саған өзің көрмеген, тіпті естімеген ғылым жаңалықтарын айтайын. Сен естіп, таңданарсың, қызығарсың. Ал, тыңда, ендеше!» — деп жалғай түседі.
Енді, мынаған қараңыз. «Бүгінде жас буын кітап оқымайды!» деп көп айтамыз. Сондай ашыныстардың бір түйіні ретінде «Шымкент келбеті» (8.09.2024ж.) газетінде «Балалар әдебиеті табалдырықта тұр» деген мақала да жарияланды. Мақала авторы Бақтияр Тайжан өз ойын аяқтай келе: «Бердібек Соқпақбаевтай талантты дүниеге әкелген қазақта дарындар жетеді», – деп тұжырымдапты.
Бәлкім, сондай сирек қаламгердің бірі — біз әңгіме қозғап отырған ұстаз-қаламгер Бегәлі Әбдуәліұлы болар?! Бұл сөзімізге «Құрмет» орденінің иегері, «Жалын» конкурсының бірнеше дүркін жүлдегері, Ғабит Мүсірепов, Қасым-Жомарт Тоқаев атындағы әдеби сыйлықтардың иегері, жазушы Шойбек Орынбайдың: «Бекеңнің басқа кітаптары да оқушыны үйіріп әкететін, баурап алатын көркем шығармалар» деген ойы дәлел бола алса керек. Басқа кітаптардың қатарында жазбагердің «Ұстаз ұлағаты», «Өмір жолы – тар соқпақ», «Біз айтты демеңіздер», «Өнегелі өмір» және «Атасының баласы» атты туындылары бар.
Абзалында, «оқырман азайды» дегенен гөрі, сол қалың қауымға тұшымды дүние ұсыну қажет-ақ сияқты. Біз ұсынып отырған туынды сондай сұранысты қанағаттандырар деген ойдамыз. Жазарыңыз таусылмасын, Бегәлі Әбдуәліұлы!
Атанбек НАУРЫЗ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі