Ағайын татулығын тіршілігінде ту ете білген қазақ қазір де әлем елдерімен байланысын арттырып, татулық пен бірліктің тұтқасын берік ұстанып отыр. Мұндай дипломатиялық байланыс – жай ғана саяси келісімдер емес, халықтардың өмір сапасына, экономикалық даму деңгейіне, мәдениетке, ғылым мен білімге әсер ететін кең ауқымды жүйе. Осы күні Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы әртүрлі саладағы ынтымақтастық соңғы жылдары айтарлықтай қарқын алып, стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Бұл байланыстардың дамуы Шымкент қаласында да нақты көрініс тауып келе жатқаны рас.
Болашаққа бағытталған серіктестік
ЕуроОдақ елдерімен арадағы қарым-қатынас соңғы жылдары жаңа серпін алып, көпжақты байланыстың үлгісіне айналды. Айталық, еліміздің ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге 2015 жылы қол қойылып, 2020 жылы күшіне енді. Бұл келісім 29 салада, соның ішінде сауда, инвестиция, көлік, энергетика және қоршаған ортаны қорғау, құқықтық мемлекет қағидаттары мен адам құқықтары сияқты маңызды бағыттардағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік берді. Бір сөзбен айтқанда, келісім саяси диалогты нығайтып, экономикалық байланыстарды кеңейтуге жол ашты. Мысалы 2023 жылы ЕО еліміздің сыртқы саудасының 28 пайызын құрап, тікелей шетелдік инвестициялардың 50 пайыздан астамын иеленді. Биылғы мәліметтерге сәйкес, Еуропалық одақ – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық әріптесіне айналды.
Еуропалық одақ – еліміздің жетекші инвесторы. Өйткені еуропалық компаниялар елдің тікелей шетелдік инвестицияларына айтарлықтай үлес қосады. 2005-2020 жылдар аралығында ЕО мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі және қаржылық қызметтерді қоса алғанда, әртүрлі салаға 160 миллиард еуродан астам инвестиция салған. Демек бүгінде одақ елдері мен Қазақстанның ортақ серіктестікке негізделмеген саласы жоқ.
Ынтымақтастық тек экономикалық мүдделермен шектелмейді. Қазіргі жағдайда адам құқықтары, азаматтық қоғамды дамыту, білім беру және мәдениет саласындағы серіктестіктердің де маңызы арта түсті. Мысалы бүгінде Erasmus+ бағдарламасы арқылы Қазақстан студенттері мен оқытушылары Еуропада білім алып, көкжиегін кеңейтіп жатыр. Бұл өзара сенімге, ортақ құндылықтарға және тұрақты даму мақсаттарына негізделген ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың үлгісі болашақта жаңа белеске шығуы мүмкін.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің халықаралық саясатында өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықтың маңыздылығына ерекше тоқталып келеді. Мемлекет басшысының бастамалары білім беру мен ғылым саласындағы халықаралық байланысты күшейтуге бағытталған. Бұл тұрғыда Шымкент қаласы өңірлік экономикалық хаб қана емес, сонымен бірге ғылыми-инновациялық серіктестіктің де маңызды алаңына айналып келеді.
Шаһардың шетелмен бауырластығы бекем
Өткен аптада Шымкент қаласына келген Еуропалық Одаққа мүше 18 елдің елшілері шаһардың экономикалық және ғылыми әлеуетімен танысты. Сапар аясында «Шымкент қаласының экономикалық және инвестициялық әлеуеті» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Асылов, Еуропалық Одақ пен оған мүше елдердің дипломатиялық өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел барысында Шымкенттің индустрия, көлік, логистика, сауда және инвестициялық тартымдылығы кеңінен таныстырылды. Себебі Шымкент – еліміздің ең жылдам дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Қаланың экономикалық әлеуеті шетелдік инвесторлар үшін үлкен қызығушылық тудырады.
Шаһарға сапарында елшілердің алдымен бас сұққан жері – М.Әуезов атындағы университтің студенттері мен оқушы құрамы болды. Университет – Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде елдегі алғашқы өңірлік зерттеу университеті мәртебесін иеленген. Қазір оқу орны Ұлттық университет статусын алу үшін тиісті құжаттарды әзірлеп жатыр. 2023 жылы 80 жылдығын атап өткен білім ордасы осы уақыт аралығында 250 мыңнан астам жоғары білікті маман дайындағандығы да делегация өкілдеріне егжей-тегжейлі баяндалды. Бүгінде ғылым мен инновацияны дамытуда университет профессорларының жетекшілігімен халықаралық жобалар іске асырылып жатыр екен. Бұл жобалар арқылы шетелдік сарапшылармен бірлесіп физика, агрономия, IT, аударма ісі сынды салаларда зерттеулер жүргізіп келеді. Университет ректоры Дархан Ахмет-Закидің сөзінше, қазір университетте қос дипломдық бағдарламалар, академиялық ұтқырлық және Erasmus+ сынды халықаралық жобалар аясында 15-тен астам елмен ынтымақтастық орнаған. Германия, Австрия, Эстония университеттерімен бірлескен дуальді білім беру жүйесін енгізуде табысты жобалар жүзеге асып отыр. Бұдан бөлек, «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқытушылары шетелдік университеттерде білім алып, тәжірибе жинақтап келеді. Шымкент қаласына келген Еуропалық Одақтың және Австрия, Ұлыбритания, Швеция, Швейцария, Германия, Финляндия, Полония, Кипр, Португалия, Грекия, Болгария, Хорватия, Эстония, Мажарстан, Латвия, Румыния мен Словакия елдерінің елшілері осы әлеуетпен танысып, бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірді.
Еуропалық құрамның атынан сөз алған Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич Еуропалық Одақ үшін Қазақстанмен, соның ішінде Сыртқы істер министрлігімен әріптестік өте маңызды екеніне тоқталды. «Біз еліміздің түрлі аймақтарына сапарларымызды жүйелі түрде ұйымдастырып келеміз. Қазақстан – кең байтақ мемлекет әрі біз тек Астана немесе Алматымен шектеліп қалмай, Шымкент секілді серпінді дамып жатқан өңірлерге де ерекше назар аударамыз. Шымкент – біздің келесі стратегиялық бағытымыз және бұл сапарды кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Бұл сапардың негізгі мақсаты – өзара түсіністік пен әріптестікті одан әрі дамыту», деді ол.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко ұлы ғалым, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің есімімен аталатын оқу орны сапалы білім мен жас таланттарды қолдаудың символына айналғанын жеткізіп: «Шымкент қаласы – тек әдемі және тәртіпті қала ғана емес, елдің маңызды экономикалық, іскерлік, мәдени және гастрономиялық орталығы. Оның екі мың жылдан асатын бай тарихы бар. Бұл қала Ұлы Жібек жолының бойында орналасып, ежелден сауда мен мәдениеттің алтын көпірі болды. Қазір қаланың даму қарқыны көз қуантарлық. Инфрақұрылым мен құрылыс қарқынды жүріп жатыр, ал шағын және орта бизнестің өркендеуі – шымкенттіктердің еңбекқорлығы мен табысқа деген ұмтылысының айқын дәлелі», деп толықтырды. Оның айтуынша, халықаралық әріптестік – бүгінгі заманның басты қозғаушы күші. «Біз бүгін университеттің Еуропа мен әлемнің өзге де елдерінің жетекші оқу орындарымен байланысын кеңейтіп жатқанына куә болдық. Бұл – мақтауға лайық бастама. Шымкент қаласында орналасқан SCAT әуекомпаниясының жаңа халықаралық бағыттарды ашуы – өңірдің әлеммен байланысын арттырып, оны «Жаңа Жібек жолының» маңызды буынына айналдырып отыр. Жақын арада SCAT әуе компаниясы Мюнхен, Будапешт сияқты еуропалық қалаларға тікелей рейстерді іске қоспақ. Бұл – халықаралық интеграцияның нақты мысалы. Бүгін Сіздер үшін Еуропалық елдердің елшілерімен жүздесіп, олардың мемлекеттерімен танысуға, жоғары білім мен ғылыми ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін білуге бірегей мүмкіндік туып отыр. Бұл – соңғы жылдардағы ең ауқымды еуропалық делегацияның аймаққа сапары. Әр елшімен жеке тілдесіп, сұрақ қою мүмкіндігі бар екенін ерекше атап өткім келеді», деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Сондай-ақ, ол Еуропалық әріптестер үшін Шымкент пен АҚШ-тың Аризона штатындағы Тусон қаласы арасындағы бауырластық байланысты атап өтті. Бұл ынтымақтастық ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының соңынан бастау алған. Шымкент Ұлыбританиядағы Стивенейдж қаласымен де бауырлас. Мұндай байланыстар аясында студенттер мен оқытушылар шетелдік оқу орындарына барып, тәжірибе алмасып жатыр. Осылай деген ол «Сессияда және кейінгі Speed Dating форматындағы кездесулерде белсенді болуға, сұрақтар қоюға шақырамын. Бұл – тек білім ғана емес, болашаққа апарар көпір» деп қоса кетті. Өз кезегінде сөз алған Германия Моника Иверсен білім ордасына екінші рет келіп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай кездесулер екіжақты қарым-қатынасты нығайтып, білім мен мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен серпін бермек.
Бұдан кейін шетелдік делегация мүшелері шаһардың мәдени-тарихи орындарымен танысып, өндіріс орындарын аралады. Соның ішінде дипломаттар Santo, BalTextile және KazAlpack сияқты заманауи технологияларды қолданатын кәсіпорындардың жұмысын көзбен көріп, олардың ЕО нарығына экспорттық мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ қонақтар үшін «Құлагер» атшабарында қазақтың қонақжай халық қана емес, ержүректігімен де ерекшеленетінін паш еткен ұлттық ат спорты ойындары көрсетілді. Іс-шара соңында қатысушылар үшін арнайы фотосессия ұйымдастырылып, Шымкент пен Еуропа елдері арасындағы серіктестік пен достықты тереңдетуге бағытталған нақты келісімдер жасалды.
Сенім іргетасын қалаған
Іс-шара барысында қалаға келген шетелдік елшілерді аз-кем әңгімеге тартып, өңірдегі сапардан алған әсерін бөлісуді сұраған едік.
Алешка СИМКИЧ,
Қазақстандағы Еуропалық Одақтың елшісі:
– Шаһарымызға қош келдіңіз! Бұл сапардың мақсаты қандай?
– Бүгін Шымкент қаласына Еуропалық одаққа мүше 15 елдің елшісі келді. Сонымен қатар, одаққа мүше болмаса да білім беру мен ғылым саласында тығыз байланыстағы Швейцария мен Ұлыбритания елшілері де бізбен бірге. Біздің сапарымыздың басты мақсаты – Қазақстанмен, соның ішінде Шымкент қаласымен өзара қарым-қатынасты нығайту, мәдени және экономикалық әріптестікті тереңдету. Біз үшін Астана мен Алматы ғана емес, сондай-ақ елдің үшінші ірі қаласы – Шымкент те өте маңызды. Сондықтан біз дәл осы қаланы таңдадық. Бұған дейін де басқа өңірлерге сапарлап барған болатынбыз және алдағы уақытта Қазақстанның басқа да аймақтарын аралауды жалғастырамыз. Себебі осы арқылы біз өз мемлекеттерімізді Қазақстан халқына жақынырақ таныстыруға, сондай-ақ жергілікті жағдаймен танысып, екіжақты мүмкіндіктерді зерделеуге тырысамыз. Бұл – білім беру, мәдениет, бизнес, тіпті гастрономия салаларында өзара тиімді ынтымақтастық орнатудың тамаша мүмкіндігі. Жаңа Сыртқы істер министрінің өкілі гастрономияның маңызды екенін ерекше атап өтті. Бұл мәдениетпен бірге халықты жақындастыратын күш. Бүгінгі шара барысында Erasmus+, Horizon және басқа да ғылыми-зерттеу бағдарламалары туралы айтылды. Біз Еуропалық университеттер мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті одан әрі дамытуға ниеттіміз. Бұл – болашағы зор бағыт.
Студенттердің жиі қоятын екі басты сұрағы бар. Біріншісі – Еуропада оқу мүмкіндіктері қандай? Екіншісі – Еуропаға барудың оңай жолы қандай? Жақында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында визалық рәсімдерді жеңілдету жөнінде келіссөздер басталмақ. Бұл – Еуропаға сапар жасауды жеңілдетуге бағытталған маңызды қадам. Әрине, бұл ертең орындалатын дүние емес, келіссөздер уақыты қажет етеді. Дегенмен біз бұл процесті мүмкіндігінше тездетуге күш саламыз. Әсіресе студенттер үшін Еуропадағы алмасу бағдарламаларына қатысу жолын жеңілдету – басты басымдықтарымыздың бірі.
– Еуропа елдерінің ішінде Қазақстанмен байланысты нығайтуға қай елдер ерекше қызығушылық танытып отыр?
– Жалпы алғанда, Еуропа елдерінің барлығы дерлік Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге үлкен қызығушылық танытып отыр. Кейбір мемлекеттердің бұл елмен тарихи тұрғыдан қалыптасқан байланыстары бар болса, енді бірі бұл қатынастарды жаңадан дамытып жатыр.
Қазір елімізде одаққа мүше 22 мемлекеттің елшілігі жұмыс істеп жатыр. Бұл – өңірдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі. Тек бес ел ғана Қазақстанды басқа елдерден қоса қамтып отыр. Бұл көрсеткіштің өзі-ақ Қазақстанға деген сенім мен стратегиялық маңыздылықтың айқын дәлелі. Әр елдің өз мүддесі, өз бағыты бар – біреуі ауыл шаруашылығына, біреуі логистикаға, енді бірі жасыл энергетика мен фармацевтика саласына қызығушылық танытады. Сол себепті қандай да бір нақты елді бөліп айту қиын. Барлығы да ынтымақтастық орнатуға мүдделі.
– Біздің елде соңғы жылдары шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Шымкентте де еуропалық университеттердің бөлімшелері ашыла ма деген үміт бар. Бұл қаншалықты мүмкін?
– Бұл өте қызықты және маңызды сұрақ. Дегенмен, айта кету керек, америкалық немесе британдық университеттерден айырмашылығы – еуропалық жоғары оқу орындарының шетелде филиал ашу тәжірибесі көп кездесе бермейді. Олар көбіне студенттерді Еуропаға оқуға шақырып, халықаралық алмасу немесе қос дипломдық бағдарламалар аясында жұмыс істейді. Неміс университеттері сияқты кейбір оқу орындары жергілікті университеттермен серіктестік орнатуға бейім. Осы формат – ең нәтижелі бағыттардың бірі деп ойлаймын. Шымкенттегі университеттермен осындай әріптестік жобалар қолға алынса, еуропалық тараптан қолдау табарына сенімдімін.
– Шымкентке сапарыңыз бірінші рет пе? Қала жайлы әсеріңіз қандай?
– Жоқ, бұл менің Шымкентке екінші рет келуім. Қазақстанда жұмыс істей бастағаныма жеті ай болды, осы уақыт ішінде бұл қалада екі мәрте болдым. Шымкент – өзіндік болмысы бар, ерекше атмосфераға ие шаһар. Маған мұндағы ауа райы ұнайды – күншуақты, жылы. Адамдары өте қонақжай, ашық-жарқын. Тағамдары да өзіне тән дәмімен есте қалады. Жалпы, бұл өңір маған бір жағынан Жерорта теңізі аймағын, Оңтүстік Еуропа елдерін еске салады. Жанға жайлы, рухани жылу беретін өңір.
– Осы уақыт ішінде қазақ тағамдарының қайсысы ерекше ұнады?
– Шынымды айтсам, Қазақтың етін жеп жүрмін. Өте дәмді. Қазақ халқы етті жақсы көреді. Мен де етке үйреніп келемін. Жалпы, ұлттық тағам – ел мәдениетінің ажырамас бөлігі. Қазақ асханасы – дәм мен тарихтың үйлесімі. Бірақ өз үйімде ет аспаймын. Ал нан түрлері, көкөністерден жасалған салаттарының дәмі тіл үйіреді. Әсіресе, көкөністердің түрлі тәсілмен дайындалғаны ұнайды.
Мадалина ЛУПУ,
Қазақстандағы Румыния елшісі:
– Бүгінгі іс-шара Румыния мен Қазақстан арасындағы болашақ қарым-қатынасқа қалай әсер етуі мүмкін?
– Бұл – менің осы университетке екінші рет келуім. Алғашқы сапарымда да жылы қабылдауға ие болдым, ал бүгінгі кездесу – ерекше әсерлі. Біздің ел Қазақстанмен тығыз әрі сенімді қарым-қатынастар орнатқан мемлекет қана емес, 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы Еуропалық Одақ елдерінің бірі. Бұл біздің елдеріміз арасындағы достық пен өзара құрметтің белгісі. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық көптеген салаларды қамтиды – білім, ғылым, мәдениет, энергетика және сауда. Сондай-ақ Румыния – Каспий өңірі мен Еуропаны байланыстыратын маңызды экономикалық әрі логистикалық буын. Әсіресе Констанца порты – Қазақстаннан және Орталық Азиядан Еуропаға тауар жеткізудің басты нүктелерінің бірі.
Мен бүгін өзіммен бірге Румыния университеттерінің бірнеше білім беру бағдарламаларын алып келдім. Оларды жаңа студенттер мен оқытушыларға да таныстырдым. Соның ішінде Румыния үкіметі ұсынатын гранттар, үкіметтік шәкіртақылар бағдарламасы, Румын даму агенттігінің шәкіртақысы, Бухаресттегі Политехникалық университеттің арнайы ұсыныстары туралы айтып өттім. Бұдан бөлек, біз франкофония дәстүрін қолдауға да ерекше мән береміз. Университетте француз тілі апталығы өтіп жатыр екен. Біз де Румыния елшілігі ретінде бұл бастамаға қолдау білдіріп келеміз. Келесі аптада университетте румын тілі мен мәдениетіне арналған іс-шаралар ұйымдастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Мамыр айының басында біз Шымкент пен Астанада Румыния мәдениетіне арналған концерттер өткіземіз. Бұл – біздің елдің қазіргі заманғы музыкасын, сондай-ақ, румындық және қазақ мәдениеттерінің байланысын көрсететін ерекше жоба болады. Атырау қаласында да арнайы түсірілімдер жоспарланып отырмыз. Бұл да біздің мәдени қарым-қатынастарымызды нығайтудың бір жолы.
Ал жалпы сауалға екі қырынан жауап бергім келеді. Біріншісі – Румыния мен Қазақстан арасындағы екіжақты байланыстар, екіншісі – Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық.
Бүгінгі сапар – бізге бір-бірімізді тереңірек тануға, әртүрлілігімізді құрметтей отырып, өзара түсіністікті арттыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Қазақстанның аймақтарына Еуропалық елшілердің ең ірі делегациясының сапармен келуі – бұл тарихи оқиға. Бұл арқылы біз тек орталықтан емес, өңірлерден де шынайы жағдайды көріп, жергілікті ерекшеліктер мен мүмкіндіктерді түсінуге тырысамыз. Мұндай кездесулер — сенімнің іргетасы, болашақ серіктестіктің бастауы.
– Сіздіңше бұл сапар қандай нақты бағыттарға оң ықпал етеді?
– Ең алдымен, бұл екіжақты экономикалық қатынастарға серпін береді. Қазақстан – Орталық Азиядағы маңызды экономикалық ойыншы, ал біз бұл бағытта ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз. Сонымен қатар, мен ерекше атап өткім келетіні – адами байланыстар, яғни жастар, студенттер арасындағы алмасулар, академиялық серіктестіктер. Бүгін біз университет өкілдерімен кездестік. Бұл — ерекше платформа. Білім арқылы бір-бірімізді тереңірек тани аламыз, болашағымызды бірлесе құруға жол ашылады.
– Шымкент қаласындағы қандай өндірістік аймақтар румыниялық инвесторлар үшін қызықты болуы мүмкін?
– Меніңше, Шымкенттегі барлық арнайы экономикалық аймақтар шетелдік инвестиция тартуға әлеуетті. Ауыл шаруашылығы – басты назарда, себебі Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр.Сонымен қатар, құрылыс саласы, цемент өндірісі, фармацевтика, дәрі-дәрмек өндірісі секілді бағыттар да инвестицияға өте тартымды. Осы салаларда тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға болады. Әрине, туризм саласын ұмытпауымыз керек. Қазақстанның табиғаты, мәдениеті – кез келген турист үшін ашылмаған әлем. Алдағы уақытта Алматыда өтетін Қазақстанның Халықаралық Туризм Форумына Румыниядан үлкен делегация қатысады. Бұл делегацияны Экономика министрінің орынбасары басқарады. Біз осы іс-шараны асыға күтіп отырмыз.
Ева Пулано,
Швеция Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
– Екі елдің ортақ байланысы не береді?
– Менің миссиям – Швеция мен жаңарған Қазақстан арасындағы зор әлеуетті ашу. Бұл елдеріміз арасындағы әріптестікті кеңейту, әсіресе қазіргі Қазақстандағы реформалар мен тұрақты даму жобалары аясында аса маңызды. Қазақстан – табиғи ресурстарға бай ел. Қазақстан Президенті мен Үкіметі экономиканы әртараптандыру бағытын ұстанып отыр. Осы тұрғыда Швеция Сіздер үшін шабыт көзі бола алады. Бүгінде Швеция – жоғары дамыған мемлекеттердің бірі. Алайда 100–120 жыл бұрын біз Еуропадағы ең кедей елдердің қатарында болдық. Біз ғылымға, инженерлік ойға, кәсіпкерлікке басымдық беру арқылы қазіргі деңгейге жеттік. Бүгінде шведтің көптеген жеке компаниялары әлемдік нарықта көш бастап отыр.
Швеция – бейтарап ел ретінде бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстардан тыс қалды. Бұл бізге соғыстан кейінгі жылдары тез дамуға мүмкіндік берді. Қазір 10 миллион халқы бар Швеция әлемдік деңгейде ықпалды елге айналды. Біздің көптеген швед компанияларымыз Қазақстанда да табысты жұмыс істеп келеді. Швецияда әлемдік рейтингке енген тоғыз университет бар. Студенттер үшін шексіз мүмкіндік бар. Біздің ел – Нобель сыйлығының Отаны. Сондықтан Қазақстанмен осы білім мен ғылымды бөлісуге дайынбыз. Сондай-ақ, қазір біз Еуропа және Орталық Азия елдерімен бірлесе отырып, тұрақты көлік дәліздерін дамытып жатырмыз. Бұл – Қазақстанның экономикалық интеграциясына жол ашатын маңызды бағыт.
– Жаңа ғана қазақтың ұлттық ойындарын тамашаладыңыз. Әсеріңіз қандай?
– Әсерім ерекше. Ат үстіндегі шабандоздардың ептілігі мен жануармен арадағы тығыз қарым-қатынасына тәнті болдым. Қыздар мен жігіттердің мергендігі, ұлттық ойынның өзіндік сиқырына таңданғаным рас. Әсіресе қаз бен жігіттің атпен шауып келе жатып түрлі қимыл жасауының өзіндік мағынасы бар екенін білдім. Сондай-ақ әдемі тауларына қарай бергің келеді. Бұл ерекше көрініс туристер үшін көркем және демалуға өте әсерлі жер. Шымкентке алғаш рет келдім. Байқауымша, бұл аймақта кәсіпкерлік жақсы дамыған, сонымен қатар, қалада тарихи және серпінді атмосфера бар.
Михал ЛАБЕНДА,
Полония елшісі:
– Байқауымша, Сіз қазақ тілін жетік білесіз. Қазақ тілін қалай тез үйрендіңіз?
– Қазақ тілін жақсы меңгергенмін, себебі жоғары білімді Қазақстанда қазақ тілінде алғанмын. Бұл тіл мен үшін тек қарым-қатынас құралы ғана емес – ол осы елдің мәдениеті мен болмысын терең түсінудің кілті. Менің ойымша, қай елде қызмет етсең, сол елдің тілін білу – үлкен құрмет пен жауапкершілік. Бұл тек дипломатиялық этика емес, сонымен қатар сенім мен жақындықтың белгісі. Қазақ халқының жүрегі кең, тілі бай – осы тілді үйрену арқылы мен Қазақстанды шын мәнінде тереңірек таныдым деп ойлаймын.
Ал бүгін сапар мен үшін ерекше маңызды болды. Шымкент қаласына алғаш рет келіп отырмын. Сапар барысында өңірдің қарқынды дамуын, оның инвестициялық әлеуетін өз көзіммен көру мүмкіндігіне ие болдым. Біздің мақсат – Польша мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту. Әсіресе, инвестиция және білім беру салаларындағы байланысты кеңейтуге баса назар аударғымыз келеді. Қазір ғана Polpharma компаниясының инвестициялық жобаларымен таныстым. Бұл компания – Қазақстандағы ең ірі поляк инвесторларының бірі. Бұл фармацевтика, құрылыс химиясы, көлік және жалпы өнеркәсіп салаларында белсенді жұмыс істейді. Polpharma-ның Шымкентте жаңа зауыт салу жоспары – екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың нақты көрінісі деп білемін.
– Сапар аясында білім беру саласына қатысты қандай кездесулер болды?
– Қаладағы бірнеше университеттің студенттерімен кездескенім ерекше әсер қалдырды. Бұл кездесу шынайы пікір алмасуға, болашақ жоспарларымызбен бөлісуге үлкен мүмкіндік берді. Студенттердің белсенділігі мен білімге деген құштарлығы, сауатты және нақты сұрақтары мені қуантты. Әсіресе, бірнеше тілді еркін меңгерген жастардың бар екені – Қазақстандағы білім сапасының жоғары деңгейін көрсетеді.
Менің айтарым, біздің елдер арасындағы достық пен өзара қолдауға негізделген қарым-қатынас болашақта да бірлескен жобалардың жүзеге асуына ықпал етеді деп сенемін. Осы сапар барысында көрсетілген жылы қабылдау мен ынтымақтастыққа деген ашықтық үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін.
Яап ОРА,
Эстония елшісі:
– Өңірдің өндірістік әлеуеті туралы не айтасыз?
– Иә, өңірдегі бірқатар кәсіпорынды араладық. Солардың бірі Polpharma жоғары технологиялармен жабдықталған, бірегей өндіріс орнын көрдік. Бұл кәсіпорын өз өнімдерін Еуропалық Одақ нарығына экспорттап отыр және барлық қажетті халықаралық сертификаттарға ие. Бұл – Қазақстан мен ЕО арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанының нақты дәлелі.
– Бұл сапардың маңыздылығын әріптестеріңіз де айтып өтті. Осы кездесуден кейін екі елдің білім саласында қандай мүмкіндікке жол ашылады?
– Біз М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне барып, білім беру саласындағы әріптестік туралы пікір алмастық. Университеттің ғылыми базасы, халықаралық байланыстарды дамытуға деген ұмтылысы бізді ерекше қуантты. Меніңше, алдағы уақытта академиялық алмасулар мен бірлескен ғылыми зерттеулер арқылы студенттер мен оқытушылар үшін жаңа көкжиектер ашылары анық. Бірақ бұл біраз талқылауды қажет етеді.
Эстония университеттері мен Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық жақсы қарқынмен дамып келеді. Мәселен, Таллин университеті мен М.Әуезов атындағы университет арасында өзара серіктестік орнаған. Бұл – тек білім алмасумен ғана шектелмей, ғылыми-зерттеу жобалары арқылы да нығайып жатқан байланыс.
– Біздің Президентіміздің бастамасымен қазір өңірлерде қос дипломдық бағдарламала, филиалдар жұмыс істеп жатыр. Мұндай тәжірибе Эстониямен жүзеге аса ма?
– Эстония университеттерінде қос дипломдық бағдарламаларда белгілі бір тәжірибе бар. Алайда қазір Эстония жоғары оқу орындарының Қазақстанда өз филиалын ашу жоспары қарастырылып отырған жоқ. Бұл – әр университеттің ішкі стратегиясына байланысты шешім. Дегенмен, бұл ынтымақтастыққа тосқауыл емес. Біз екіжақты ғылыми-зерттеу, академиялық алмасу және мәдени ынтымақтастық бағыттарын одан әрі тереңдетуге дайынбыз.
–Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергендеріңіз үшін рахмет!
–Сіздерге де рақмет! Қазақстанмен әріптестік – біз үшін маңызды бағыт әрі бұл байланыстардың болашағы жарқын боларына сенеміз.
Жадыра МҮСІЛІМ