Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
«Құрмет» орденінің иегері
Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ:
– Қуандық аға, өзіңізді әлі күнге дейін журналистиканың қайнаған тіршілігінен қол үзбеген журналист деп білеміз. Ұзақ уақыттан бері шәкірт тәрбиелеу ісінде де өнімді еңбек етіп келесіз. Сондықтан бұл сұхбатымызда осы қос қырыңызды қамтысақ деп отырмыз. Әңгімемізді ең алдымен журналистік жолыңыздан бастайықшы.
– Келісемін. Еңбек жолымды аудандық газеттің тілшілігінен бастағанмын. Зейнеткерлікке республикалық «Айқын» газетінен шықтым. Осы екі аралықта журналистік тәжірибемде үзіліс болған жоқ. Мұндайда «бүкіл өмірімді журналистикаға арнадым» деп айтуға болады. Аудандық газеттен кейін «Оңтүстік Қазақстанның» мектебінен өттім. Шыңдалдым. Жазуым ширай түсті. Облыстың қара шаңырақ басылымында көп нәрсені үйрендім. Өзім де жаман еңбек еткен жоқпын. «Оңтүстіктегі» бас редакторым Әмірсейіт Әлиев алғашқы кезде сынай қарады. Кейін маған әкемдей жақын болып кетті. Қамқорлығын аямады. Маған сөз тигізбейтін. Қиын тапсырмаларды беретін. Ол кісіден бірде-бір рет ескерту естімеппін.
«Оңтүсіктен» кейін « Жас Алаштың» мектебінен өту бақыты бұйырып тұр екен. Бас редакторым – Нұртөре Жүсіп. Бас редактордың бірінші орынбасары – Қали Сәрсенбай. «Оңтүстік Қазақстандағы» мақала жазу стилімді бір-ақ түнде өзгерттім. Ертеңіне-ақ «Жас Алаштың» стилімен бұрқыратып мақала жібере бастадым.
Журналистке бірінші керегі – шығармашылық еркіндік. Сол еркіндікті сездім. Бірақ, қолданыстағы заңның аясынан шықпауың керек. Айтатын ойыңды еркін баяндап, идеяларыңды ұсына бер. Заңның талаптарынан тыс қалып кетпесең болғаны. Осы ұстаныммен жұмыс істедік. «Жас Алаш» бізді осыған үйретті. Ол кезде газет – мемлекеттікі. Күндердің күнінде газеттердің біразы жеке адамдардың меншігіне өте бастады. «Жас Алаш» та біреудің қанжығасында кетті. Дәл осы өзгерістерден кейін «Оңтүстігіме» қайтып оралдым.
– Аға, өзіңізге журналист Слам Нұрмағанбетов ағамыз «Қазақ журналистикасының тарихында бірінші рет республикалық газетте шаруасын жүргізе алмаған кейбір облыс әкімдерін батыл сынауға болатынын дәлелдеген журналист» деп баға берген екен. Осы кезді еске түсірейікші. Бұл қай жылдар еді? Сіздің жазу стиліңізді бір күнде өзгерткен уақыт па?
– Слам батырдың айтқаны ақиқат деп ойлаймын. Республикадағы айдарынан жел есетін газеттердің тілшілері де, басшылары да облыс басшыларына тіс батырмайтын. Президенттің осындағы өкілі деп қаймыға ма, қайдам, солардың айтқанына қарай қисаятын. Қазақстан тәуелсіздік алды, әкімдер институты құрылды. Жекешелендіру басталды. Осы үдерісті әкімдер басқарды.
Мемлекет қазынасында ақша аздау кез. Үлкен, алып кәсіпорындардың өзі бір тұрғын үйдің бағасына сатылып кетіп жатты. Обал болды ғой, дейтін адам жоқ. Әкімдер білгенін істеп жатты. Олар күндердің-күнінде халық күнделікті тұтынатын, ай сайын ақшасын төлеп отыратын жарыққа, суға, газға ауыз сала бастады. Кейбір әкімдер өздері ашып алған ЖШС-лардың жарғылық қорына бес қабатты ғимараттарды, базарларды, дүкендерді су тегінге өткізіп жіберді.
Біз республикалық газетте қызмет істейміз, тілшіміз. Жоғарыда айтылған кемшіліктерді қанша жасырғандарымен байқап, біліп жүрміз. Мен ғана емес, басқа жорналшылар да біледі. Бірақ ешкім «Не болып кетті? Халықтың қаражатына салынған байлықтарды талан-таражға салуға әкімдерге кім құқық берді? Заң талаптарын неге бұзып жатырсыңдар?» демейді. Бір орыс тілді газеттің тілшісі облыс басшысы деңгейіндегі шенеунікке «Сіз адал адам емессіз» дегендей әңгімені бастағаны сол еді, тілшіні бірден сотқа берді де миллиондаған теңге айыппұл салды. Газетті де жетістірмеді. Жабылуға сәл-ақ қалды.
Журналистік зерттеу жүргізе бастаған 1-2 журналист ізім-ғайым жоғалып кетті. Кейбірі төтенше жағдайдың құрбаны болды.
Тәуекел дедік. Ешкімнің жеке басына тиіскен жоқпыз. Сынасақ жұмысын сынадық. Ешкімнің ала жібін аттамадық. Ешкімнен ешнәрсе сұрамадық. Сатылмадық. Сені құртамыз, дегенінен қорықпадық. Дауласқысы келгендерге кез-келген келіспеушілікті сот арқылы шешуге болатынын ескерттік. Болды, бәрі де болды. Бірақ біз бірде-бір рет сотта жеңілген жоқпыз. Керісінше, әдепкіде «құртып жіберемін» деп жұдырығын түйген кейбір басшылар журналисті көрсе орнынан тұрып, сәлемдесетін болды. Айтқан өтініштеріне құлақ асып, орындайтын болды. Бірақ, өзім осы кезге дейін бірде-бір лауазымды басшыға өзіме қатысты өтініш айтқан емеспін.
Слам Нұрмағамбетовтің айтып отырғаны осы. Рас. «Жас Алашта» ара-кідік өткір сын жақала жариялап қоятынмын. Оларды «бомба мақала» дейтінбіз. Бұл 1990 жылдардың бел ортасынан аса бастаған кез еді. Ол кезде шынымен қиындау болды. Қазір сын мақалаға әкімдердің де еттері үйренді-ау деймін. Сынағыштар көбейді.
Бірақ, сын шын болуы керек. Әділдіктен аттамау-журналистің ең басты ұстанымы. Адамгершілікті ұмытпаған жөн. Өткір сын мақала жазған кезде артық сөзді пайдаланба. Журналистің бірінші жауы – көпсөзділік.
– Өзіңіз жазған мақалалардың ішінде ең қымбат және жүрекке жақыны қайсы?
– Жүрегіме жақындары көп қой. Мені журналист еткен журналистік зерттеулерім мен сараптамаларым. Осы арада бір құпиямды ашайын. Жақында еңбек демалысымның бір айын Алматы мен Астанадағы ұлттық кітапханаларда өткіздім. Өзім қызмет еткен газеттердегі мақалаларымды іріктеп, суретке түсіріп алдым. Барлық мақалаларымды таптым деп айта алмаймын. Табылғандарының өзі 7 том болды. Солардың 4 томы жарық көрді. Қалған 3 томын шығаруды жылдың екінші жартысына қалдырып отырмын.
– Аға, өзіңіз үлкен өмір мектебінен өткен, бай тәжірибесі бар мамансыз. Айтыңызшы, қазіргі журналистика мен Сіз еңбек еткен жылдардағы журналистиканың айырмашылығы неде?
– Қазіргі журналистика, біз еңбек еткен жылдардағы журналистика деп екі бөліп отырсыз ғой. Біз еңбек еткен кездердегі журналистиканың өзі екіге бөлінеді. Кеңес Одағының құрамында болған жылдардағы қазақ журналистикасы. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы қазақ журналистикасы. Біз осы екі кезеңде де еңбек еттік. Кеңес Одағы жылдарында өзім аудандық және облыстық партиялық газеттерде жұмыс істедім. Партиялық идеологияның ықпалында болдық. Мұны жасырудың қажеті жоқ. Сын мақалалар ол кезде де жазылды. Коммунистік партияның аудандық, облыстық ұйымдары ол кезде де партиялық газеттердегі сын мақаларды қарап, талқылап, шара қолданатын. Қазір ол кездегі газет жанрларының біразы жоқ.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдардан бастап, сонау 2000 жылдарға дейін «Жас Алашта» қызмет істедім. Еркін ойлау, еркін жазу, тәуелсіз сараптау бақытына ие болдық. «Дала мен Қала» газетінде осы заманғы электрондық құралдарды пайдаланып ақпарат жинауды және сараптамалық мақала жазуды үйрендік. Ал, «Айқын» газетінде мақаланы осы заманғы стил бойынша дайындаудың ұңғыл-щұңғылын меңгердік. Мақаланы негізгі оқиғадан бастау. Лидті жазудың оқырманға тиімді жолдарын табу. Мақаланың құрылымындағы жаңашылдықтар. Бүгінгі күннің журналистикасы, міне, осы. Осы айтылғандардан-ақ бұрынғы журналистика мен қазіргі журналистиканың арасындағы айырмашылықты сезген шығарсыз.
Өз басым журналистиканы бұрынғы, қазіргі деп бөлгенді ұнатыңқырамаймын. Жақсы журналист, жаман журналист деп бөлемін. Жақсы журналистика, жаман журналистика деп бөлемін. Журналистика да дамып, жетіліп отырады. Бұл да бөлек ғылым. Өзінің шифры бар. Еншісін алып, бөлек шыға алмай жатқаны болмаса.
– 59 жасыңызда кандидаттық диссертация қорғап, 60 жасыңызда доцент (қауымдастырылған профессор) атанған, таңқалдырудан танбайтын адамсыз. Әйтпесе, Сіздің құрдастарыңыз бұл жасында зейнеткерікке шығуға қамданып, немере баға бастайды ғой. Ал, Қуандық Оразбекұлы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры атанып, екінші тынысы ашылып, шәкірт тәрбиелеуге бет бұрды. Солай ма? Бұл идея қайдан туды?
– Кандидаттық диссертация жазып, қорғап алу идеясы бірден пайда болмайды. Бұл оңай шаруа емес. Айту – жеңіл, ал оны орындау – өте қиын нәрсе. Бұл идея «Жас Алаш» жекешелендірілген соң «Оңтүстік Қазақстанға» екінші рет оралған соң пайда болды. Идеяның авторы – өзім. Бірақ, оған түрткі болған Амантұр Мұсаев деген ағамыз. Әбекең бұрын аудандық партия комитетінде хатшы болған кісі. Кейін облыста шығатын газеттер мен басқа да БАҚ құралдарында мемлекеттік құпияны сақтау жөніндегі мекемені басқарды. Бұл мекемені «Обл ЛИТО» деп атайтынбыз.
Қазақстан тәуелсіздік алған соң әлгі «Обл ЛИТО» жойылды. Амантұр ағамыз «Оңтүстік Қазақстанға» шаруашылық істері жөніндегі маман болып қызметке ауысты. Қаламының желі бар, жазушылық қабілеті жоғары кісі еді. Зейнет жасынан әлдеқашан асып кеткен болатын. Амантұр ағамызды көрген сайын: «Біз де қартаямыз. Содан соң не тірлік істейміз?» деп ойлайтынмын. Бір күні «уақыт жүйрік, зымырап өтіп кетеді, кандидаттық диссертация жазып, қорғап алу керек» деген ойға тоқталдым.
Әріптестерімнің біразының тамырларын басып көрдім. Менің идеямды тек қана Амантұр Мұсаев қуана қолдады. Батасын берді. Ал, басқалары «Ғылымда итің лақты ма?», «Онсыз да профессорсың ғой, алпысқа жақындағанда не қыласың?» деген сияқты пікірлер айтты.
Ғылыми жетекші таптым. Диссертацияның тақырыбын анықтап алдым. Материалдар жинай бастадым. Шымкенттен қажетті әдебиеттер табылмады. «Жұмысты Алматыға ауыстырып, диссертацияны сол жақта жазу керек» деген байлам жасадым. Республикалық газеттердің редакцияларынан орын табу қиын болған жоқ. Барлығы «Жас Алаштан» танып қалған. «Бізге келіңіз» дегендер көп болды.
Аптасына 5 рет шыққанымен, жұмыс тәртібі жеңілдеу «Заң газетін» таңдадым. Түске дейін редакцияның жұмысын бітіріп тастаймын. Түстен кейін кітапханаға барып, кандидаттық диссертацияның шаруасымен айналысамын. Бір-екі жылдан кейін апталық «Дала мен Қала» газетіне ауыстым. Диссертациямды жазуды аяқтау үшін осылай етуім керек болды. Жазуды аяқтадым. Алматыда алғашқы талқылаудан өттім. Енді қорғауға шығамын деп жүргенмін. Диссертацияны жазуыма басшылық жасаған республикадағы мүйізі қарағайдай жетекші ғылыми мекемедегі диссертациялық кеңес жабылып қалды. «Енді кайтадан ашылмайды» деп хабарлады. Маған екі ұсыныс жасалды. «ҚарМУ-дегі немесе Түркістандағы ХҚТУ-дағы диссоветке жолдама береміз. Таңдаңыз» деді. Түркістанды таңдадым. «Айқынның» меншікті тілшілігі бос екен. Сол қызметті алдым да, Шымкентке қайтып оралдым.
Түркістандағы Ясауи университетінің ректоры диссертациямды бір қарап шықты.
– Дайын екен ғой. Бірақ, Сізге қоятын бір шартым бар, – деді.
– Айтыңыз шартыңызды. Тыңдайық.
– Біздегі болашақ журналистерге сабақ бересіз, диссертацияңызды өзімізде қорғайсыз, – деді.
Университетке оқытушы болып жұмысқа орналастым. Бұл 2008 жылдың соңғы айлары болатын. Жарты жылдан кейін кандидаттық диссертациямды сәтті қорғап шықтым. «Айқынның» тілшілігін 2013 жылы зейнетке шыққанша жалғастыра бердім. Жұмысқа сол орналасқаннан 13 жыл бойы Түркістандағы университетте тапжылмай сабақ беріппін.
– Сіз үшін мықты журналист болудың басты қағидасы қандай? Жас журналистерге қандай кеңес айтар едіңіз?
– Журналистке керегі –адамгершілік. Жазған мақалаларыңа қарап-ақ сенің қандай адам екеніңді оқырмандарың шамалап отырады. Келесі керек қасиет – ізденімпаздық. Журналист өмір бойы әлі ешкім естімеген, ешкім білмейтін жаңалықты тауып, өзі бірінші болып жариялауға ұмтылады. Мықты журналист болмасаң да саған ауадай қажет нәрсе – оперативтілікпен астасып жатқан еңбекқорлық. Мықты журналист – әділ болады. Қандай жағдай болмасын, әділдіктен аттамауың керек.
– Балаларыңыздың арасында журналистік жолыңызды қуғандары бар ма?
– «Оңтүстік Қазақстанда» 1950 жылы туған он жігіт бірге жұмыс істедік. Солардан үшеуіміз ғана 75 жасқа келгенімізді тойлайын деп отырмыз. Слам Нұрмағанбетов мерейлі жасын атап өтіп қойды. Мен 1 мамырда деп күтіп отырмын. Бекзаттар Дінәсіловке де тықыр таянып қалды. Ал, жеті батырымыздың ана дүниеге сапарлап кеткендеріне біраз уақыт болып қалды. Журналистің еңбегі ауыр. Соңғы кезде жалақылары да мардымсыз… Осылай деп жүр. Сондықтан журналист болғысы келген бір балама кеңес беріп, ғылым жолына қарай бұрып жібердім. Қазір фармацевтика ғылымдарының докторы. Немерелерімнің арасында бір иығын жазуға қарай бұрып тұратындары бар. Кім болатындарын уақыт көрсетеді.
– Өмірлік ұстамыңыз қандай? Егер өмірді қайта бастауға мүмкіндік берілсе, не нәрсені басқаша істер едіңіз?
– Танымайтын, білмейтін, айдалада өзімен-өзі жүрген адамға тиіспеймін. Өмір ғой. Қоғамда өмір сүреміз.Түрлі себептермен өзіме бір рет жақсылық жасаған адамды ешқашан жамандамаймын, ол адамға қарай ешқашан тас лақтырмаймын. Уәде бердім ба, орындауға тырысамын. Өзім суын ішкен құдыққа түкірмеймін.
Егер өмірді қайта бастауға мүмкіндік берілсе, өз жолыммен қайтадан жүрер едім. Аллаға шүкір, жаман өмір сүрген жоқпыз. Бірақ, Алланың берген аманаты ғой, денсаулыққа көбірек назар аударар едім.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет, аға! Алда келе жатқан мерейлі 75 жасыңыз құтты болсын. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз.
Сұхбаттасқан Дилара ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.