Сібір жарасының созылмалы түрі өте сирек кездеседі, тіптен кездеспейді деуге де болады. Аурудың өте ауыр түрінде жануарлар ентігіп, тыныс алуы қиындайды, дене қызуы 41-42°С дейін жоғарылайды, бұлшық еттері дірілдеп, сіресу пайда болады. Аузы мен мұрнынан, несебі мен нәжісінен көбіктенген қанды сұйық бөлінеді. Аурудың бұл түрінде кейде топалаңның клиникалық белгілері байқалмай, жануар бірден өліп кетуі мүмкін. Ауру бір-екі күнге дейін созылып, жануарлардың денесінде домбығулар пайда бола бастайды. Жануарлар жем-шөптен қалады, күйіс қайыруы тоқтап, қатты шөлдейді. Ac қорыту жүйесі жұмысының нашарлауы іштің жүрмей қалуымен немесе іштің өтуімен ұласады. Жануарларда алғашқыда тырысып-бүрісу, құрысулар пайда болып, соңынан аяқтары салдана бастайды.
Клиникалық белгілеріне қарай жануарлар арасында топалаңның аборттық, карбункулалы, ішекті, өкпені зақымдайтын және ангинозды түрі байқалады. Топалаңның аборттық түрінде ауруға шалдыққан жануарлардың температурасы аздап көтерілгенімен жануарлар жазылып кетеді. Топалаңның бұл түрі өте сирек кездеседі.
Топалаңның карбункулалы түрі аурудың жіті және созылмалы түрінде жиі кездесіп, ауру қоздырғышының организмге алғашқы енген жерлерінде пайда болады. Әсіресе, бас, арқа, көкірек және құрсақ маңында жиірек кездеседі. Пайда болған домбығулар алғашқыда қатты, ыстық болып, ауру сезімі өте жоғары келеді. Соңынан босаңсып, салқындап, жұмсара бастайды да, оның орталығы өлі еттенеді.
Топалаңның ішекті зақымдайтын түрінде септицемиялық белгілермен қатар, жануарлардың қызуы көтеріледі. Алғашқыда олардың (әсіресе жылқыларда) ішектері түйнеп, бұрап ауырады, іші тоқтап қатып қалады да, соңы қан аралас іш өтуге ұласады.
Топалаңның өкпені зақымдайтын түрі өте сирек кездеседі. Байқала қалған жағдайда гемморогиялық пневмония және өкпенің домбығып, ісіну түрінде өтеді.
Топалаңның тамақты зақымдайтын ангинозды (баспа) түрі көбінесе шошқаларға тән келеді. Аталған түрде өтетін топалаңда жануарлардың дене температурасы аздап көтеріліп, фарингит және ларингиттің белгілері байқалады. Жануарлардың мойнында домбығулар пайда болып, олардың тыныс алуы, жұтынуы қиындап, жөтел пайда болады. Ауру шошқалардың тамағы қырылдап, кілегейлі қабықтары көгереді. Жұтқыншақ пен тамақ қатты ісінсе жануарларға ауа жетпей, өлімге ұшырайды. Осы белгілер көп жағдайда әлсіз байқалады.
Адамдардың күйдіргісі теріні, өкпені және ішекті зақымдайтын үш түрде кездеседі. Ең көп кездесетіні теріні зақымдайтын түрі (95-97%). Күйдіргінің теріні зақымдайтын түрінде көбінесе адамдардың ашық жерлері: беті, мойны, қолы және саусақтары жиі зақымданады.
Ауру қоздырғышы енген жерде карбункулдер (шиқан) пайда болады. Көп жағдайларда адамдар күйдіргіге ауру малдарды күтіп-баптағанда, сойғанда, мүшелеп жіліктеп бөлгенде, етін тілшелеп өңдегенде, сонымен бірге олардың терісін, жүнін және басқа да шикізаттарын пайдаланғанда шалдығады.
Топалаңды емдеу. Ауру көп жағдайларда өте жіті өтетіндіктен емдеу шараларын мүмкіндігінше жедел ұйымдастырудың маңыздылығы өте зор. Емдемес бұрын ауруға шалдыққан жануарлар алдын ала оқшауланады. Емдеу топалаңның теріні зақымдайтын түрінен басқа түрлерінде кешенді болғаны жөн. Топалаң қоздырғышының ашылу тарихы тереңде жатқандай, оны емдеу жолдары да өте ертеден басталады. Жаңа препараттар шыққанға дейін топалаңды емдеу үшін креолин қолданылып жүрді. Препаратты ірі малдарға ауыз қуысы арқылы 15-20 гр мөлшерінде, ал ұсақ малдарға алғашқыда 2-5 гр беріп, 1-2 сағаттан кейін осы мөлшер қайта қайталанады. Сонымен бірге, осы мақсаттар үшін новарсенол, 1% йод, 2 % йодты калий қолданылып жүрді. Бұл препараттар айтарлықтай нәтижелікке қол жеткізген жоқ. Соңынан топалаңға қарсы жаңа, емдік нәтижелілігі жоғары препараттар алынып, олар екі топқа бөлінді. Біріншісі тек топалаңды емдеуге ғана қолданылатын, телімді препараттар, ал екіншісі топалаңнан басқа да ауруларда қолданылатын телімді емес препараттар. Оның біріншісіне серотеропияны жатқызуға болады.
Н.П.Бургасовтың хабарлауынша, серотерапияны 1895 жылдары медициналық тәжірибеде қолданған А.Склаво мен Е.Марчи (1902) өте жоғары емдік нәтижелікке қол жеткізген. Ауруды топалаңға қарсы телімді қан сарысуымен емдеу, оның уытына қарсы әсер ете отырып ең маңызды әдіс ретінде саналған (Н.П. Бургасов, 1970). Серологиялық емдеу әдісінің маңыздылығын жануарларға тәжірибе жүргізген Х.Смит (1955) және басқа да ғалымдар дәлелдей отырып, теңіз тышқандарына егілген қан сарысуының топалаңның әсерінен болған ісікті қайтаратындығын анықтаған. Р.Линкольн (1964) топалаңға шалдыққан маймылдарға осы індетке телімді қан сарысуының жоғары мөлшерін бере отырып, оларды өлімнен аман алып қалған.
Соңынан топалаңға қарсы қан сарысуы глобулиндерге ауыстырыла бастады. Оны топалаңға қарсы гипериммунделген жылқының қан сарысуынан алады да, кұрамында 10% белогы болатын гамма және бета глобулиндік фракцияның негізінде жасайды. Глобулиндер емдік мақсаттармен бірге профилактикалық мақсаттар үшін де қолданыла береді. Емдік мақсаттармен жылқы, түйе, ірі қара мал үшін 40-80 мл, ал қой, ешкі, шошқалар үшін 20-40 мл мөлшерінде тері астына егіп қолданылады.
Аурудың асқынған түрінде гамма-глобулинді жануарлардың вена тамыры арқылы егеді. Гамма- глобулинді екпестен бүрын алдын ала 37-38 С температурада қыздырып алынады. Анафилаксиялық талықсудың алдын алу үшін, алғашқыда гамма -глобулиннің 0,5-1 мл болатын мөлшері, ал 20-30 минут өткен соң толық мөлшерінің қалған бөлігі егіледі.
Адамдардың түйнеме немесе күйдіргісін емдегенде әлемдік медициналық тәжірибеде соңғы кездері пенициллин, тетрациклин, доксициклин, цефалоспорин қолданылатыны айтылады. Сонымен бірге ауру қоздырғышының ампициллин, хлорам-феникол, клиндамицин, кларитромицин тәрізді антибиотиктерге сезімтал екендігі анықталды. Ауру қоздырғышының (Bac.anthracis) адам мен жануарларда бір екендігін ескерсек, бұл жаңа препараттардың жануарлардың топалаңын емдегенде де зор нәтиже көрсететіндігіне сенім артуға болады.
Бірақ, ғалымдардың соңғы жылдары жүргізген зерттеу нәтижелері ауру қоздырғышының антибиотиктердің кейбір түрлеріне төзімділігінің артқандығын байқатты. Мысалы, АҚШ қарулы күштеріне қарайтын Мэрилендтегі радиобиологиялық зерттеулер институтының мәліметтеріне қарағанда ауру қоздырғышының фторхинолондарға төзімділігі артқан. Сонымен бірге, ауру қоздырғышы төзімділігінің ципрофлоксацинге қарағанда, офлоксоцинге баяу екендігі белгілі болды.
Б.ЛЕСОВ,
«ҚазҒЗВИ» ЖШС филиалы ОҚҒЗВС директоры
Б.АЙТЖАНОВ,
В.СУЩИХ,
Б.ҚАНАТОВ,
А.КАРИМОВ,
М.ТУРКЕЕВ,
К.ШЫНЫБАЕВ,
А.ШОЛПАНҚҰЛОВА,
М. ӨТЕГЕНОВА,
Қазақ ғылыми- зерттеу ветеринария
институты ЖШС ғалымдары