Редакция таңдауы

Жаңа мектептер мен заманауи нысандар бой көтерді

Шымкентте әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына ерекше көңіл бөлініп, білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және қауіпсіздік салалары бойынша бірқатар маңызды жобалар қолға алынды. Қаланың әр ауданында жаңадан мектептер, спорт кешендері, мәдениет үйлері, медициналық және әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Мұндай жұмыстар, әрине, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына ықпал етеді.

Бүгінде қалада 17 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның жетеуі жаңа құрылыс болып табылады. Айталық, № 19, 16, 50 мектептерге қосымша оқу ғимараттары салынып жатқан болса, Телман шағынауданында жаңа мектеп тұрғызылуда. Одан бөлек, Тұран шағынауданында 500 орынды 2 Оқушылар сарайы мен С. Рахимов атындағы мектеп салу жоспарланған болатын. Сонымен қатар, Сайрам колледжінің студенттеріне заман талабына сай салынған жаңа жатақханада беріледі делінген. Осы 7 жаңа нысанның 5-і жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылады. Біреуі (Оқушылар сарайы) ағымдағы жылдың ақпан айында ашылды. Ал, енді 1 нысанның құрылысы (№16 мектеп) 2026 жылға өтпелі болып отыр. Қалған 10 нысан, яғни № 10, 26, 13, 9, 99, 75, 108, 1, 109 мектептер мен №97 балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өтеді.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында қалада 12 жаңа білім ұясын салу көзделген. Қазіргі таңда 11 білім ошағының құрылысы аяқталды, ал 1 мектеп (Таскен шағынауданында) ағымдағы жылдың III тоқсанында пайдалануға берілмек. Бұл өз кезегінде 17 300 оқушыны жаңа, заманауи білім ордасымен қамтуға мүмкіндік береді.

Қалада 1 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде. Нысан жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылады. Сонымен қатар, қазіргі таңда тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында 4 ірі спорт жобасының ЖСҚ дайындалуда. Бұйырса, шаһарымызда «Тұран» шағынауданында көпфункционалды теннис орталығы, Олимпиада резервінің №1 спорт мектебі, Паралимпиада және сурдлимпиада орталықтары және 35 000 орынды заманауи стадион болады.

Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту және халыққа жайлы демалыс аймақтарын ұсыну мақсатында «Шымсити» шағынауданында аумағы 20,4 гектар және 6,9 гектар көлеміндегі саябақ құрылысы жүргізілуде. Нысан биыл пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, «Тұран» шағынауданында этносаябақ салу үшін ЖСҚ дайындалуда.

Одан бөлек, әлеуметтік осал топтарды қолдау мақсатында 3 ірі әлеуметтік нысанның құрылысы қолға алынған. Атап айтар болсақ, №1 арнаулы қызметтер көрсету орталығына 50 орынды қосымша ғимарат салынуда. №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы күрделі жөндеуден өткізілуде. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 150 орынды оңалту орталығының да құрылысы қолға алынуда.

Алғашқы екі жобаның құрылысы биыл аяқталып, нысандар ел игілігіне тапсырылмақ. Ал, үшіншісі 2026 жылға өтпелі болып отыр. Сонымен қатар, «Мейірім» оңалту орталығының ЖСҚ әзірленуде. Ағымдағы жылы Қан орталығына қосымша ғимарат салу мен қалалық диагностикалық орталықты кеңейту де жоспарда бар. «Ақжайық» пен «Нұрсәт» шағынаудандарында 2 перинаталдық орталыққа қатысты жобалар дайындалу үстінде.

Дәл қазір 6 төтенше жағдай нысаны (өрт сөндіру деполары, жедел қызмет көрсету орталықтары) салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Одан бөлек тағы 6 төтенше жағдай нысанының ЖСҚ дайындалуда.

Бүгінде қалада 2 әкімшілік нысанның құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек 3 жаңа әкімшілік ғимаратының ЖСҚ дайындалуда. Жалпы білім беру мен денсаулық сақтау, спорт пен мәдениет, қауіпсіздік сынды маңызды салалардағы құрылыс жұмыстары – бұл жәй нысандар ғана емес, шаһарымыздың жарқын болашағына бағытталған үлкен инвестициялар екенін ұмытпайық.

Соңғы жаңалықтар