Тұран ауданы – шаһардың енді ғана бой түзеп, жылдам қарқынмен дамып жатқан жаңа аумағы. Биыл алғашқы тоқсандағы көрсеткіштердің өзі көңіл қуантады.
Ауданда биыл алғашқы тоқсанда атқарылған жұмыстарға қарап, мұнда инфрақұрылымдық дамудың қарқын алғанын айтуға болады. Ауыз су, табиғи газ, электр жарығы, кәріз жүйесі мен жол жөндеу сияқты тұрғындар үшін ең өзекті салаларда нақты ілгерілеу бар. Мәселен, бүгінде аудан халқының 98,5 пайызы ауыз сумен қамтылып отыр. Қалған екі шағынауданда жұмыстар биыл аяқталып, келесі жылы толық қамтуға қол жеткізу жоспарланған. Газдандыру да осы қарқынмен жүріп жатса, үш шағынауданда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, келер жылға қарай 100 пайызға қамтылу көзделіпті.
Электр жарығының көрсеткіші қазірдің өзінде 95,2 пайызды құрап отыр. Құрсай шағынауданы да биыл жарыққа қосылса, бұл жарықсыз отырған тұрғындар үшін үлкен жаңалық болғалы тұр. Кәріз жүйесімен қамтуда да өзгеріс бар. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 60 пайыздан асуға меже ретінде қойылып отыр.
Сонымен қатар, аудандағы жол жөндеу жұмыстары да бір жүйеге түсіп келеді. Биыл 126 көшеге асфальт төселсе, 76 шақырымнан астам жол тақтайдай тегістеледі. Егер осы жоспар толық орындалса, алдағы уақытта тұрғындар аудандағы 96 пайыз асфальтпен қамтылған жолмен жүруге мүмкіндік алады деген сөз. Жоспар нақты, атқарылып жатқан жұмыс жүйелі. Әрине, кейбір нысандарда құрылыс жұмыстары енді басталып, абоненттеу секілді екінші кезеңге өтіп жатқаны да жоқ емес. Дегенмен, аудандағы инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жүйелеу тұрғындардың өмір сапасын арттырудың сенімді жолына айналып келеді. Ең бастысы, жұмыстың барысы ашық және есеп беріліп жатыр.
Қаланың ең жаңа, қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі болған соң тұрғын үй, көше, әлеуметтік нысандар саны жылдан-жылға артып, халық саны да үздіксіз өсіп отыр. Осындай серпінді дамудың негізі инфрақұрылым мен қоғамдық кеңістіктерді сапалы қалыптастыру болары айтпаса да түсінікті. Аудан әкімі Бекайдар Әшірбековтің есебіне зер салсақ, Тұранда жүйелі тірлік пен жоспарлы жұмыс жолға қойылған.
Адамның күнделікті тіршілігінде жаяу жүріп-тұруға қолайлы жағдайдың болуы – ең басты қажеттіліктің бірі. Осы бағытта ауданда нақты істер атқарылып келеді. Мәселен, былтыр 39 көшеге 21,3 шақырым аяқ жол салынса, биылға 35 көшеде 21,1 шақырым аяқжол салу жоспары бар. Ал бұл жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырудың нақты қадамына айналып отыр.
Сондай-ақ былтыр 49 көшеге 17,4 шақырым шағал тас төселген екен. Бұл негізінен жол жабыны әлсіз немесе уақытша жол қажет болатын учаскелерге бағытталса, биыл тағы 23 көшеге 20 шақырым шағал тас төсеу жоспарланған. Демек, шағын аудандар мен жаңадан қоныстанып жатқан тұрғындарға ең алдымен жол мәселесі шешімін тауып келеді.
Шымкенттің климаты мен жауын-шашын мөлшерін ескерсек, көшелердегі су ағатын арық жүйесінің болуы аса өзекті болып отыр. Осы бағытта Тұран ауданында ирригациялық жүйелер салу жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып жатыр. Айталық, былтыр 33 көшеге 13,9 шақырым жүйе тартылса, биыл 22 көшеге 11,2 шақырым арық салу көзделіп отыр. Әсіресе, Құрсай мен Қазығұрт, Самал-1, 112-орам мен орталық аймақтар бұл қамтудан шет қалмайды.
Бұдан бөлек, ауданның көше жарығы бағытында жеткен жетістігі ерекше тоқталуға тұрарлық. Осыдан екі жыл бұрын 22 көше ғана жарықтандырылған болса, былтыр бұл көрсеткіш күрт артып, 681 көше жарық шамдармен қамтылған. Яғни бір жылдың ішінде жарықтандырылған көшелердің үлесі 35 пайыздан 95 пайызға жеткен. Ал бұл тек сан емес, қауіпсіздікті, кешкі уақытта еркін қозғалысты қамтамасыз ететін сапалы қызмет. Биыл аудан әкімдігі жарықтандырылмаған 65 көшеге жарық орнатып, көрсеткішті 100 пайыздық межеге жеткізуді көздеп отыр.
Тұрғындар үшін жасыл желек пен қоғамдық тынығу орындарының көп болуы өмір сапасын арттырады. Осы орайда биыл Тұран ауданында үш бірдей әмбебап демалыс орны салынып жатыр. Атап айтсақ, Ұ.Арғынбеков пен С.Бәйтереков көшелерінің қиылысына, Ю.Гагарин көшесіндегі №32, 34, 40, 42 үйлердің артындағы алаңға және А.Қабылбеков көшесі бойындағы аумаққа гүлзарлар салынады. Бұл орындар келешекте тұрғындар үшін таза ауада серуендейтін, балалармен уақыт өткізетін шағын экобелсенді орталықтарға айналуға тиіс.
Ал абаттандыру – қала мәдениетінің айнасы. Ауданда қазір 383 бала-лар ойын алаңшасы мен 99 спорт алаңы бар. Соның ішінде жеке секторда 28 ойын және 26 спорт алаңшасы, көпқабатты тұрғын үйлер ауласында 355 ойын және 73 спорт алаңы орналастырылған. Көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Биыл 33 жаңа жоба іске аспақ. Оның ішінде 18 жоба – таза ойын алаңшасы болса, 13-і – ойын және ашық спорт алаңшаларын біріктірген кешен. Қалған 2 жоба ортақ пайдалануға арналған кеңістіктер ретінде жо-спарланған.
Қаланың түнгі келбетін көркейту, қауіпсіздік пен жайлылықты қамта-масыз ету мақсатында аудан аумағындағы көпқабатты үйлердің қасбетін жарықтандыру жұмыстары да жүйелі қолға алынған. Бүгіннің өзінде 29 үй жарықтандырылған. Биыл тағы 19 үйге жарық шамдар орнатылып, жалпы саны 48-ге жетпек. Мұндай көрініс тек көз сүйсіндіріп қана қоймай, тұрғын-дар үшін түнгі уақытта да сенімділікті арттырып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашады.
Жалпы алғанда, биыл ауданда жоспарланған әрбір жоба тұрғындарға нақты пайдасын тигізетін, күнделікті өмір сапасына оң әсер ететін бастама болып отырғанын байқауға болады. Әсіресе, әлгінде айтылғандай, жаяу жүргіншілер жолы, шағал тас төсеу, ирригация, көше жарығы, балалар алаңшалары, гүлзарлар сынды бағыттар жай ғана инфрақұрылым емес, адамның қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін жасалып жатқан жүйелі жұмыстар.
Әкімдік тарапынан қолға алынған жобалардың барлығы орындалса, Тұран – Шымкенттің ең заманауи әрі тұрғынға жайлы аудандарының біріне айналары анық. Ең бастысы тіршілік бар жерде түйткіл де болады, алайда сол мәселелерді кешенді шешу ниеті мен нақты қадамы болса, даму тоқтамайды. Бүгінде аудандағы атқарылып жатқан жұмыстардан дәл сондай қадамдарды көруге болады. Ең маңыздысы, жергілікті биліктің ашықтығы мен тұрғындар пікіріне құлақ түруі. Осы ұстаным сақталса, инфрақұрылым игілігі қала мәдениетін қалыптастыратын негізгі факторға айналары анық.
Жадыра МҮСІЛІМ