Шымкент қаласы еліміздің үш ірі мегаполисінің бірі ретінде тек экономикалық даму көрсеткіштерімен ғана емес, соңғы уақытта рухани-мәдени өрлеуімен де ерекшеленіп келеді. Қаламызда өтіп жатқан ауқымды мәдени іс-шаралар – осының айқын дәлелі. Бүгінде Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 22 мәдениет ұйымы қала тұрғындары мен қонақтарына тұрақты түрде мәдени қызмет көрсетіп, халықтың рухани сұранысын қанағаттандыруда маңызды рөл атқарып келеді.
Биыл Шымкент қаласында Жастар театры ашылды. Шығармашылық ұжым жұмысын биыл қаңтарда бастаған. Алғашқы кезеңде театрдың арнайы ғимараты болмағанымен, бекітілген жоспарға сәйкес көшпелі қойылымдар ұйымдастырылып, О.Қожамбердиевтің «Ажырық» драмасы, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» комедиясы және А.Шаяхметтің «Ахмет» реквиемі қала аумағында сахналанды. Бұл қойылымдар 2500-ден астам көрерменнің ықыласына ие болды.
Жақында Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ғимараты жастар театр ұжымының меншігіне беріліп, өнер ордасы драматург Болат Ұзақовтың «Жан дауа» қойылымымен өз шымылдығын ашты.
Жастар театры жас мамандармен де толықтырылуда. Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Драма театры және кино артисі» және «Музыкалық театр артисі» мамандықтары бойынша білім алған бітіруші түлектері театр құрамына қосылып, алғашқы шығармашылық жұмысын бастап кетті. Жас әртістердің Орыс драма театры сахнасында қойған Уильям Шекспирдің «Король Лир» трагедиясы көрерменнің ыстық ықыласы мен қошаметіне ие болды.
Театр татар драматургі Т.Миннулиннің «Диляфруздың төрт күйеуі» комедиясы, «Әнім сен едің» поэтикалық-музыкалық композициясын ұсынды. Сонымен қатар, көрермендерін жылдың екінші жартысында М. Шахановтың «Сенім патшалығы» және «Отырардың күйреуі», Ж. Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік» пластикалық ертегісі, «Арыстан патша» және «Шығыстың шайырлары» атты музыкалық-поэтикалық қойылымдарымен қуантпақ.
2025 жылға қаланың мәдени кеңістігінде 200-ге жуық мәдени-көпшілік іс-шара өткізу жоспарланған. Бұл шаралардың қатарында ресми мерекелер, байқаулар, форумдар, театр премьералары мен тарихи-мәдени мұра бағытындағы жобалар қамтылған. Атап айтқанда, 31 жаңа театр премьерасы сахналанып, өнерсүйер қауымға ерекше тарту жасалып жатыр.
2025 жылдың алғашқы тоқсанында қалада бірқатар маңызды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. 1 наурыз – Алғыс айту күнінен басталған мәдени кезең «Наурызнама» онкүндігімен жалғасты. Көктем мерекесіне орай өткізілген «Қошқар ата сейілі» жобасы қала тұрғындарына ұлттық ойындар мен концерттік бағдарламалар арқылы тамаша көңіл-күй сыйлап, ерекше есте қалды. Ал 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шара мен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының аясында өткен мәдени іс-шаралар қаланың барлық аудандарында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Астана» алаңда бой көтерген этноауыл ұлттық дәстүрлеріміз бен мәдени мұрамызды паш етті. Ал 500 адамның қатысуымен көрсетілген «Наурызнама» музыкалық-театрландырылған қойылымы көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Науырзнама онкүндігі 21 наурыз күні «Астана» алаңында отандық және шетелдік эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концерт отшашумен қортындыланып, көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырды. Сонымен қатар Наурыз мерекесі аясында қаламызда «Күміс көмей», «Күміс домбыра» және «Күміс қалам» атты республикалық байқаулар ұйымдастырылды. Бұл жобалар жас таланттарды қолдауға бағытталып, дәстүрлі ән, ұлттық айтыс өнері мен поэзия өнерінің дамуына үлес қосып жүрген жастардың өнеріне тың серпін берді.
Биыл қаламызда 1 сәуір – Халықаралық күлкі күніне орай және сатирик, қоғам қайраткері Көпен Әмірбектің 75 жылдығына арналған «Шымкент думан» республикалық әзіл-сықақ фестивалі өтті. Бұл шараға Алматы, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген театр ұжымдары қатысып, әзіл арқылы қоғамның түйіткілді мәселелерін астарлы әзілмен жеткізді. Көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, оймақтай ой салған бұл фестиваль жоғары деңгейде өтсе, 1 мамыр – Халықтар бірлігі күні «Достық» үйінің алаңында кең көлемде аталып өтті. Этнос өкілдерінің ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесі ұйымдастырылып, мерекелік кеш жергілікті өнер ұжымдарының концертімен жалғасты.
Шымкент қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше деңгейде аталып өтті. 6 мамырда ресми шаралар бастау алып, 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай «Қызғалдақ» сарайында эстрада жұлдыздарының қатысуымен салтанатты кеш өтті. Шараға 400-ге жуық адам қатысты. Ал 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған негізгі іс-шара «Даңқ» мемориалдық кешенінде өтті. «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты мерекелік бағдарлама аясында майдан көріністерінен театрландырылған қойылым көрсетіліп, көрермендерге майдан ботқасы ұсынылды.
Шара барысында Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Абай саябағында «Өткеннің үнсіз куәгерлері» атты фотокөрме өтті. Көрмеде фотограф Мақсат Шағырбайдың жеке мұрағатынан алынған, бүгінде өмірде жоқ ардагерлердің түрлі жылдардағы фотосуреттері жұрт назарына ұсынылды. Сонымен қатар, «Бос орындықтар» көрмесінде соғыс ардагерлерінің жеке заттары қойылды. Бұл – арамызда болмаса да, ардагерлеріміздің рухы әрдайым санамызда, біздің жадымызда екенінің көрінісін білдіретін ерекше сәт ретінде есте қалды.
Биыл қаламызда қазақ әдебиетінің қарымды қаламгері, жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойына арналған «Мархабат Байғұт» апталығы өтіп, «Мархабат мақамдары» атты көсемсөз оқу байқауы және «Әдебиет әлемі әдемі» атты халықаралық конференция ұйымдастырылды. Бұл шаралар қаланың рухани әлеміне серпін беріп, жас қаламгерлерге шабыт сыйлады.
Оған қоса 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай бірқатар іс-шаралар өтті. Маусым айында қаланың басты мерекесі – «Қала күні» кең көлемде тойланды.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА