Бүгінде елімізде арнаулы орта білімі бар техникалық және кәсіптік мамандарды даярлауға ерекше назар аударылып отыр. Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметтеріне жүгінсек, жаңа 2025-2026 оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін қала әкімінің өкімімен арнайы комиссия құрылып, жұмыс органы болып қалалық білім басқармасы белгіленіпті.
ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №568 бұйрығымен бекітілген Қағида талаптарына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы өңірдің экономикасына қажетті, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қалыптастырылады.
Осы орайда, салалық басқармалар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұсынған сұраныстар мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қысқамерзімді қажеттілігіне сәйкес, 2025-2026 оқу жылына 80 мамандық бойынша 16 369 орынға кадрларға сұраныс келіп түскен болатын. Аталған қажеттілікке сәйкес және қала бюджетінің мүмкіндігін ескере отырып, комиссия биыл 12 маусым күні 70 мамандық бойынша 8 000 орын көлемінде мемлекеттік тапсырысты бекітті.
Мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін колледждер арасында сол күні конкурс жарияланып, жалпы 29 білім беру ұйымынан 11 814 орынға сұраныс келіп түскен екен.
Қала әкімдігі білім басқармасының деректеріне сүйенсек, комиссияның 23 маусымдағы отырысында 3 колледж (Шымкент мамандандырылған, «Қазақстан» жоғары медицина колледжі, Оңтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжі) уәкілетті орган белгілеп берген талаптарға сәйкес еместігі анықталып, конкурстың келесі кезеңіне өткізілмеген.Сондықтан да, ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы № 381 бұйрығымен бекітілген орналастыру қағидалары негізінде және Комиссияның бағалауына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын 26 колледждің тізбесі бекітіліпті. Осы орайда, колледждер кесіндісінде тапсырыс орналастырылатын мамандық, біліктілік, оқыту базасы мен тілі, жобалық мүмкіндігі (орын саны) анықталып отырған көрінеді. Бұл туралы хабарлама білім басқармасының ресми сайтында жарияланып, әлеуметтік желілердегі парақшалар арқылы таратылған
Жаңа оқу жылына бөлінген мемлекеттік білім беру тапсырысының 29,2 пайызы (2 343 орын) білікті жұмысшы кадрларды, 60,5 пайызы (4 841 орын) орта буын мамандарын және 3,4 пайызы (276 орын) қолданбалы бакалавриат біліктіліктері бойынша бөлініп отыр.
Мемлекеттік тапсырыс орнын иелену үшін талапкерлер техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына (колледждерге) немесе «электрондық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталына құжаттарын 25 маусымнан бастап тапсырып жатыр.