Редакция таңдауы

Бірыңғай ваучер жүйесі қоғам талқысында

Шымкентте бірыңғай ваучер жүйесіне арналған ашық талқылау өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер және қосымша білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Олар пилоттық жобада туындап жатқан нақты мәселелерді ашық айтып, өз ұсыныстарын жеткізді.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кездесуде жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның айтуынша, бұрын қосымша біліммен қамтылған балалардың саны көрсеткіш бойынша жоғары болғанымен, шын мәнінде үйірмеге барып жүрген балалар әлдеқайда аз. Мәселен, 5 500 бала тіркелгенімен, тек 4 000-дайы ғана нақты барған. Бұл – жалған тіркеудің болғанын көрсетеді. Енді жүйе автоматтандырылып, бақылау күшейді. Әр баланың қайда барып жүргені нақты көрінеді. Жаңа жүйе енгізілгенімен, ата-аналардың басым бөлігі әлі де толыққанды ақпарат ала алмай отыр. Ваучер деген не? Оны қалай алуға, пайдалануға болады? Қандай ұйымдармен жұмыс істеуге болады? Қандай бағдарламалар ақысыз жүргізіледі? Осы сұрақтардың басым бөлігі әлі нақты жауап таппаған. Идея бар, қаржы бар, бірақ ақпараттық қолдау жетіспейді. Ата-аналарға түсінікті тілде жазылған кеңестер, көмекші нұсқаулықтар, кеңес беру орталықтары, тіпті онлайн немесе офлайн оқыту семинарлары қажет-ақ.

Сәрсен Құранбек өз сөзінде пилоттық жобаның мақсаты жүйенің әлсіз тұстарын анықтау екенін айтты. Қазір электронды платформа әзірлеушілер жүйені жеңілдету, техникалық тұрақтылықты арттыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта жаңа, ыңғайлы нұсқасы ұсынылады деп күтілуде. Бұл –  жай ғана қаржыландыру жүйесін өзгерту емес, ата-ана, мемлекет пен білім беру ұйымының арасына жаңа байланыс жүйесін енгізу жұмыстары.

Жиында Қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар құрылымдық өзгерістерге де пікір білдірді. Бұған дейін қосымша білім беру ұйымдары бағытына қарай түрлі басқармаларға бөлініп келген болатын: мысалы, спорттық үйірмелер – спорт басқармасына, шығармашылық бағыттағы ұйымдар – мәдениет басқармасына қарайтын. Ал енді барлық қосымша білім беру мекемелері тек білім басқармасына біріктіріліп отыр. Қоғам өкілдері бұл өзгеріс әлі заңды түрде күшіне енбегенін айтып, оны талқылаудың маңызын атап өтті. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін мұндай қоғамдық пікірталастар жалғаса бермек.

Сондай-ақ, жиында жалған тіркеуге қатысты мәселе көтерілді. Яғни, бала үйірмеге бармаса да, тізімде болуы мүмкін. Жүйеде мұндай бұрмалаушылықтар болмас үшін қазір толық бақылау тетіктері енгізілуде.

Сөз соңында Сәрсен Құранбек жаңа жүйенің артықшылықтарын, оның әлі де жетілдірілетінін айтты. Қоғам тарапынан түскен ұсыныстар назарға алынып, қосымша білім беру саласында әділ әрі тиімді орта қалыптастыру басты мақсат екені жеткізілді.

Г.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар