2025 жылдың алты айында Шымкент қаласында отбасылық-тұрмыстық сала бойынша полицияға 3926 шақырту түскен. Бұл – орта есеппен күніне 20-дан астам отбасы ішкі жанжал немесе зорлық-зомбылыққа байланысты көмек сұрап, тәртіп сақшыларына жүгінген деген сөз. Жай ғана статистика секілді көрінгенімен, бұл – тыныштығы бұзылған шаңырақ, қорғансыз әйел мен мен баланың бейнесі. Отбасындағы кикілжіңнің арты кейде қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады. Ал, құқық қорғау органдары бұл жағдай тұтас қоғам болып күресетін мәселе екенін алға тартып отыр.
Осыған байланысты Шымкент қаласында отбасылық-тұрмыстық қатынастарда жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыс жүйеленіп, салада нақты әрі кешенді шаралар қолға алынған. Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ердәуіт Ниязов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен баяндап берді.
Оның айтуынша, биылғы жартыжылдықта 2998 қорғау нұсқамасы берілген. Сонымен қатар, 406 құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар қойылған. Бұл – жәбірленушіге физикалық, психологиялық қысым көрсетуге жол бермеу үшін заңмен белгіленген шектеулер. Алкоголь өнімдерін заңсыз сату деректері бойынша 200-ден астам адам жауапкершілікке тартылса, қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген немесе ішімдік ішкені үшін 2266 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылған. Осы бір ғана статистиканың өзі – отбасындағы зорлықтың тамыры тереңде жатқанын көрсетеді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы тағы бір маңызды бағыт – кәмелетке толмағандарды қорғау. Қалалық полицияның рейдтік шаралары кезінде ойын-сауық мекемелерінде заңды өкілінсіз жүрген 262 жасөспірім анықталды. Бұған қоса, түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жүрген
5 мыңнан астам бала тіркеуге алынып, 155 кәсіпкерлік нысан мен ойын-сауық орнына айыппұл салынған. Бұл – қоғам назарынан тыс қалып жүрген балалардың нақты сандық көрінісі ғана емес, тәрбиелік бақылаудың әлсіреген тұстарын айқындайтын күрделі фактор.
Жыл басынан бастап отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске арнайы құрылым да тартылған. Қаңтар айында полиция департаменті жанынан осы бағытқа жауапты бөлім мен оның аудандық бөлімшелері ашылып, нақты профилактикалық жұмыстар қолға алынған. Учаскелік инспекторлармен бірлескен аралау барысында көпқабатты үйлердегі тұрғындармен, жеке сектордағы көше белсенділерімен сауалнама және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. 100-ден астам мекенжайға барып, тұрмыстық қатынастардағы тұрақсыздық белгілері дер кезінде анықталған. Бөлім қызметкерлері қаладағы төрт дағдарыс орталығымен тығыз байланыс орнатып жүйелі жұмыс атқарып келеді. Орталықтарға жүгінген әйелдердің саны жарты жылдың ішінде 712 адамға жеткен. Бұл – ашық шағыммен көмек сұрағандар ғана. Жағдайдың күрделілігі мен ауқымдылығын ескере отырып, полиция департаменті жанынан ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Бұл топтың құрамына қала прокуратурасы, білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, спорт басқармалары мен үкіметтік емес ұйым өкілдері кіріп, тоқсан сайын өзекті мәселелерді талқылап, нақты шешімдер қабылдап келеді.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ